Күзгі жиын-терін көңіл көншіте ме?
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков күзгі жиын-терін жайында баспасөз мәслихатын өткізді. Басқарма басшысының айтуынша, осы жылы ауылшаруашылық тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау үшін жалпы 27 миллиард теңге бөлініпті. Оның ішінде тек егіншаруашылығына 8,2 миллиард теңге қарастырылған.
– Қаңтар-шілде айының қорытындысы бойынша ауылшаруашылық өнімдерінің шығарылымы 161 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 102,3 пайызға орындалды. Оның ішінде өсімдікшаруашылығы 42 миллиард теңге – 101,7 пайыз, малшаруашылығы бағытында 118,8 миллиард теңге – 102,6 пайыз. Осы жылы 762,5 мың гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,3 мың гектарға артық. Оның ішінде 386,2 мың гектарға дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 65,6 мың гектарға майлы дақылдар, 43,1 мың гектар көкөніс егілді. Бұған қоса 16,7 мың гектар бақша дақылдары, 11,4 мың гектар картоп, 10,9 мың гектар қант қызылшасы және 207,6 мың гектар мал азығы дақылдары бар. Егін жинау жұмыстарына 10 063 дана ауылшаруашылық техникалары жұмылдырылды. Бұл жұмыстарға бөлінген 15,7 мың тонна дизель отыны 250 теңгеден таратылуда, – дейді Н.Жігітеков.
Сондай-ақ биыл егіс алқаптарына 54 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланыпты. Бүгінгі күнге шаруалар тарапынан 31,3 мың тонна тыңайтқыштар алынып, 91 мың гектарға ендірілген. Мал азығына тоқталатын болсақ, өткен жылы 347,1 гектарға 2 279,7 мың тонна жиналса, биыл 351,2 гектарға 2 374,1 мың тонна өнім көлемін құрап, 4,1 пайызға артып отыр екен.
Осы жылы көршілес Қырғыз Республикасынан берілетін су көлемі өз деңгейінде берілмеуі салдарынан, сондай-ақ «Қазгидромет» кәсіпорнының мәліметіне сәйкес осы жылдың шілдесі мен тамызы аралығында 20 күн бойы облыста қауіпті қуаңшылық жағдайы қалыптасқан. Аудандық деңгейде құрылған комиссия мүшелерінің зерделенген қорытынды шешіміне сәйкес облыстың алты ауданында, нақтырақ айтсақ, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас аудандарында ағын су тапшылығынан 347 ауылшаруашылық тауар өндірушілері зардап шегіпті. 7,8 мың гектар алқаптан алынатын өнім күйіп кеткен. Атап айтсақ, Байзақ ауданының 9 ауылдық округінде 77 ауылшаруашылық тауар өндірушілердің 1 732,07 гектар жері жарамсыз болып қалған. Жамбыл ауданының 4 ауылдық округінде 5 шаруашылықтың 134 гектары, Меркідегі 6 ауылдық округтің 15 шаруашылығының 385,1 гектарының егіні күйген.
– Жалпы алғанда, облыс бойынша 7,5 пайыз суармалы егіс алқаптары жарамсыз деп танылуда. Қуаңшылықтың салдарынан ауылшаруашылық дақылдарынан алынып жатқан өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 40-50 пайызға төмендеді. Яғни дәнді, бұршақты дақылдар 358,5 мың тоннаға, көкөніс дақылдары 328 мың тоннаға, бақша дақылдары 414,6 мың тоннаға, майлы дақылдар 5,4 мың тоннаға, картоп дақылы 73,7 мың тоннаға азайды. Бұдан бөлек тамыз айында Талас, Шу өзендерінде су тапшылығы жалғасатын болса, суармалы егіс алқаптарының жарамсыз болу қаупі 2-3 есеге дейін артады. Бұл жағдайда фермерлердің шығындары ұлғаюы мүмкін, – деді бір сөзінде.
Осы жылғы 21 тамызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің «Өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» өкімі шыққан еді. Соның негізінде республикалық бюджеттен төтенше жағдайларды жоюға арналған резервтен қаржы бөлінетін болыпты.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
elmira231284@mail.ru
Келесі мақала