Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жасыл ел-Тараздың» жұмысы ауқымды

«Жасыл ел-Тараздың»  жұмысы ауқымды
ашық дереккөз
«Жасыл ел-Тараздың» жұмысы ауқымды
«Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ­– Тараз қаласындағы көптеген тұрғынды тұрақты және қоғамдық жұмыспен қамтып отырған үлкен мекеме. Серіктестікте еңбек ету арқылы нәпақа тауып отырған жұмысшылардың жартысына жуығы Тараз қалалық мансаптық орталығы арқылы орналасқан. Мекеме Тараз қаласының коммуналдық тұрғын үй-тұрмыстық шаруашылығы, оның ішінде қаланы көгалдандыру және абаттандыру, жолдарды санитарлық күтіп ұстау, тазалау, стихиялық қоқыс үйінділерін, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен айналысады. Мекемеге жүктелген міндет Осы жылы қала көшелерін санитарлық тазалау және күтіп ұстау үшін 1 565,0 миллион теңгеге «Жасыл ел-Тараз» тиісті мекемемен келісімшарт жасасқан. Санитарлық тазалық жұмыстарына 194 шақырымнан асатын қаланың 80 көшесін, 78 аялдамасын, арықтарды, саябақтарды, саяжайларды, 350 көпір мен 46 шлюзді және жолдарды сыпыру, тазалау жұмыстары кіреді. Жылдың жеті айында серіктестік 700 миллион теңгені игеріпті. Биыл қаладағы санитарлық тазалық жұмыстарын сапалы әрі уақытылы атқару үшін «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-на елеулі қолдау көрсетіліпті. Серіктестік директоры Азамат Әбішевтің айтуынша, тазалық жұмыстарына серіктестікте істейтін жұмысшылардан бөлек, қоғамдық жұмысшылар есебінен 383 адам тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 159 адамға артық. Сонымен қоса жергілікті бюджет есебінен 470,1 миллион теңгеге 7 арнайы техника және 13,1 миллион теңгеге 2 арнайы шөп оратын трактор сатып алыныпты. – Алынған көліктердің қатарында «КамАЗ» – 65115» базасындағы 5 құм шашатын, суаратын және щеткалы жабдықтары бар аралас жол техникасы, 1 қоқыс тиеуге арналған техника және тағы 1 мамандандырылған кран-манипуляторы бар. 1 шілдеге дейін мекемені сауықтыру бойынша 348,5 миллион теңге кредиторлық қарызы төленді. Жалпы биыл 1033,4 миллион теңге кредиторлық берешекті жабу көзделуде. Оның 811,4 миллион теңгесі сауықтыру сомасы, 82 миллион теңгесі айыппұл, 142 миллион теңгесі қылмыстық іс бойынша салық. Осы жылғы 1 қаңтарда сауықтыру бойынша кредиторлық берешек 1421,9 миллион теңгені құраған болатын. Шілдедегі жағдай бойынша берешек 1073,4 миллион теңгеге дейін азайды. Алдағы жылы 380 миллион теңге, 2025 жылы 230,5 миллион теңге кредиторлық берешекті өтеу жоспарлануда. Сондай-ақ қосымша 6 арнайы техника сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда. Көктем, күз мезгілдерінде қаланың санитарлық тазалық жұмыстарына барлық мекемелер мен кәсіпорындар, бизнес субъектілері тартылады. Осы жылы барлығы 9 сенбілік өткізіліп, оған 25 мыңнан астам тұрғын атсалысты. Сенбіліктер барысында 7861 тал-дарақ көшеті отырғызылып, 12 шақырым арық жүйесі тазаланды. Шамамен 2 700 тонна күл-қоқыс қала аумағынан тыс жерге шығарылса, 388 мың шаршы метр аумақты қамтитын саябақтар мен скверлерде тазалық жұмыстары жүргізілді. Қоқысты бір жерге заңсыз үйіп тастаған жеке кәсіпкерлерді, тұрғындарды анықтап, оларға қатысты 3 618 әкімшілік хаттама толтырылды. Салынған айыппұл сомасы 1,7 миллион теңге болса, оның ішінде 1,2 миллион теңгесі өндірілді. Қаладағы ирригациялық арық жүйелерінің күрделі жөндеу жұмыстарына бірінші кезең бойынша 940,0 миллион теңге бөлініп отыр. Бекітілген сметалық құжаттамаға сәйкес 40 шақырымдай арық жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Биыл қаланың ықшамаудандарындағы арықтарға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, қаланың өзге аудандарының арықтарын жөндеу жұмыстары алдағы жылдары іске асырылады. Бүгінде жөндеу жұмыстары 35 пайызға орындалды, жұмысты аяқтау кезеңі қазан айының соңына дейін жалғасады, – дейді Азамат Тұрсынәліұлы. Қала аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметімен «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-нан бөлек, 7 мекеме айналысатыны белгілі.Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару көпқабатты тұрғын үйлер аумағында күнделікті жүзеге асырылса, жеке секторларда бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Қала бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметімен қамтудың үлесіне келсек, тұрғындар – 60 пайыз, коммерциялық мекемелер – 30, бюджеттік ұйымдар – 10 пайыз. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарына 56 техника жұмылдырылады екен. Жалпы 8 мекеме 155 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Күл-қоқыс алаңшаларынан күнделікті шығарылатын тұрмыстық қатты қалдықтардың орташа көлемі – 760-800 текше метр. Қалада 328 тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған алаңша бар. Олар 1 540 жәшікпен қамтылған. Осы жылы жергілікті бюджет есебінен 520 қоқыс жәшігі сатып алынса, қосымша 800 қоқыс жәшігіне тиісті бюджеттік өтінім беріліп, жыл соңына дейін орнату жоспарланыпты. Бұдан бөлек қала аумағындағы полиэтилен қалдықтарын шығару қызметімен «Kaz Ecology» ЖШС және «Бахыт» жеке кәсіпкерлігі айналысады. Бүгінгі таңда қала аумағында бұл кәсіпкерлер тарапынан 620-ға жуық сеткалық жәшік орнатылған. Қалалық әкімдік тарапынан тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешу үшін өңірде инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Бүгінге дейін осы саладағы «Hasanat group» компаниясы, «Байтақ болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Инсипром», «Ecoplatform», «ТазаБиоИнвест» серіктестіктері және «Еуропа қайта құру және даму» банкіне ұсыныстар беріліпті. Тараз қаласындағы қоқыс шығару тарифінің төмендігі және тұрмыстық қалдықтардың салыстырмалы түрде көлемінің аз болуы салдарынан инвесторлар қызығушылық танытпаған. Тариф мәселесі қалалық мәслихаттың шешімімен 1 адамға бір айдағы қызмет құны 94,5 теңге (қосымша құн салығымен) болып бекітілген екен. Алайда аталған шешім қалалық мәслихаттың 2021 жылғы 26 наурыздағы №3-8 шешімімен күшін жойған. Осыған байланысты 2021 жылы тарифті есептеу мақсатында жергілікті бюджет есебінен 6,2 миллион теңге бөлініп, мердігер «ORDA PROJECT GROUP» ЖШС-мен есептеу жұмыстары жүргізіліпті. Қала бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару тарифі жайлы сектор тұрғындары үшін жан басына 361,03 теңге, жайлы емес секторда бір адамға 387,18 теңге болып анықталыпты. Сол үшін тарифті қайта бекіту жөніндегі шешім жобаларына тиісті сараптама алу үшін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментіне және қалалық қоғамдық кеңеске тиісті өтінімдер жолданыпты. Тарифті көтеру арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдаушы мекемелердің қызмет сапасын арттыру, полигонның инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын іске асыру жоспарланып отырса керек. Қаланың тұрмыстық қатты қалдықта­рын төге­тін полигон Жамбыл ауданының Көлқайнар ауыл­дық округінде орналасқан. Полигон 4 165 мың тоннаға есептелген. Қазіргі уақыт­та онда 2 450 мың тонна қатты тұрмыстық қал­­дық­тар жиналып, полигон қоқысқа 59 пайыз толған. Полигон қаладан 15 шақырым қашықтықта жатыр. Оның жалпы ауданы 30 гектарды құрайды. Пайдалануға 1985 жылы берілген. Ол «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-ның теңгерімінде. Аумағы темірбетон қоршаумен қоршалған. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тығыздауға жұмылдырылған «Раскат» және «Бульдозер-130» техникасы күнделікті қоқыс басында тынымсыз жұмыс істеуде. Облыстық экология департаментінен 2019 жылдан 2028 жылға дейін қоршаған ортадағы эмиссияларға рұқсат алынған екен. Аталған рұқсатқа сәйкес «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-ның полигонға қалдықтарды орналастыру шегі анықталып, оған жеткізілген қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қатты қалдықтарды кәдеге жарату көлемін азайту шаралары да бекітіліпті. Алайда сөз басында айтқандай, қолданыстағы тарифтердің төмендігі салдарынан аталған жоспар орындалмауда. Полигонға баратын жолдың тозуына байланысты «Қазфосфат» ЖШС-ның Сүлейменов көшесінің аяғындағы өндірістік аймақта орналасқан фосфогипс қалдықтарын пайдалану арқылы жол жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіпті. Ал техникаларды жұмылдыруға қажетті 90,1 миллион теңге жергілікті бюджет есебінен бөлінбек. Бұдан басқа тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарушы мекемелерге тиесілі тағы 2 полигон бар. Оның бірі – Жамбыл ауданына қарасты «Шөлдала» тұрғын алқабының арғы жағында орналасқан 3 гектар жер теліміндегі қоқыс орны «Махмудов» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі. Жеке кәсіпкер қаладан өзі шығарған қоқысты сол жерде сұрыптайтын көрінеді. Екіншісі Байзақ ауданының Қосақ ауылы маңында­ғы 13 гектар жер телімінде орналасқан «Әди и К» ЖШС-на тиесілі полигон. Бұл полигонға қаладағы қоқыс шығару қызметімен айналысатын «Сәрсенбай» ЖШС, «Тазалық», «Махмудов» жеке кәсіпкерлігі қоқыс тасымалдайды. Атқарылған іс көп Серіктестік жылда мемлекеттік тапсырыстарды орындау арқылы, оның ішінде «Тараз қаласының аумағын абаттандыру», «Тараз қаласы көшелерін санитарлық тазалау және күтіп ұстау», қатты тұрмыстық қалдықты шығару, жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму қызметтері арқылы қаржыландырылады. Жалпы атқарылған жұмыстар және көрсетілген қызметтердің кірісі 2020 жылдың қорытындысымен 2177,5 миллион теңгені, 2021 жылы 2908,8 миллион теңгені, ал былтыр 2683,0 миллион теңгені құраған. Оның ішінде абаттандыру және көріктендіру жұмыстары бойынша 2020 жылы 1015,7 миллион теңге, бұрнағы жылы 1238,5 миллион теңге, былтыр 1760,7 миллион теңге мемлекеттік тапсырыс алған. Санитарлық жол тазалығы жұмыстарына да әр жылдары тиісті қаржы бөлініп, игерілген. Осы жылға әлі қаржы бөлінбеген. 2023 жылға әзірленген құжаттамаға сәйкес қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қатарына ағаштарды, жасыл желектерді отырғызу, күту, бұтау, суғару, газон егу, қырқу, көпжылдық гүлдер егу, түптерін қопсыту жатады. Биыл «Ұлы дала» ықшамауданында шағын футбол алаңын орнату, 70 гектар жерге абаттандыру жұмыстарын жүргізу енгізіліпті. – Қазіргі уақытта 3 259 ағаш отырғы­зылды, 2 631 шаршы метр шым төселді. Серіктестіктің жылыжайына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1 миллион гүл ұрықтары себілсе, күн сайын 109 бірыңғай шағым қабылдау орталығына тұрғындардан келіп түскен өтініштер бойынша орындықтар, люктер, электр шамдары орнатылып, көпірлерге, саяжайларға ағымдағы жөндеу және күнделікті тазалау жұмыстары жүргізілуде. – Осы жылға әзірленген санитарлық жол тазалығы жұмыстары қатарына жол тазалығы, стихиялық қоқыстарды жинау, тасымалдау, су қоймаларын тазалау, 52 қоқыс контейнерін жөндеу, қоқыс орындарын жөндеу жатқызылды. Қысқы қалың қарды, тайғақ жолдарды тазалау жұмыстары да қаралған. Биылғы қыс мезгілінде жауған қарды тазалау барысында серіктестік жұмысшылары тәулік бойы жұмыс атқарды. Аталған жұмыстарға серіктестіктің 48 техникасы жұмылдырылып, қосымша 23 техника жалға алынды. Сонымен қатар қаланың 11 округтік учаскесінде қоқыстарды шығару үшін серіктестік арқылы техникалар жалға алынып отыр. Жұмысшылар қолмен атқарған тірлікке кеңінен тоқталсақ, Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театр скверіндегі раушан гүлдердің арасына өскен арам шөп оталды. Қ.Рысқұлбеков саябағы, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы, «Жастар» аллеясы, Қарахан сквері абаттандырылып, көгалдар суғарылды. Төле би, Жамбыл даңғылдары, Сүлейменов, Тәуке хан, Қазыбек би көшелері, «Арбат -1» аллеясы, «Бәйтерек» ықшамауданындағы тал-дарақ суғарылды. Тәуке хан көшесі, Төле би даңғылының бойы, аспалы көпір үсті, Мәмбет батыр көшесі, Желтоқсан көшесі, Қонаев-Комратов көшелерінің қиылысы, Қонаев көшесінің бойы, Пушкин-Байтасов көшелерінің қиылысы, К.Әзірбаев көшесінің жол жиектері қоқыстан арылды. Жолдың жиектері сыпырылып, тазартылды. Облыстық әкімдік ғимаратының алдындағы субұрқақ іші тазартылды. Облыстық және Тараз қалалық әкімдік ғимараттарының айналасы және басқа да мекемелердің алдын, жаяу жүргінші жолын сыпыру, қоқыстарын тазалау, бордюр шеттерін сыпыру жұмыстары жүргізіліп, «Денсаулық» аллеясы мен Ж.Қуанышбаев сквері маңындағы қоқыстар тазартылды. Автобекет айналасы, көпірдің үсті және екі жақ жол жиегіндегі топырақ сыпырылып, «Біз біргеміз» монументінің өскен шөптері мен қоқыстары тазартылды. Қаланың «105» аталып кеткен аумағындағы үлкен жолдың екі жақ бетінің қоқысы тазаланды. Тәуке хан көшесі, Абай даңғылы, Төле би даңғылы бойындағы гүлдер суғарылды, – дейді «Жасыл ел-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Айдын Бейсеков. Сонымен қатар «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешенінің бордюрлерінің шеттерін сыпыру, қоқыстарын тазалау жұмысы жүргізілген екен. «Үшбұлақ» жағалауының көгалдары тырмаланған. «Атшабар», «Көне Тараз» кешені, Қ.Рысқұлбеков саябағындағы шахмат алаңы жуылған. ҚР Тұңғыш Президенті, Қ.Рысқұлбеков саябағындағы қоқыстар шығарылған. «Арбат-1», «Арбат-2», «Арбат-3» аллеялары, «Қазақ хандығы», «Жеңіс» саябағындағы қоқыстарды тазалау және қоқыстарды шығару жұмыстары атқарылған. Жамбыл даңғылы, Жансүгіров, Жангельдин, Тұрысов, Шостакович, Көшеней, Б.Майлин көшелері қоқыстардан арылып, техникаға тиелген. – Қаланың тазалығы біздің мекеме міндетіне жататындықтан жұмысшыларда тыным жоқ. Мәселен, Төле би даңғылы, Әйтиев, Қазыбек би, Шостакович көшелерінің қоқыстары алынып және бордюр шеттерін сыпыру жұмысы атқарылды. Смоленский көшесі, «Үшбұлақ» каналы қоқыстардан тазартылып, Бесағаш ауылындағы су жүйелерінің шлюздері реттелді. Облыстық әкімдік ғимараты айналасындағы және Автомобильный көшесі №19 үй, Ұлбике ақын көшесі №66, Сейфуллин көшесіндегі талдардың бұтағын қырқып, орталық алаңдағы қураған ағаштарды кестік. «Тектұрмас» кешеніндегі және Каскадтағы баспалдақтарды, Қ.Рысқұлбеков саябағындағы субұрқақ айналасындағы тақтатастарды, «Үшбұлақ» жағалауындағы темір қоршауларды жөндеп, қалпына келтірдік. Орталық алаң, «Атшабар», қаланың шығыс шағындағы кіреберіс қақпаның оң жағы, «Көне Тараз», облыстық әкімдік, Қ.Рысқұлбеков саябағы, «Арбат-3», Төле би ескерткішінің айналасының көгалдары және ағаштар суғарылуда. Тәуке хан көшесі, «Қазақ хандығы» монументі, Төле би даңғылының бойы, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі, Сарайшық, Баласағұн, Қарасу аялдамасы, «Жансая» ықшамауданына барар жолдағы көпір, облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті, Ниетқалиев көшесі, Тектұрмас, Төле би даңғылының соңындағы көгалдарды суғару жұмыстары жүргізілді. «Алатау» ықшамауданы, №27 үй алды, Қазыбек би көшесіндегі №133,179 үйлердің жол жағасы және Б.Момышұлы атындағы аллеяның көгалы суғарылды. «Тараз су», «Жамбыл ауданы», «Байзақ ауданы», «Меркі ауданы», «Мойынқұм ауданы», «Ана мен бала», «Темір жол», «Қонаев», «Ж.Қуанышбаев» скверлері, «Еңбек», «Журналистер», «Даңқ», «Денсаулық» аллеялары, Сейфуллин, Байзақ батыр, Қазыбек би көшелерінің бойындағы, Сейфуллин аялдамасындағы, Абай-Көшеней көшелерінің қиылысындағы көгалдар уақытылы ылғалдандырылды. «Қаратау», «Салтанат», «Қарасу», «Талас», «Самал» ықшамаудандары және Қонаев көшесі, Абай даңғылы, Төле би даңғылы қоқыстары техникаға тиеліп, тазалау жұмыстары жүргізілді. Осы шаруаларға барлығы 303 жұмысшы қатысса, оның ішінде бригада бойынша 233 жұмысшы атсалысты. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару учаскесі бойынша 70 адам еңбек етсе, аталған шаруаларға 41 техника жұмылдырылды, – дейді Айдын Жарқынбекұлы. «Тазалық сақшыларында» тыным жоқ Бүгінде cеріктестікте 800-ден аса адам жұмыс істеп жатса, оның ішінде 428-і мекеме штатындағы жұмысшылар екен. 372 адам Тараз қалалық мансаптық орталығының «Enbek.kz» порталына ресми тіркеліп, мекемеде қоғамдық жұмыс бойынша еңбек ететін жандар. Осы жылға бекітілген штаттық кестеге сәйкес орташа айлық көлемі 145 635 теңгені құрағанымен, жұмысшылар нақты 165-185 мың теңге көлемінде жалақы алып жүр. Қазіргі уақытта серіктестіктің жұмысшыларға еңбекақы бойынша қарызы жоқ көрінеді. Жалпы биыл жұмыскерлердің жалақысы өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артыпты. Жол тазалығын сақтау учаскесінің басшысы Сәуле Бүгібаева «Жасыл ел-Тараздың» жұмысшылары бөлек-бөлек бригада болып, бір бөлігі тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаумен айналысатынын, тағы бірі көгалдандыру, көгеріштендіру, тазалық секілді жұмыстарды атқаратынын айтады. – Қарамағымда Тараз қалалық мансаптық орталығы арқылы 300-ден астам адам жұмыс істеп жүр. Оның ішінде 200-ден астамы аумақтық округтерге бөлініп берілсе, 100-і қала тазалығына жауапты. Негізі мансаптық орталық арқылы келгендер тек тазалықпен ғана айналысады. Ал басқа жұмыстармен айналысу мекеменің тұрақты жұмысшыларына жүктелген. Бұдан бөлек тазалықпен айналысатын мекеменің штатында жұмыс істейтін 50 адам тағы бар. Жұмысшылар үйінен тегін қатынап, бір мезгіл тегін түскі ас ішеді. Жұмыс уақыты таңғы 09:00-де басталып, 18:00-де аяқталады. Мансаптық орталық арқылы келгендер бес күн, ал штаттағы жұмысшылар алты күн еңбек етеді. Мансаптық орталық арқылы жұмысқа тұрғандар мемлекет тарапынан қолына 80 мың теңге еңбекақы алса, оның ішінде көзге түскеніне, артық жұмыс істегендерге біздің мекеме тарапынан да айлықақы жазылады, – деді Сәуле Тұрсынәліқызы. Мансаптық орталық арқылы еңбек етіп жүрген жұмысшының бірі – Асқарбек Стамқұлов. Оның «Жасыл ел-Тараз» серіктестігінде жұмыс істеп жүргеніне 5 жыл болыпты. – 2018 жылға дейін құрылыста және басқа да салада тиіп-қашып жұмыс істегенмін. Осыдан 5 жыл бұрын жұмыссыз ретінде сол кездегі Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. Олар мені осы мекемеге қоғамдық жұмысқа орналастырды. Содан бері жылда келісімшарт жасасу арқылы осы мекемеде қоғамдық жұмысшы болып еңбек етіп келемін. «Жасыл ел-Тараз» ЖШС тегін тасымалдап, тегін түскі ас береді. Дегенмен мемлекет қоғамдық жұмысшылардың еңбекақысын көтерсе деген тілегім бар. Қолыма 85-89 мың теңге шамасында еңбекақы аламын. Осы қаржымен бір ай күн көру қазіргі заманда оңай емес. Менің басымда баспана бар, ал пәтер жалдайтындарды тіпті аяйсың. Мен бес баланың әкесі болсам, үйсіз-күйсіз, одан да көп бала-шағасы бар әйелдер мұнда жетеді. Ең болмаса оларға мемлекет тұрғын үйді жалға алу тетігімен баспана берсе жөн болар еді. Тағы бір айта кетер жайт, кейбір тұрғындардың көшеде жүріп-тұру мәдениеті өте төмен. Қоқысты кез келген жерге тастап кете береді. Кейбір адамдар «бұл сенің міндетің» деп ішкен суының пластик құтысын көше сыпырып келе жатқан бізге қарай лақтырып жатады. Адамның еңбегін бағалау, еңбек адамын сыйлау деген ұғым қоғамда көзден бұлбұлдай ұшып барады, – деді ол. Аталған мекемеде ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан Сайлаукүл Сағындықовамен де тілдестік. Оның жасы 66-да. 1993 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. – Бұрын Жаңа Жамбыл фосфор зауытының малын бақтық. 1987-1988 жылы зауыт малды Т.Рысқұлов ауданының «Жамбыл» ұжымшарына өткізді. Сол кезде біз де малмен бірге ұжымшар қарамағына өттік. Бір жылы шалым ауырып, облыстық ауруханада ес-түссіз жатты. Алды алтыншы сынып оқитын алты баламен айдалада бір отар қойға еге болып қалдым. Шалым жылға жуық төсектен тұрмайтын болғандықтан ұжымшар басшылығына малды қабылдап алу жөнінде сәлем айтып жібердім. Сөйтсем, ұжымшар директоры отарды қабылдай алмайтынын айтып, қыстауға көшуге көлік жіберіпті. Әкемді шақыртып, малды қыстауға сол айдап барды, мен жүкпен кеттім. Барсам, қыстаудағы баспананың есік-терезесі алқам-салқам, әйнек жоқ. Терезеге целлофан қағу, есіктің жақтауын сылау секілді жұмыстарды жаным үшін өзім істеуге тура келді. Әкем малды айдап әкеліп тастағаннан кейін балаларды біріне-бірін қаратып, атқа мініп қой бақтым. Сол 1993 жылы қытымыр қыс келіп, ұжымшар біраз шығынға ұшырады. Отарын қырып алған шопандар да болды. Мен он айдан кейін 7 бас шығынмен 800 бас уақ малды ұжымға өткіздім. Сөйтіп қалаға келдік. 2 жыл тұрғын үй ауласын сыпырушы болсам, одан кейінгі жылдарым «Жасыл ел -Таразда» еңбек етумен өтіп жатыр. Қолға тиетін айлығым 180 мың теңге, зейнетақым – 110 мың теңге. Бір балам өмірден озып, соның ипотекаға алған үйіне зейнетақымды жұмсасам, айлықақым ішіп-жем, басқа да қажеттілікке жұмсалуда. Қайта зауыттың малын бағып жүргенде Тараздан 4 бөлмелі үй берген, әлі күнге сол баспана құт болып тұр. Мен тұрмыс құрғалы бейнет көріп келемін, одан жаман болған жоқпын. Зейнетке шықсам да бала-шағаның жоқ-жітігін түгендеу үшін қолымнан сыпырғы мен күрегімді тастамай келемін. Таза еңбекпен тапқан нан тамағыңнан өткенде ғана адамның көңілі жай табады, сол үшін адал еңбек етуден қашпау керек, – деді Сайлаукүл Байбосынқызы. Біз «Жасыл ел-Тараз» ЖШС басшыларымен, та­за­лық және басқа да жұмыстарды ұйым­дас­ты­ру­шылармен сөйлескенде олардың қарапайым жұмысшылардың жанашыры, мүддесін мейлінше қорғауға дайын екенін ұғындық. Осыдан кейін шығар, кей­бір адамның мансаптық орталық арқылы жылда аталған серіктестікте еңбек етуді жаны қалайтыны. Мұн­­дай ниеттегі адамды амалын тауып, «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-ның штатына алса артық болмас еді. Өйт­кені көшеде сыпырғы ұстап жүруге кез келген адамның ішкі мені келісім бермейтіні анық. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар