МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДЕ ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚ АЗАЙДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруге» тиіс. Мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан барынша бас тартқан жөн», деп, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсетуді толықтай цифрландыру бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын. Жолдау жүктеген міндеттер шеңберінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қандай жұмыстар атқаруда? Тапсырма қаншалықты тиянақты орындалуда? Көкейдегі көп сұрақтың жауабын білмек мақсатта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалына арнайы барып, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 2023 жылдың жеті айында атқарылған жұмыстармен танысып қайтқан едік.
Жалпы мемлекеттік корпорация – «бір терезе» қағидаты бойынша жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсету, жеке және заңды тұлғалардың міндетті мемлекеттік тіркеуіне жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, ғимараттарды, құрылыстарды және олардың құрамдастарын техникалық зерттеп-қарау, мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласында қызметін жүзеге асыратын бірыңғай провайдер.
Облыстық филиал директорының орынбасары Данияр Медетбековтің айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша 35 бэк-офис және 17 фронт-офис және 1 062 қызметкер халыққа қызмет көрсетуде. Биыл мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліпті. Тізілімнің жаңа редакциясында мемлекеттік қызметтің 1 318 түрі қамтылған (бұрын – 1315). Тізілімге сәйкес, 2023 жылдың 7 айында қабылданған құжат саны – 572 886, ал электронды негізде қабылданған құжат саны 1 741-ді құраған.
– Өткен жылдың 7 айында фронт-офистер арқылы 486 069 қызмет көрсетілсе, 1 880-і электронды негізде көрсетілген. Яғни жалпы қабылданған құжат саны 16 пайызға көбейген. Электронды қызмет саны 7 пайызға кеміген. Яғни өз-өзіне қызмет көрсету бойынша халық арасында жүргізілген насихат, түсіндіру жұмыстары оң нәтижесін беруде.
Бас тартылған құжат саны 2023 жылдың 7 айында 2 019-ды құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 2 214 болатын. Демек, сапасыз орындалған құжат саны да биыл 9 пайызға төмендеген.
Жыл басынан бергі 7 айда «Help desk» жүйесі арқылы барлығы 93 шағым түсті. Түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында 28 өтініш кері қайтарылып, 65 өтініш расталмады.
Сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының (I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүгедек балалар, ҰОС ардагерлері, 70 жастан жоғары егде жастағы адамдар) үйіне барып қызмет көрсету мақсатында тапсырыстар қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Есепті кезеңде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 1 115 шығу жүзеге асырылып, 1 321 қызмет көрсетілді, – деген Данияр Түзелбекұлы қолға алынған бірқатар жемісті жобалар жайлы кеңінен айтып берді.
Атап өтер болсақ, шалғай орналасқан елді мекендерде мемлекеттік қызмет көрсету үшін «Жылжымалы ХҚКО» жобасы іске асырыла бастаған. Тамыз айының ортасынан бастап Жамбыл және Қордай аудандық бөлімдері де аталған жоба шеңберінде халыққа қызмет көрсетуде.
Жыл басынан бері жоба аясында аудандық ауыл-аймақтарға жалпы 124 шығу жүзеге асырылып,
5 238 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айтқан Данияр Түзелбекұлы келесі кезекте жаңадан ашылған бөлімдердің, сервистердің тиімділігіне тоқталды.
– Шу аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі шағын шаһардан 7 шақырым қашықтықтағы Төле би ауылында орналасқан. Яғни Шу қаласының тұрғындары немесе қонақтары қандай да бір мемлекеттік қызметті алу үшін Төле би ауылына баруға тура келетін. Сол себепті биылғы жылдың 19 маусымында Шу қаласында халыққа қызмет көрсету секторы ашылды. Секторда «Құжаттандыру бағыты», «Көлік құралдарын тіркеу» және «Жүргізуші куәліктерін беру» бойынша қызметтерді қоспағанда барлық мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Нәтижесінде Шу аудандық халыққа қызмет көрсету бөліміне түсетін жоғары жүктеме азайды.
Қордай ауданы Қырғыз Республикасымен шекаралас аймақта және Алматы қаласына жақын орналасқандықтан аудандық бөлім маусым айында «Халықтың цифрлық кеңсесі» форматындағы жаңа ғимаратқа көшірілді. Ғимараттың жалпы алаңы
1 800 шаршы метрді құрайды.
Сол секілді маусым айында Тараз қаласы, Маяковский көшесі, 42 А мекенжайынан №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімі ашылды. Аталған бөлімде «Көлік құралдарын тіркеу, тіркеуден шығару» бойынша мемлекеттік қызметтер қабылданады.
Жаңа сервистер туралы айтар болсақ, мемлекеттік корпорация жеке және заңды тұлғалар үшін «ЦОН» қосымшасында ЭЦҚ алу мүмкіндігін енгізді. Қазіргі таңда «ЦОН» қосымшасы арқылы 38 қызмет алуға болады. Тізім әлі де толықтырылуда. Қосымшадағы қолжетімді қызметтер тізімін
кеңейту – ХҚО-ға келушілер санын азайтуға мүмкіндік беретіні анық.
Сонымен қатар енді қызмет алушылар филиал фронт-офистерінің реттеу залдары және құжаттандыру секторларында «Kaspi», «Homebank» мобильдік қосымшалары арқылы QR төлемдерін жүзеге асыра алады.
Қызмет алушылардың қанағаттану деңгейін анықтап, қызмет көрсету сапасын қадағалау мақсатында фронт-офистерде қызмет алғаннан соң қызмет көрсету деңгейін «Experience» сервисі бойынша бағалау мүмкіндігі енгізілді. Яғни қызмет алушылар QR сауалнама арқылы немесе SMS арқылы әр бағыт бойынша өз бағаларын қойып, комментарийлер жаза алады.
Сондай-ақ филиал фронт-офистерінің анықтама секторында орналаcқан «Homebank» мобильдік қосымшалары арқылы QR сканерлеп талон алу да тиімділігін көрсетті, – дейді Д.Медетбеков.
Ал «Mykhat» және «Яндекс» сервистері арқылы дайын құжаттарды қызмет алушылардың мекенжайына жеткізуге болады. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттың дайындығы туралы SMS келген соң дайын құжатты жеткізу үшін сілтеме бойынша «Mykhat», «Яндекс» жеткізуге өтеді. Әрі қарай деректерді толтырып, төлемді төлейді. «Яндекс» бойынша жеткізу кезінде халыққа қызмет көрсету бөлімінің 6 цифрлық кодын SMS-кодпен базаға енгізіп, тізілімге қол қойып, құжаттарды алып кетеді. Көрсетілетін қызметті алушыға курьердің уақыты мен бағыты туралы хабарлама келеді (2 сағат ішінде жеткізіледі). Құжаттарды алған кезде көрсетілетін қызметті алушыға жеке басын растау үшін SMS-хабарлама келіп түседі.
«Mykhat» курьері дайын құжаттарды алу үшін халыққа қызмет көрсету бөліміне келіп, құжаттарды алу үшін тізілімге қол қояды. Жеткізу бір күн ішінде немесе келесі күні жүзеге асырылады.
Мұнан бөлек «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында SMS-хабарлама арқылы мемлекеттік қызметтің нәтижесі туралы хабарлайтын сервис іске қосылған. Енді көрсетілетін қызметті алушы қызметтің нәтижесін білу үшін орталықтарға екінші рет бармайды.
Тізімге енген мемлекеттік қызметтердің арасында бала тууы және оның күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, баланы мектепке дейінгі мекемелерге кезекке қою, асыраушысынан айырылған жағдайдағы жәрдемақы тағайындау, еңбек мигранттары рұқсатын рәсімдеу немесе ұзарту және спорттық атақтар беру сынды мемлекеттік қызметтер де бар.
Бұрын клиент аталған қызметтер бойынша ХҚО-ға барып, қызметті ресімдеу үшін өтінім беріп, дайын құжатты алар кезде қолхат алатын. Содан кейін клиент қажетті құжатты алу үшін қайтадан келуге мәжбүр болатын.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесі туралы хабарлайтын сервис арқылы ХҚО-ға екінші рет барудың қажеті болмайды. Көрсетілетін қызметті алушыға сілтемесі бар SMS-хабарлама келеді. Хабарлама арқылы дайын құжатты жүктеуге және қажет болған жағдайда оны басып шығаруға болады. Данияр Түзелбекұлы аталған жүйе азаматтардың уақытын едәуір үнемдейтінін айтады.
Яғни Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жақсарту, «адамдар емес, мәліметтер «зыр» жүгіруі үшін» жүйелі және кешенді жұмыс жолға қойылған. Көптеген игі бастамалар жүзеге асырылуда. Тиісінше облыс тұрғындарының да мемлекеттік қызмет көрсетудің сапалық деңгейіне көңілі толады десек, асыра айтқанымыз емес.