Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚЫРАН ҚАЗАСЫ ҚИЯДА

ҚЫРАН ҚАЗАСЫ ҚИЯДА
ашық дереккөз
ҚЫРАН ҚАЗАСЫ ҚИЯДА
Қапшағайдан Карабахқа дейінгі ұзақ жол... Иә, Ербол жас кезінен қағылез, айтқаныңды қағып алып, бұлжытпай орындайтын зеректігімен, сыныптастарынан үнемі оқ бойы озық жүретін қасиетімен ерекшеленетін. Оның қазақ тілі мен тарихқа деген бейімділігін Қорағаты орта мектебі қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ, сынып жетекшісі болған Мейрамкүл әпкейі жоғары бағалаған. Амал нешік Ербол Қарағанды университетіне құжаттарын тапсырып, конкурстан өте алмаған соң ауылға келіп көп жүрмеді, сол 1992 жылдың күзінде-ақ әскерге шақырылып, солдат шинелін киіп, Қапшағайдағы десантшылардың батальонында әскери борышын өтей бастаған. Ербол өзінің Қожай руынан екенін, әкесі Төреханның да (біз оны Тоқтыбас дейтінбіз) өзінің де Жаңатұрмыс ауылында туғанын өсе келе білді. Қожайдың үлкен атасы Шағай екенін осы Қапшағайға келген соң шежіреші ағасының (осы жолдардың авторы) жазған кітабынан оқып, таңғалған. Өйткені КСРО-ның 1932 жылғы географиялық картасында: «Көп Шағай көлі» деп жазылған. Демек осынау үлкен тоғанды Шағай ұрпақтары жабылып байлаған ғой. Ал орыс патшасының генералы Калпаковский Жетісу өлкесіне билігін жүргізе бастаған кезде көлдің қазақша атауын орысшаға бұрмалап: «Капчагай» деп ататқан. Ол ол ма, генерал өзінің Вера, Люба, Надежда есімді қыздарының есімімен Алматыны – Верный деп, Талғарды – Любовинск, ал, Қаскелеңді – Надеждинск деп ататып жіберген. Ербол осы Қапшағайда әскери машыққа үйреніп жүрген кезінде өзі сияқты тепсе темір үзетін жігіттерді Ауған мен Карабах соғысына алып жатқанын естиді. Жоғарғы жақтан бұйрық болмаса ол жаққа бару мүмкін емес екенін түсінген ол Түрікмения арқылы Ауғанстанға жөнелтіліп жатқан әскери құрамалардың біреуіне ілесіп кете барады. Бірақ ешқандай тізімге тіркелмейді. Ташкентке жеткен соң олардан бөлініп, Карабахқа Каспий арқылы баратын паромға келеді. Осы кезде ойда жоқта Карабахқа жүргелі тұрған екі татар, бір қазақ жігітіне жолығады. Өзін Серікбай Ерсіметов деп таныстырған қазақ жігіті мұның ойын білген соң әскери форма киген әзірбайжан жігітіне келіп: «Мына жігіт Ауғанстанға баратындардан қалып қойыпты, армяндарға қарсы соғысқым келеді» дейді ойын бүкпей айтып. Ол кезде Карабахтағы соғысқа иісі мұсылман азаматтарын алмай, орыстарды ғана алып жатқан екен. Бірақ Ерболдың бұған дейінгі әскери дайындығына қызыққан әзірбайжан командирі оны паромға алады. Сонымен бұлар Қашқандария арқылы арғы бетке өтеді. Әзірбайжан портында бұларды №772-ші бригаданың диверсиялық табының басшысы капитан Мурбат Алиев қарсы алады. Сөйтіп олар Ерболды екі айлық оқу-жаттығу даярлығына жібереді. Бұл кезде Қапшағайдағы десантшылар командирі Ерболдың Луговойдағы әке-шешесіне де балаларын таппай жатқанын айтып хабарлап қойған екен. Ерболдың әкесі мен анасы сергелдеңге салынып, ұлдарын іздеп, табандарынан таусылады. Мұндайда адам баласына әртүрлі ой келеді ғой: «Өлтіріп кетті ме екен, әйтеуір аман-сау болса екен» деген күдік пен күмән бір әулетті күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады. Амалдары таусылған ата-ана жазушы Шерхан Мұртазаға да барып, бастарындағы уайымдарын айтады. Бірақ елшілікпен хабарласқан басшылар ол елмен әзірге байланысу мүмкін емес екенін алға тартады. Бұл кезде Ерболдың бүкіл есіл-дерті бөтен, бөгде жұртта жүргенін қалай да елге жеткізу болатын. Сөйтіп оның да сәті түседі. Ол 1993 жылғы 7 мамыр күні телефон арқылы інісі Нұрболмен хабарласып: «Мамама айт, мені уайымдамасын. Мен қазір Әзірбайжанның Ханлар ауданындағы госпитальда аяғымнан жараланып жатырмын. Бір-екі күнде жазылып, шығып қалатын шығармын. Өзің мектепті бітірген боларсың, құттықтаймын» дейді. Бұл кезде ол №776-шы барлаушылар батальонына ауысқан екен. Бұл Ерболдың елмен бірінші рет және соңғы жолы хабарға шығуы болатын. Содан бері де сынаптай сырғып 29 жыл өтті... БІР УЫС ТОПыРАҚ. ҚАҺАРМАНДАР АЛЛЕЯСЫНДА Жақында Республика Қорғаныс министрлігі мен Әзірбайжандағы біздің елдің елшілігінен қуанышты хабар келді. Онда: «Құрметті Нұрбол Төреханұлы сіздің бауырыңыз Ербол Төреханұлы Бәрімбеков 1994 жылғы 13 ақпанда Әзірбайжан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына қабылданып, №776-шы барлаушылар батальонында бөлім командирі болып қызмет атқарған. Ол талай қарулы қақтығыстарға қатысып, ерлікпен қаза тапты. Оның мәйіті Бакудегі шаһидтер аллеясына қойылған. Ербол Төреханұлы қазақ пен әзірбайжан елінің шаһид, яғни Халық қаһарманы атағына лайықты азамат. Осынау батыр ұл тәрбиелеген ата-анасына басымызды иіп, шексіз алғысымызды білдіреміз. Біз ел Президенті әрі Қарулы Күштеріміздің Бас Қолбасшысы Ильхам Әлиевке Ербол балаларыңызбен бірге соғысқан сол кездегі штаб бастығы Яшар Насибовтың, әскери прокурор болған Юсуф Ағаевтың, полковник Салех Әлиевтің атынан қазақ батырына «Халық қаһарманы» атағын беріп, Қазақ ауданындағы бір көшеге немесе бір мектепке оның есімін беруді сұрап хат жаздық. Мемлекет басшысынан жауап келіп қалар деп күтіп отырмыз» депті. «Осы хатты алған соң Қазақстандағы Әзірбайжан этно-мәдени қоғамының мүшесі Насиха Гумарқызының басшылық етуімен осы жылдың 24 сәуірі күні Бакуге сапар шектік» дейді Нұрбол. Иә, жергілікті орта мектепте ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен Сәткүл жеңгей де, Ерболдың әкесі Төрехан да сары уайыммен жүріп дүниеден өткелі қашан. Олардың орнында қалған Ерболдың екі бауыры – Нұрбол мен Ержан ғана. Нұрбол үйленген, Қорағаты орта мектебінде мұғалім, ал Ержан әлі шаңырақ көтерген жоқ. Сонымен осы сапарға Ерболдың бөлесі Ермек те бірге шықты. Оларды Бакуде Әзірбайжан Республикасындағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Сержан Оралбайұлы Әбдікерімов қарсы алды. Қап тауының етегіндегі қашқандариялықтар (ілгеріде Каспий теңізі осылай аталған) дәлірек айтқанда Карабахтағы қақтығыстарға қатысқан майор Ескандер Ағаев, полковник Мурват Әлиев, капитан Ревшан Бабаев, капитан Ельхан Шіхалиев, Мехман Әлиев, Теймур Исмаилов, Эльчин Маммедов, Ферзали Пасарак, Рашид Әлиев төрт көзі түгел шаһидттер жерленген аллеяға келді. Туған ағасы мәңгілік орын тепкен құлпытас жанында тұрғанда Нұрбол бауырының бақилық болып кеткеніне әлі де сенбей тұрған. Жаңағы шенді-шенсіз әскери киім кигендерді көргенде көңілі босап, солқылдап жылай бастады. Ол өзі бірінші рет көріп тұрған ұлты әзірбайжан ағайындардың туған бауыры Ерболмен осыдан 29 жыл бұрын бірге қанды қырғынға қатысқанын еріксіз көз алдына елестетті. Елестетті де көз жасына ерік беріп, өксіп-өксіп жылап жіберді. Ағасының көзін көрген қаруластар кезек-кезегімен келіп Нұрболмен көрісіп жатты. Одан соң имам әруақтарға бағыштап құран оқыды. Нұрбол шүберекке түйіп ауылдан алып шыққан бір уыс топырақты ағасының қабіріне апарып төкті. Келмеске кеткен бауырының рухына ата-анасының атынан бата жасады. Сол кезде жат жерде шейіт болған Ерболдың рухы да оянған шығар-ау. Осыдан он жыл бұрын о дүниелік болған анасы Сәткүлдің де қаһармандар зиратына келіп сыңсып, үнсіз жылап тұрғанын біз көрмесек те періштелер көрген шығар. «Ұлымды тапсаңдар, туған жердің бір уыс топырағын апаруды ұмытпаңдар» деген әке өсиетін жадында сақтап қалған Нұрбол алақанында табы қалған топырақты иіскеп тұрып, Ерболдың зиратынан бір уыс топырақ алып, шүберекке түйіп қойнына салды. Осының бәрін көріп тұрған Ерболдың командирі Салех Әлиев оның жанына келіп: «Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын» айтып сонау бір сұрапыл жылдарды еріксіз есіне алды... «...Әзірбайжанның Ұлттық Батыры, полковник Эльдар Ағаев марқұм Ерболды барлаушылар отрядына өзі командир етіп тағайындады. Өйткені ол кісі Ерболдың Галбажар, Газах (Қазақ болуы да мүмкін), Муровдан бағытындағы қиян-кескі ұрыстарда көрсеткен ерлігінен хабардар болса керек. Оны «Нағыз түркі оғланы» дей-тұғын. Ербол осындай сегіз операцияға қатысып, өзінің өжеттігін көрсетіп, жауынан қаймықпай оларды үлкен шығынға ұшыратты. Әсіресе Тартар ауданындағы бетпе-бет шайқастарда ерекше тапқырлығымен, ержүректігімен көзге түсті» десе, соңғы бір арпалыстардың бірінде бөлімдегі тоғыз сарбаздың ішінде жалғыз өзі ғана аман қалған Мехман Маммедов былай дейді: «Сәуір айының жиырмасынан 21-не қараған түні болатын. Біз жедел жау тылына өту туралы тапсырма алдық. Мақсатымыз армяндардың Тартар ауданындағы әскери күштерінің орналасуы мен жоспарын білу еді. Олар біздің шебімізге жақын жердегі блокпостарды басып алған. Оларды қайтару үшін минамет батареяларын жойып жіберуіміз керек болатын. Біздің басшымыз Ербол жас та болса осындайда қиыннан жол тауып кететін. Бір кезде жау жағының елуден аса атқышы оқ боратып, бізге қарай беттегені сол еді командиріміз тұтқиылдан шабуыл жасауға бұйрық берді. Оның осы өжет қимылының арқасында біз алаңсыз шабуылдап келе жатқан жау жасағын жамсатып салдық. Сөйтіп жаудың бірінші батальонының алдын бөгеп тастадық. Жау жағы мәйіттерді жинап, әуре-сарсаңға түсіп жатқанда біз олардың ту сыртынан абайсызда өтіп кеттік. Тағы да арпалыс. Бірақ армян барлаушылары алдымызды орап кетті. Мен ғой төрт жерден жараланып, ес-түсімді ауруханада әрең жидым. Сөйтсем, тоғыз жауынгердің менен басқасы қолдарынан қаруын тастамай, тұтқынға түспей операцияны жан алысып, жан берісіп жүріп ерліктің керемет үлгісін көрсетіп, жан тапсырыпты. Мен шейіт болған қандыкөйлек командирім Ербол Бәрімбековтің, Вугар Сафаровтың, Наиль Маммадовтың, Фуад Насировтың, Сейфаддин Юнусовтың. Рустам Гасымовтың, Заур Нагиевтің, Хайраддин Әлиевтің осы шайқастағы ерліктерін қалайша ұмытайын. Олар расында нағыз батырлар болатын. Мен олардың рухына бас иемін, оларды мәңгі ұмытпаймын». Қарулас Теймур Исмайылов: «Мен онымен ең ауыр шайқастарға қатыстым. Ербол жасы бізден кіші болса да соғыс тактикасын жетік білетін. Ұлтжанды әрі білімді азамат еді. Әсіресе тарихты жақсы көретін. Мен одан: «Сен біздің елге не үшін соғысуға келдің?» деп сұраймын ғой. Ол: «Әр халықтың өзінің тағдыр-талайы бар. Сіз білесіз бе, осы түріктің Осман империясын құруға біздің қазақтар да қатысқан. Сиқым атамыздан тарайтын қарақойлы мен аққойлы рулары әзірбайжан, күрт, түрікмен елдерінде де бар. Мәселен, бүкіл Еуропаны билеген Атилла – сиқым болған. Ал Қазақстанды бір кезде басқарған Мирзоян деген басшы 1937-38 жылдары қазақтың оқыған азаматтарына «халық жауы» деген жала жапқан. Мен солардың кеткен кегін аламын» дейтін. Батальон командирі Ельхан Шіхалиев те, Ельхан Хасанов та Ерболды талай шайқастарда ұрыс тағдырын шешкен қаһарман деп санайды. Түгел сөздің түйіні: Иә, Қапшағай мен Карабахтың арасы әудем жер. Тағдырдың жазуымен жат жерге барып, әзірбайжан халқы «Отан соғысы» деп атап кеткен соғысқа қатысып, қаһармандық көрсеткен Ерболдың осынау іс-әрекетін әркім әртүрлі деңгейде бағалауы мүмкін. Мәселен, Ауғанстан жеріне биліктің бұйрығымен барған кеңестік контингент те жоқ жерден өздеріне «жау» тауып алып, меджехеттерге оқ атты ғой. Ербол бауырымыздың таңдауы ықтиярсыз болғанымен қатар жатқан екі елдің кикілжіңіне ол кезде ол да саяси баға бере алатын дәржеде емес болатын. Көк Тәңірінің өзі бір кезде бір Одақтың құрамында болып, қатар жатқан екі елдің жер дауына көңілі толмай Спитакқа зілзала жіберуінің өзін неге жоруға болады. Оған несіне таңданасыз, қазіргі таңда ит пен мысықша ырылдасып соғысып жатқан екі славян елінің текетіресіне қандай уәж айтасыз? Сонымен, әзірбайжан халқы өз елін жауынан қорғаған қазақ азаматы Ербол Төреханұлы Бәрімбековке «Халық қаһарманы» деген атақ беруге талпынып, сол республикадағы Қазақ ауданындағы бір көшеге, не бір мектепке оның атын беру туралы ел президентіне хат жазып жатқанда біз қарап қаламыз ба? Ең болмаса Ерболдың өзі оқыған Қорағаты орта мектебіне оның атын бергізіп, Ерболдың кіндік қаны тамған Жаңатұрмыс ауылындағы обелискіге оның есімін алтын әріппен жаздырсақ қайтеді, ағайын? Бақұл бол бауырым! Сенің жарқын бейнең ата жұртыңда мәңгілікке сақталады деп сенемін. Қыран қазасы – қияда десек, сен біз үшін қырансың.

Сейсен ҚОЖЕКЕ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар