ТӘУЕЛСІЗДІК СИМВОЛЫ
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өзге этностар арасында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты облыстық байқау өтті.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді азаматтарды ынталандыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырлған байқауға 18-35 жас аралығындағы жастар қатысты.
Байқау ережесіне сай үміткерлер «Жұлдызды сәт» кезеңінде мәнерлеп өлең оқып, ән айтып өз өнерлерін ортаға салса, «Сөздің көркі» кезеңінде экранда берілген Отан, елге қызмет тақырыптарындағы мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, мағынасын түсіндірді.
Ал «Ой ұшқыны» кезеңінде ұяшық арқылы таңдаған түрлі салаға қатысты тақырыптар бойынша ойларын айтып, «Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап» деп аталатын соңғы кезеңде үміткерлер қойылған сұрақтарға нақты әрі шапшаң жауап берді.
Нәтижесінде жүлделі I орынды түрік ұлтының өкілі, Жамбыл ауданынан келген Камила Убатова, II орынды шулық ұйғыр ұлтының өкілі Мамедова Ризвангуль, III орынды қордайлық иран ұлтының өкілі Сарова Махбуба иеленді. Жуалылық Мамедова Назифа «Тілі тірегі» номинациясымен және байқауға қатысқан барлық үміткерлер алғыс хаттармен марапатталды.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ
Келесі мақала