Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аниматор Аслан

Аниматор Аслан
ашық дереккөз
Аниматор Аслан
Қиялдан туындаған мультфильмдер арқылы балаларды қызықтырып, көздің жауын алатын таңғажайып туындыларды жасайтын адам – суретші-мультипликатор. Болашақ мультфильм кейіпкерлері солар салған суреттермен жанданады. Әрине, бұл оңайлықпен жасала салатын жұмыс емес. Себебі мультипликатор маман кейіпкерлердің қимыл-қозғалыстарын қиыннан қиыстырып, көптеген суреттерден құрастырады. Он минуттық мультфильм үшін жобамен 115 мың сурет керек екен. Сондықтан да оны өте күрделі жұмыс деп бағалауға негіз бар. Сондай-ақ ол бір адамның ғана қолынан келе қоятын іс емес. Қазіргі уақыт талабына сай заманауи құрылғылар арқылы сан түрлі мультфильмдер түсірілуде. Отандық анимация саласының жанашыры, жас та болса осы бағытта еңбектеніп жүрген дарынның бірі – Аслан Жапсархан. Меркілік жігіт аудандық «Үміт» оқушылар сарайының шәкірті. Меркі ауылындағы Иван Трубицын атындағы №17 мектептің 8-сынып оқушысы. Небәрі 13 жастағы жас аниматор үйірмедегі достарымен бірге суретке сәуле түсіру арқылы мультфильм жасауды үйреніп алған. – Сапалы, қызықты түсірілген мультфильмді тамашалаған барлық балаға ұнайды деп ойлаймын. Уақыт өте келе анимациялық фильмдерді тек тамашалап қана қоймай, мультфильм қалай дүниеге келеді деп ойлана бастадым. «Бір мультфильмді жарыққа шығару үшін неше маман еңбек етеді, қанша уақыт кетеді, бұл істің қандай артықшылықтары мен қиыншылықтары бар?» деген ой көкейімнен кетпей қойды. Осылайша «Үміт» оқушылар сарайындағы мультфильм жасауды үйрететін үйірмеге жазылдым, – дейді жас аниматор. Жас аниматорларды дайындайтын үйірмеге ол 11 жасынан бастап қатысып жүр. Балаларды шығармашылыққа баулитын орталық оқушылар сарайында орналасқан. Бұл – облыстағы анимациялық мультфильм жасауға үйрететін жалғыз үйірме. «Анимация-мультипликация» үйірмесі осы орталықтағы «Робототехника» үйірмесінің құрамына кіреді. Орталықтың ашылғанына бір жыл болған. Үйірмедегі балалар бір жылда «Бауырсақ» және «Наурыз хикаясы» ертегілерінен үш тілде мультфильм жасады. Бір мультфильмнің ұзақтығы 4 минутқа созылғанымен оның артында оқушылардың 4-5 ай бойы еткен еңбегі жатыр. Мәселен, «Наурыз хикаясы» ертегісін дайындау үшін мұндағы 12 оқушы барын салған. Анимациялық мультфильм жасауда алдымен сценарий жазылады. Сосын суреті салынады. Актерлік шеберлігі бар балалар дауысын дыбыстап, таспаға түсіреді. – Мультфильм жасау оңай емес. Біреу сурет салады, біреу дауысын келтіреді, тағы бірі монтаждайды. Мультфильм кино түсіруден де қиын. Алдымен ертегі кейіпкерлерінің суретін салып, сол суреттерді сәуле астында жылжыту арқылы мультфильм жасап шығарамыз. Туындыға жалғыз өзім тер төгемін деп айта алмаймын, өйткені бұл командалық жұмыс. Біздің үйірмеде әр баланың өзіндік міндеттері бар. Мәселен, мультфильмнің IT монтаждауына менімен қатар Әли Дүйсебек, Аслан Мұсабек есімді жігіттер жауапты. Ал Асылай Дүйсебек, Альмира Сәрсен, Арсен Маутбай дыбыстау ісіне атсалысады. Әлия Жұмабек, Медина Ержанқызы болашақ анимациялық фильмнің суретін салады. Біз 3D принтермен кейіпкерлер жасап, 3D мультфильмін жасағымыз келеді. Биыл туындылар санын 7-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді А.Жапсархан. Асланның жетекшісі Асан Алтынбековтің айтуынша, үйірмеге қатысатын әр баланың болашақта кино саласының мықты маманы болуы ғажап емес. – Оқушылардың анимациялық туындысы ерекшеліктерге толы. Ең бастысы кейіпкерлер ана тілінде сөйлейді, дәстүрімізді дәріптейді. Негізінде біздің ауылдағы балалар Еуропаның балаларынан еш кем емес. Өйткені балалар тез қабылдап, жақсы мультфильмдер жасап жатыр. Ашылғанымызға бір жыл ғана болған үйірменің жетістігі көңіл қуантады. Балалар болашақта кинорежиссер болуы мүмкін, – деді қосымша білім беру мұғалімі Асан Алтынбеков. Кейіпкеріміздің алдына қойған мақсаты айқын. Әуелгіде «робототехника» үйірмесіне қатысқан Аслан өскенде IT-саласының маманы болғысы келеді. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ол өзі білім алатын «Үміт» оқушылар сарайындағы дәстүрлі ән үйірмесіне де қатысады. Бос уақытында домбырамен ән айтқанды ұнатады. Жас аниматордың ойынша, достары секілді жігерлі жастар барда еліміздің анимация саласының болашағы жарқын. Жаңашыл аниматорлар жанашырлықпен сапалы туындылар құрастырып, еліміздегі ғана емес, әлемдік көрерменге қызыға тамашалайтын дүние ұсына алса, Қазақстанда бұл сала «Wolt Disney» секілді алып компаниямен бәсекеге де түсе алады. Әрине, бұл жас жігіттің өзіндік пікірі. Дегенмен жақында отандық «Бесік жыры» анимациялық фильмі халықаралық фестивальдарда үздік атанғанын ескерсек, Аслан айтқандай, анимация саласы үмітсіз емес екенін түсінеміз. Кейіпкеріміз алдағы уақытта да достарымен бірге көпшілік көретін қызықты фильмдерді көптеп шығаруға ниетті. Талабы таудай таланттылардың тасада қалмасы анық. Ақтоты ЖАҢАБАЙ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

ТӘУЕЛСІЗДІК СИМВОЛЫ
Алдыңғы мақала
ТӘУЕЛСІЗДІК СИМВОЛЫ

Ұқсас жаңалықтар