Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сараның сара ғұмыры

Сараның сара ғұмыры
ашық дереккөз
Сараның сара ғұмыры
Өңірге танымал ұстаз, дүнген ұлтының өкілі Сара Даузова зейнет жасында да белсенді жұмысын жалғастырып, бүгінде мемлекеттік тілді оқыту бағытында жобаларды жүзеге асыруда аянбай тер төгіп келеді. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі, «Дүнгендердің республикалық этномәдени орталығы» заңды тұлғалар бірлестігі аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузованы облыстағы әрбір ұстаз біледі. Өйткені кейіпкеріміздің есімі өзге өңірлерге де танылып, үлгі ретінде айтылып, үлкен құрметке бөленіп жүр. Білім саласының ардагері қазір де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Ұлт жанашырының отбасы құндылықтарын дәріптеп, мемлекеттік тілді кеңінен насихаттаудағы еңбегі орасан. Сара Даузова Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Отбасында жеті ағайынды – бес қыз, екі ұл. Кейіпкеріміз бала кезден ұстаздық қызметке қызығып, сабақ беріп ойнайтын болған. Аға-әпкелерін үйіндегі парталарға отырғызып, алдымен буынға бөліп оқу мен жазуды үйретті. Содан кейін олар бірге тақпақ үйренді, ертегілер оқыды. Бауырларымен оқушы мен мұғалім болып ойнаған бұл кездер болашақ мамандығына жасаған алғашқы қадамдарындай еді. Үлгілі оқушы мектепті ойдағыдай бітіріп, Жамбыл педагогикалық колледжіне оқуға түсті. Сара Манқызқызы мамандық таңдауда көп ойланып бас қатырмады. Мектеп директоры болған әпкесіне сүйсінген ол бала кезінен мұғалім болуды армандаған. – Бала кезімде әпкеме көп еліктедім. Сол секілді әдемі сөйлеп, ойымды дұрыс жеткізуді армандадым. Менің әпкем айналадағылардың құрметіне бөленген тамаша әйел еді, мен де сол кісідей болғым келді. Сонымен қатар мен оның мектеп директоры ретінде қандай маңызды рөл атқаратынын және қоғамға пайдалы болғысы келетінін сол кезде де түсіндім, – дейді педагог. Колледжден кейін алған білімімен тоқтап қалмай, жоғары оқу орнына түсуге шешім қабылдайды. Жас Сара Алматыға барып, еліміздегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне оқуға түседі. Қоғам қайраткері қаншама жылдар өтсе де небір мықтылар шыққан, атақты ғалымдар дәріс берген іргелі оқу орнында білім алғанын мақтан тұтады. Өйткені ол кезде бір орынға тоғыз үміткер таласқан бәсекелестік заманы еді. – Оқуды қатты ұнататынмын, сондықтан студенттік кездерім көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Соңғы курстарда білім беру ісіне ертерек араласуды армандай бастадым. Дипломды қолға алып, үйге оралған бойда балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа орналастым. Ол жерде біраз жыл еңбек етіп, кейін жоғарыладым. Еңбегім бағаланып, ауданға шақырту алдым. Сол жерден қалалық білім бөліміне ауыстым. Онда 27 жыл қызмет еттім. Алдымен маман, кейін инспектор, одан кейін бас маман болдым. Еңбек жолымның соңғы 12 жылында қалалық №34 орта мектептің директоры болып қызмет атқардым, – деп еске алады Сара. Сара Даузованың жалпы еңбек өтілі – 43 жыл. Ардагер ұстаздың сіңірген еңбегі ескеріліп, зейнетке шықпай тұрып-ақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясындағы дүнген этномәдени орталығына қызметке шақырылды. Содан бері 34 жыл бойы қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Өткен жылы Қазақстан дүнгендерінің конференциясы өтіп, онда «Дүнгендердің республикалық этномәдени орталығы» заңды тұлғалар бірлестігі құрылды. Осы форумда делегаттар Сара Даузованы аналар кеңесінің төрайымы етіп бірауыздан сайлады. – Зейнетке шыққаныма алты жыл болса да қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытып келемін. Салт-дәстүрді, ана тілін сақтау – бүгінгі күннің ең басты міндеті. Сондықтан мемлекеттік тілді, қазақ халқының салт-дәстүрін жан-жақты зерттеп, барынша ұлықтап жатырмыз. Біздің дүнген этномәдени орталығы өзге этнос өкілдерімен де жақсы қарым-қатынаста. Бір аспан астында, ортақ шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Бәріміздің ортақ Отанымыз – Қазақстан. Сондықтан да атамекенімізді, жерлестерімізді, осында тұратын әрбір азаматты сүю, құрметтеу – әрқайсысымыздың міндетіміз. Әрбір қазақстандық еліміздің дамуына өз үлесін қосуы және мемлекеттік тілді білуі немесе аз да болса меңгеруі тиіс, – дейді Сара Манқызқызы. Дүнген орталығының аналар кеңесі төрағасының басты бастамаларының бірі – қазақ тілін оқыту курстарын ашу болды. Бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде жемісін беруде. Бүгінде дүнген этномәдени орталығындағы көптеген жас аналар курстарды бітіріп, негізгі деңгейді игеріп, білімін әрмен қарай жалғастыруда. – Олар енді ұялмай, қазақ тілін түсініп, мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Бірақ соған қарамастан, мен аналарға тек өздері ғана емес, балалары да қазақ тілінде сөйлеуі керек екенін үнемі айтып отырамын. Осы жұмыс аясында облыс бойынша бес мекемеде тіл курстарын аштық. Біздің курстар балабақшалар мен мектептерде жұмыс істейді. Сонымен қатар біздің мұғалімдер жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарында болып та қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүр. Әрине, мұндай үлкен бастама тілдерді дамыту басқармасының көмегінсіз жүзеге аспас еді. Басқарма мамандары бізге кез келген уақытта және студенттерге ыңғайлы жерде жұмыс істеуге дайын мұғалімдер жіберді. Олармен бірге оқуды сәтті аяқтап, тиісті сертификатқа ие болған 150-ден астам ананы қамтыдық. Менің ойымша, осылайша біз тіл тағдыры үшін үлкен қадам жасадық. Бірақ мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, зерделеу және қолдану аясын кеңейту бағытында әлі де көп жұмыс істеу керек, – дейді ол. Кейіпкеріміз жетекшілік ететін аналар кеңесі көптеген қызықты іс-шараларды жиі өткізіп тұрады. Әсіресе Мұхтар Шахановтың 80 жылдығына орай өткен жыр кеші көпшіліктің есінде. Іс-шараға дүнген этномәдени орталығының аналары қатысып, қазақ тілінде ән шырқап, өлең оқып, мақал-мәтелдер айтты. – Біздің орталықта мемлекеттік тілді оқып-үйрену, тарату, дамыту бағытында көптеген адам жұмыс істеуде. Сонымен қатар кейбір белсенділер дүнген жастарының өз тамырын ұмытпай, ұлтымыздың ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы білуі үшін аянбай еңбек етуде. Қайырымдылық жасап, ерікті болып, адамдарға көмектесіп жүрген бастамашыл жігіттер тобы бар. Олардың барлығы бір-бірімен белсенді түрде араласып, жан-жақты көмек көрсетеді. Осындай өзара іс-қимылдың сәтті мысалы ретінде «Дастарқан» жобасын атауға болады. Ол облыстық аналар кеңесінің күшімен әзірленіп, «Анаға тағзым» орталығында тұрақты өткізіліп келеді. Әр аптаның сенбісінде әр ұлттың аналары келіп, кезек-кезек өз тағамдарын көрсетеді. Көпбалалы аналар, аз қамтылған аналар және әртүрлі ұлттық тағамдарды дайындауды үйренгісі келетіндердің барлығын шақырамыз. Әр этномәдени бірлестіктің үздік аспаздары бұған дейін де бірнеше рет түрлі дәмді тағамдар әзірлеу бойынша шеберлік сабағын өткізген. Мысалы, «Дастарқан» жобасы аясында дүнгеннің осыған дейін бес рет тұсауы кесілгенін анық білемін. Әрине, әр уақыт жаңа тағам және бір нәрсені қайталау емес. Жобамыз көпшіліктің қолдауына ие болды, әлеуметтік желілерде танымал болды, бізді жергілікті БАҚ қолдады, – дейді Сара Манқызқызы мақтанышпен. Өңірдегі полиглоттар туралы айтсақ, ең бірінші Сара Манқызқызы еске түседі. Ол орыс және қазақ тілдерін, сондай-ақ дүнген тілін жетік біледі. Сонымен қатар өзбек және ұйғыр тілдерін де жақсы меңгерген. Ол қазақ тілін жетік меңгерсе, барлық түркі тілдес халықтардың тілін түсініп, тіпті сөйлесе алатынын қамқорлығындағыларға үнемі айтып отырады. Ол орыс мектебінде оқып, институтты да орысша бітірген. Себебі, өкінішке қарай, ол заманда қазақ сыныптары жоқ еді. 1997 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді. Сол сәтте мемлекеттік тілді меңгеру керектігін түсініп, бірден әрекетке кіріседі. Тіл курстарына жазылып, қазақ тіліндегі телебағдарламаларды көріп, қазақша көбірек оқуға тырысады. Қажетті деңгейде білім алып, қазақ ұлтының өкілдерімен тіл табыса бастады. Өзі үйреніп қана қоймай, өзгелерді қазақ тілінде сөйлеуге шақырды. Бүгінгі күні кейіпкеріміз өз ойын еркін тұжырымдап, оны мемлекеттік тілде анық жеткізе алады. Аналар кеңесінің мәжілістерінде де үнемі қазақша сөйлейді. Мемлекеттік тілді меңгеру бойынша көптеген аналар хабарласып, ақыл-кеңес сұрап жатады. Қуантарлығы сол, Сараның ісінен үлгі алып, қазақша үйреніп жатқандар саны күн сайын өсіп келеді. Қоғам қайраткерінің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілерде елімізде қазақ тілінде сөйлейтіндер аз, жалпы оны меңгеру мүмкін емес деген пікірлер жиі айтылып жүр. Алайда оның өзі тілді нөлден бастап үйренген. Тіл жанашыры 1997 жылдан бері елімізде тіл үйренуге барлық жағдай жасалғанын, шын ниетпен айналысқысы келгендер бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгергенін айтады. Сара Дауызова мемлекеттік тілді меңгеру үшін басқа өңірлердің табысты тәжірибесін де белсенді пайдалануға болатынын атап өтті. Мысалы, Қарағандының қоғамдық көліктерінде қазақ тілінде ауызекі сөз тіркестері бар қысқа бейнероликтер көрсетіледі. Ал Алматыда жастар ресурстық орталығының жобасы аясында көршілер ауласы түгел қазақ тілін үйренеді. Бірақ, әрине, өз жобаларыңызды жасап, сәтті жүзеге асыру әлдеқайда құнды. – Мен қазір осындай бір жобаның әзірлеу кезеңіндемін. Жоба аясында біз мемлекеттік тілді үйренгісі келетін отбасыларға қонаққа барамыз. Тілді жеңіл үйрететін волонтерлерді жұмысқа аламыз. Отбасыларды аралағанда балалар үшін ойын түрінде оқытатын арнайы бағдарлама да әзірленетін болады. Не ексең, соны орарсың. Бүгінде әділдік пен елінің берекесін қалайтын әрбір адам өзгенің қамын ойлап, аянбай еңбек етуі, мемлекеттік тілді білуі керек. Ал тіл үйренуді бастағысы келетіндердің барлығына сұхбаттасым кеңес береді: «Әрекет ет. Ал әркім ойлағанына жетіп, Ұлы Абайдың сазды тілінде еркін сөйлей берсін, – дейді ол. Сөз соңында айта кетейік 23 тамызда Сара Даузова өзінің 67 жасқа толған мерейтойын атап өтеді. Айжан ӨЗБЕКОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар