Ұлттың ұлы тұлғасы
Ұлы кемеңгер, дана Абайдың әр сөзінен бір-бір кітап жазуға болады. Ұлы ақын шығармашылығы –
шыңыраудай терең, теңіздей тұңғиық қазына. Қазақтың басына қонған бақ, маңдайына біткен асыл мұра.
Ол – әділет жоқтаушысы, адамзаттық құндылықтар жаршысы, азаттықты аңсаған ұлт қайраткері. Өмір бойы таным-білім үшін күресті, отырықшылықты уағыздады. Себебі даму, өсу, кәсіп, бәрі қалада деп түсінді.
Ұлы дала перзенті, шалқар дала шайыры, ғажап ойшыл Абай туған елін қала салуға, өндіріс ұйымдастыруға ынталандырды. Ол – бір тараптан алғашқы технократтардың бірі. Қазақты жоспармен өмір сүруге, құндылық қалыптастыруға, құн жасауға, тауар өндіруге, қатардан қалмауға шақырды, насихаттады.
Сөзі сүйекті, мінезі ірі, дауысы зор. Дабысы ұзақ.
Оның әр сөзі – мәтел. Халық аузында жүрген, ел арасында кең тараған өсиет. Жұрт оны халықтыкі деп ойлайды. Бұдан артық абырой, бұдан асқан атақ бар ма?!
Үш жүздің басын қосқан Абылай болса, рухани топтастырған, тұтастырған – Абай. Қазақ Абайды жақсы көреді. Алаштың сыншысы – Абай. Сайыпқыран сынға деген қазақ бойындағы махаббат – елдігіміздің белгісі. Тоқмейілсіген халықтың өсуі тоқтайды. Абайдың сыны – жанашыр сын. Бізді сергек жүруге үйретеді.
Бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық қазақтың мұраты баянды болсын десек, Абай айтқандарымен жүргеніміз жөн. Өлең-жыры, қара сөзі – ескірмейтін, көнермейтін, мәңгі жарқырап, нұрланып тұратын інжу-маржан.
Бірақ Абай – пұт емес, Абай – қамқор дос. Пікірлес, әріптес тұлға. Дауға түсетін, пікірталасқа шақыратын серік.
Ұстаз. Даңқымен емес, данышпандығымен алатын парасат, ақыл иесі. Ақылдың кені – Абай, Ұлт идеологиясы Абай шығармаларында жазулы. Әр сөзі келешекке жетелейді. Ол – болашақты болжаған кемел адам. Толық адам.
Шығармаларының негізгі философиясы – озық қазақ қоғамын қалыптастыру, білімді, білікті, кәсіп меңгерген ел құру. Ескіні қойып, жаңаға талпыну. Көненің көріктісіне бастау, жаңаның жаманын тастау.
Демек Абай дәстүрдің озғанына қол созып, тозғанынан бас тартуға шақырады.
Бірақ бұның бәрі талап қылған елге, талаптанған ерге беріледі.
Ұлтымыздың ұл-қызы ер болсын!
Абай – рухани жаңғырудың бастауы, қайнары.
Жаңаны жырына қосқан ұлы шайыр.
Айнұр ЖАМАЛБЕКҚЫЗЫ,
Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Байзақ ауданы
Келесі мақала