Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өзін де, әкесін де жұмыспен қамтыды

Өзін де, әкесін де жұмыспен қамтыды
ашық дереккөз
Өзін де, әкесін де жұмыспен қамтыды
Мемлекет жүргізіп отырған саясаттың басым бағыттарының бірі – жұртшылықты жұмыспен қамту. Себебі осы іспетті халықты әлеуметтік жағынан қорғау арқылы мемлекет адам ресурстары әлеуетін дамыта алады. Адамның өмір сүру сапасы жақсарып, тәуір тұрмыс кешуге қолы жеткенде ғана қоғамда әлеуметтік шиеленіс азаяды. Сондықтан да мемлекет жер-жердегі «Мансап орталықтары» арқылы жұртшылықты кәсіптік негізде оқытуға, қайта даярлаудан өткізуге, ақылы, қоғамдық, әлеуметтік, тұрақты жұмыс орындарына тартуға, тұрғындардың жастар, көпбалалы отбасы, мүгедектігі бар адам секілді тиісті санаттарына жеңілдетілген пайызбен несие немесе қайтарымсыз қаржы беру арқылы өз кәсібін ашуына ықпал етуге мүдделі. Статистикалық мәлімет бойынша, Жуалы ауданында жыл басында экономикалық белсенді халық саны (жұмыс күші) – 27 006 адамды құрапты. Есепті мерзімде ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 1 450 азаматты көрсетсе, жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайыз болған. Бүгінде тұрақты жұмысқа 1 114 адам орналастырылыпты, осы арқылы жылдық жоспардың жартысынан астамы орындалған екен. Міндетті зейнетақы жарналары 935 адамға аударылса, орындалуы – 83,9 пайыз. Электрондық еңбек шарттары – 1 020 адамға жасалған. Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде өңірлік карта бойынша жұмыс орындарын құру жоспарына сәйкес 45 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделіпті. Бұл бойынша жұмыс орындарын құру интеграциялық картасы ақпараттық жүйесіне енгізілген. Онда жалпы 189 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжам жасалса, оның 131-і уақытша, қалғаны тұрақты жұмыс орны. – Бүгінгі күнге жоспарланған 189 жұмыс орнының ішінде 22 жоба бойынша тиісті жұмыс орны ашылып, меженің орындалуы 48,8 пайызды құрады. Ашылған 77 жұмыс орнының екеуі тұрақты, қалғаны уақытша жұмыс орны. Міндетті зейнетақы жарналары 37 адамға аударылды. Электрондық еңбек шарты 58 адамға жасалса, орындалуы – 75,3 пайыз. Жоспарға сәйкес ақылы қоғамдық жұмыстарға 639 адамды тарту жоспарланып, 530 қолы бос тұрғын жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 110 адамды орналастыру көзделсе, 106 жұмыссыз екі қолға бір күрек тапты. «Жастар тәжірибесі» бойынша 230 жас маманды жұмысқа орналастыру қарастырылып, бүгінде 70 жас маман жұмысқа тұрды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 23 адам жолданып, жоспар 46 пайызға орындалды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 2 адам орналастырылса, жоспардың орындалуы – 100 пайыз. 50 жастан асқан адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «Күміс жас» жобасына 68 адам қатыстырылып, жоспар 98,5 пайызға орындалды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша «Еңбек» порталы арқылы 422 азамат оқуға қатысып, 295 азамат қолына сертификат алды. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жоспар бойынша 19 өренге жеңілдетілген пайызбен қайтарымды негізде шағын несие беру көзделген. Бүгінгі күні Жуалы ауданы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстағы филиалына 30 жоба ұсынылып, 19 жоба конкурстық комиссия шешімімен мақұлданды, 19 жоба бойынша несиелер берілді. Жуалы ауданында жұмыспен қамту мәселелері жөнінде қысқамерзімді кәсіптік оқуға 75 адамды жолдау жоспарланса, осы мақсатта облыстық бюджеттен 18 323 мың теңге қаражат қарастырылды. Бүгінгі таңда аудандағы жұмыс берушілер тарапынан 75 адамның өтінімі тіркелді. Оның 10-ы тігіншілікке, осы тектес құс өсіру, ірімшік өндірісі, шаштараз, маникюр, кондитер мамандығын игеруге он-оннан 60 өтінім түссе, 15 тұрғын тракторшы болуды құп көріп отыр. Бос жүрген 30 адамды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында оқыту көзделсе, қазіргі кезде аспаз мамандығын – 15, көлік жүргізушісі оқуына 15 адам тіркелді. Кәсіптік оқуға үміткерлер осы жылдың шілде-тамыз айларында жолданады. «Еnbek.kz» платформасында талап етілетін дағдыларға онлайн оқытуды ұйымдастыруға 172 адам қатысып, олар да қолына сертификат алды. Кәсіптік оқуға үміткерлер осы айда оқу орындарына жіберіледі, – дейді Жуалы ауданы мансаптық орталық филиалының директоры Нұрбол Құрмашев. Нұрбол Кәрібайұлының айтуынша, биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында осал топтағы 36 азаматқа 18-18-ден мемлекеттік бірінші және екінші лек бойынша қайтарымсыз гранттар беріліпті. Оның ішінде 2 азамат аталған қаржыға құралдар, 5 адам еңбек құралдарын, 4 тұрғын технологиялық жабдық, 25-і мал сатып алса, барлығы 49 миллион 680 мың теңге қайтарымсыз қаржы жұмсалған екен. Грант алып, өз кәсібін бастаған азаматтың бірі – Айдар Қаңтарбаев. Мыңбұлақ ауылдық округі, Көлбастау ауылының аталған тұрғыны І топтағы мүгедектігі бар азамат. Мемлекетттен алған 1 миллион 380 мың қайтарымсыз қаржыға қажетті құрал-жабдық алып, үйінен пластик есік-терезелер шығаруды қолға алған. – Аталған грантты алу үшін ақпан айында электрондық «Enbek.kz» порталы арқылы өтініш бердім. Кейін комиссия отырысына қатысып, жобамды сәтті қорғап, комиссия тарапынан ойға алған ісімді жүзеге асыруды мақұлдайтын оң шешім берілді. Қазіргі таңда пластик терезелер мен есіктер шығаратын цех ашу арқылы өзімді айтпағанда, 1 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Ол – өзімнің әкем. Кезінде бойда денсаулық барда тау қопарып, тас уататындай дәрежеде жұмыс істедік қой. Ойламаған жерден жол апатына ұшырап, қос жанарымнан айырылдым. Уақытылы емделудің арқасында бір көзім қазір бұлдырап болса да айналаны көре алады, осыған да шүкір. Жұмыссыз қалғаннан кейін кәсіп ашудың сан түрін ойластыра бастадым. «Мансап орталығының» аудандық филиалы мамандарына, мемлекетке рақмет! Біз жасап шығарған пластик терезенің ақ түсінің 1 шаршы метрі 35 мың теңге. Ал қоңыр түстісі 45 мың теңге болса, мұның 40 мың теңгелігі де бар. Өз кәсібімді бастағаныма 4 айға енді толды. Еңбекақымыз тапсырыстың түсуі мен орындалған жұмыс көлемінің ауқымына байланысты. Мәселен, 1 миллион теңгеге тапсырыс алсам, оның 750 мың теңгесі шығын ретінде шикізатқа жұмсалады. Пластик бұйымдар, яғни шикізат қазір Шымкент қаласында да, өзіміздің Таразда да шығарылып жатыр. Бірақ бағасы қымбат, жалпы құрылыс материалдарының бағасы шарықтап тұр ғой. Осы мәселе халыққа оңай соқпай тұр. Өзім отбасылымын, мектеп жасында екі балам бар болса, тағы біреуі жөргектегі нәресте. Табысым соларды асырауға жетеді, – деді Айдар Ерғалиұлы. Мемлекеттің жәрдемақысына малданып отырмай, кәсіппен айналысуға бел буған Айдардай азаматтар ел ішінде жетерлік. Тек оларға тиісті қолдау көрсетілсе жеткілікті. Сонымен қатар әлеуметтік көмек алатындардың да арасында кәсіпке ебі барлары болса, жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз қаржы беріп, өз ісін бастауына түрткі болуды тоқтатпау керек. Жалпы Жуалы ауданында атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша 2 797 адамы бар 503 отбасының өтініштері оң шешім тауып, оларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған екен. Оның ішінде шартсыз ақшалай көмек – 342 адамы бар 78 отбасына, шартты ақшалай көмек 2 535 адамнан тұратын 442 отбасына тағайындалыпты. Былтырғы жылмен салыстырғанда АӘК алушы отбасылар саны 158 отбасыға азайған. Мәселен, өткен жылдың 7 айында 3 578 адамы бар 661 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Шартты ақшалай көмек алушылардың ішінде еңбекке жарамды 267 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған екен. Тұрақты және маусымдық жұмысқа орналастырылғандар саны – 233 адам. Ал 18 жуалылық ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылса, әлеуметтік жұмыс орындарына 11 адам жолданып, 5-еуі грантқа қол жеткізіпті. Бұл жұртты жұмыспен қамтуда жуалылықтардың жүйелі жұмыс атқарып келе жатқанын көрсетеді. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар