Брифинг
Жамбыл фермерлерінің ұңғымаларды бұрғылау шығындарын өтеу 80%-ға дейін ұлғаяды
- author AR-AY
- 17 тамыз, 2023
- 225
Жамбыл фермерлерінің ұңғымаларды бұрғылау шығындарын өтеу 80%-ға дейін ұлғаяды
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек вегетациялық кезеңнің өту барысы және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстар туралы айтып берді
Спикердің айтуынша, облыста егіс алқабы 763,0 мың га құрайды, оның ішінде суармалы жер көлемі 181,0 мың га құрайды.
Суармалы жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту үшін (54 мың га) 2019 жылдан бастап облыстың 6 ауданда Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен («Еуропа қайта құру және даму банкі» мен «Дүниежүзілік қайта құру және даму банкі») жалпы құны
40,0 млрд. теңге құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда.
Жобалардың әкімшісі - «Қазсушар» кәсіпорны. Қазір осы қаржыдан 20,5 млрд. теңге (54%) игеріліп, қосымша 34,0 мың га алқапты ағын сумен қамтамасыз етілуде.
Яғни,«Қазсушар» барлығы 94,0 мың гектар егістік алқапқа су беріп отыр. Осы көлемде шаруа қожалықтарымен келісім шарттар жасалды.
Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, екі жоба бойынша жөндеу жұмыстары 2021 жылы аяқталуы керек еді.
Алайда, жобалық-сметалық құжаттардың сапасыз болуынан, жосықсыз мердігерлердің жұмысынан және «Қазсушар» тарапынан бақылаудың нашарлығынан Үкіметтің жанындағы Үйлестіру кеңесінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі хаттамасымен жұмыстың аяқталуын осы жылдың желтоқсанына дейін созуға рұқсат берілген.
Жұмыс бітпегеннен кейін су қолдан қазылған айналма каналдар арқылы берілді.
Бұдан су шығыны 20-30 пайызға дейін ұлғайып отыр.
Суғару маусымынан өтудің алдағы қиындықтарын ескере отырып, облыс әкімі Нұржан Молдиярұлының бастамасымен 2023 жылғы 14 наурызда Экология және табиғи ресурстар министрлігінде Министрдің қатысуымен кеңес өтті.
Онда су жеткізудің барлық тәуекелдері талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.
- Сонымен бірге, жергілікті коммуналдық меншіктегі
113 шағын су қоймасы арқылы қосымша 13,0 мың гектарға дейін егістік алқапты суғарылды. Қоймалардың жалпы көлемі
130 млн. текше метр.
Осылайша, ағымдағы жылы суғарылатын ауыл шаруашылығы дақылдары 107,0, мың гектарға орналастырылды. Жер балансында көрсетілген 181,0 мың гектардан қалған 73,0 мың гектар тәлімі жер ретінде пайдаланылды,-деді Қанатбек Мәдібек.
Оның сөзінше, Ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруға Қырғызгидрометтің Шу және Талас өзендерінің вегетациялық кезеңдегі су мөлшерінің 2022 жылға қарағанда 115,0 пайыз болатындығы жөніндегі болжамы және Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қырғыз Су ресурстары қызметі арасындағы бірлескен хаттамас негіз болды.
Бірақ, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қырғыз Су ресурстары қызметі арасындағы 2023 жылға арналған Жамбыл облысына су беру кестесіне су мөлшерінің оң болжамына қарамастан қол қойылмады. Өзара келісім бойынша а.ж. суғару маусымы 2022 жылғы су беру кестесіне сәйкес басталды. Талас өзенімен – 520,0 млн. текше метр, Шу өзенімен – 222,0 млн. текше метр су алу жоспарланды.
23 маусымда Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қырғыз Су ресурстары қызметі арасында 2022 жылдағыдан Талас өзенімен 35,0 пайызға (336 млн.м3), Шу өзенімен 44,0 пайызға (124 млн. м3) төмен көлемде су беру кестесіне қол қойылды.
- Яғни, суармалы су көлемінің төмендеуі туралы ақпарат ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, суғару маусымы басталғаннан кейін белгілі болды.
Осыдан судың жетіспеушілігі орын алды.
Су азайғаннан кейін әрбір магистралды каналдан су беру кезегі ұйымдастырылды. Әр ауданда арнайы жұмыс топтары құрылды.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан шаруа қожалықтары мен «Қазсушар» РМК алдында су беру туралы бірлескен шарт жасасу және осыдан кейін ғана егіс жұмыстарын жүргізуге кірісу міндеті қойылғанын атап өткен жөн. Шаруа қожалығы оған суармалы су берілетініне сенімді болуы керек еді. Жоғарыда атап өткенімдей, мұндай шарттар 94 мың гектарға жасалды,-деді Қанатбек Мәдібек.
Суармалы су көлемінің қысқаруы туралы ақпарат алғаннан кейін облыстың және аудандардың жергілікті атқарушы органдары шаруа қожалықтары арасында да, әрбір магистральдық канал бойынша да су беру кезектілігі бағытында жұмыстар ұйымдастырды. Сондай-ақ, Талас, Байзақ және Жамбыл аудандары арасында кезек-кезек су беру жүзеге асырылды. Осы жұмыстарды ұйымдастыру үшін әр ауданда арнайы жұмыс топтары құрылды.
Қанатбек Мәдібек су үнемдеуде жаңбырлатып және тамшылатып суғарудың көп пайдасы тигенін де атап өтті. Қазір 57,0 мың гектарда су үнемдеу технологиялары қолданылуда. Бұған кей жерлерде жер асты сулары пайдаланылды. Қазір 103 ұңғыма жұмыс істеп тұр.
-Ұңғымаларды бұрғылауға барлық шаруалардың шамасы келе бермейді. Өңірдегі шаруа қожалықтарының шамамен 70,0 пайыздан астамының жері 50 гектарға дейін ғана.
Сондықтан, біздің ұсынысымызбен Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізуде.
Өзгерістерден кейін шаруа қожалықтарының ұңғымаларды бұрғылау шығындарының 80,0 пайызы субсидияланатын болады,-деді Қанатбек Мәдібек.