ПИЛОТТЫҚ ЖОБАНЫҢ ПАЙДАСЫ МОЛ
Осыдан бір ай бұрын облыстық прокуратураның құқықтық мониторинг орталығында «NARKO SHEKTEU TARAZ» телеграм-боты таныстырылған болатын. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Парламенті депутаттары, құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары қатысқан жиында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының алдын алуда «NARKO SHEKTEU TARAZ» телеграм-боты тиімділігін дәлелдейтінін сеніммен айтқан еді.
Кеше құқықтық мониторинг орталығында пилоттық жобаның нәтижелері таныстырылды. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары, облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты.
Облыс прокурорының айтуынша, бір айдың ішінде азаматтардан синтетикалық есірткілерді жарнамалау туралы 1 200 хабарлама түскен.
– Синтетикалық есірткіге қарсы іс-қимыл мақсатында 2023 жылдың 10 шілдесінде облыс прокуратурасы «NARKO SHEKTEU TARAZ» телеграм-ботын таныстырды.
Пилоттық жоба басталғаннан бері 1 200 хабарлама түсті. Оның 1 176-сы заңсыз контенттері бар сайттар, 21-і есірткі жарнамасы бар граффитилер және үшеуі притондар туралы хабарламалар.
Анықталған 1 116 сайт бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Кибернадзор» бағдарламасының мүмкіндіктері арқылы оларды бұғаттау және жою бойынша жедел шаралар қабылданды.
Граффити туралы 16 хабарлама полицияға жолданып, процессуалдық шешімдер қабылданып, граффитилер жойылды.
Халық арасында пилоттық жобаны іске асыру туралы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мысалы, бағдарламаны пайдалану ыңғайлылығы үшін QR-код арқылы оңайлатылған кіру қарастырылған. Ол облыс орталығы мен аудандардың барлық қоғамдық орындарында орналастырылды.
Жобаны іске асырған сәттен бастап тұрғындар мен еріктілер азаматтық ұстанымын белсенді түрде көрсетті. Бұл құқық қорғау органдарымен кері байланысты қамтамасыз етті, – деген Нұрғалым Әбдіров синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының алдын алу бағытында құзырлы органдармен белсенді жұмыс істеген еріктілер облыс прокуратурасының Алғыс хатымен марапатталды.
Жиын қорытындысында облыс прокуроры мен облыстық полиция департаментінің бастығы жобаны толық көлемде іске қосу және өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.
Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ
Келесі мақала