«ой шебері» озып шығар бәрінен...
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті және облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Ой шебері» зияткерлік сайысы өтті. Байқау мемлекеттік қызметтің халық арасында имиджін көтеру, жас мемлекеттік қызметшілердің өлке тарихы мен мәдениетін, әдебиетін, түрлі сала жетістіктерін тануға баулып, танымдық қызығушылығын арттыру, коммуникациялық дағдыларын дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау және кәсіби білімін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Өңірлік «Жас мемлекеттік қызметшілер форумы» аясында өткен «Ой шебері» зияткерлік сайысына жергілікті атқарушы органдармен орталық атқарушы органдар мен облыстық департаменттерінен іріктелген 30 жас мемлекеттік қызметші қатысты. Алты кезеңнен тұратын зияткерлік сайыста БАҚ өкілдері, жас мемлекеттік қызметшілер, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің және облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшылары біліктіліктерін сынға салды. Жылдам ойлауды талап ететін ойындар мен әртүрлі тақырыптарды және бағыттарды қамтитын сұрақтарды қою арқылы жеңімпаздар анықталды.
Сонымен қатар осы күні «Ой шебері» зияткерлік сайысының қатысушылары мен жас мемлекеттік қызметшілер арасында құрылған «Еріктілер кеңесінің» мүшелері «Үміт» балалар үйінде қайырымдылық іс-шарасын өткізді.
Айта кетейік, аталған зияткерлік сайыс Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылып отырған алғашқы өңірлік «Жас мемлекеттік қызметшілер форумы» аясында өткізілді. Өңірдің жас мемлекеттік қызметшілерінің үлкен салтанатты жиыны бүгін «Баласағұн» орталық концерт залында өтеді деп жоспарланған. Форумға облысымыздың 500 жас мемлекеттік қызметшісі, мемлекеттік қызметке бет бұрған жастар қамтылмақ. Бұл форумда «Ой шебері» атты командалық интеллектуалдық сайысына өңіріміздің түпкір-түпкірінен қатысып, жеңімпаз атанған жас мемлекеттік қызметшілер, белсенді, үздік мемлекеттік қызметшілердің ата-аналары марапатталады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ «Үздік ауыл әкімін» және ерекше іс-әрекетімен көзге түскен мемлекеттік қызметшілер де марапатталмақ. Форум қатысушыларына арналған көрме және концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Дайындаған Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала