Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мектептер жаңа оқу жылына дайын ба?

Мектептер жаңа оқу жылына дайын ба?
ашық дереккөз
Мектептер жаңа оқу жылына дайын ба?
Жаңа оқу жылы жақындап келеді. Ал дайындық қалай? Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте білім беру нысандарын жаңғырту, құрылыс, күрделі жөндеу, қауіпсіздік, Тамыз конференциясына дайындық мәселелері қаралды. Кеңесте алғашқы болып облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек есеп берді. Басқарма басшысының айтуынша, аймақтағы 17 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына 4,4 миллиард теңге қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 1 мектеп-интернаттың, нақтылап айтсақ, Тараз қаласындағы «Мейiрiм» мектеп-интернатының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ 6 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары мемлекеттік сараптамада көрсетілген мерзімге сәйкес 5-6 ай аралығына жоспарланған. Бірақ күрделі жөндеу жұмыстарын осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтау мақсатында мердігерлермен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Құрылыс жұмыстары кешігіп жатқан білім нысандары – Тараз қаласындағы №28, №34, №44, №46 орта мектептері және Мойынқұм ауданының Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков және Айдарлы ауылындағы №2 мектебі. – Тараз қаласындағы 4 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтау мүмкіншілігі бар. Ал Мойынқұм ауданындағы 2 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары мемлекеттік сараптамадағы белгіленген мерзіміне сәйкес осы жылдың қазан, қараша айларында аяқталады деп жоспарлануда. Мойынқұм ауданының Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы 2021 жылдың 19 қаңтарында, Айдарлы ауылындағы №2 орта мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы 7 маусымда әзірленген. Жобалық-сметалық құжаттамаларының мерзімі 2024 жылдың қаңтар-маусым айларына ғана жарамды. Осыған орай күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылға жоспарланып, мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне сәйкес жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған. Сондықтан ол мектептердің оқушыларын басқа мекемелерге оқыту бойынша тиісті жұмыс жоспары дайындалды, – дейді Мейірхан Азатұлы. Оқушылар қауіпсіздігі – маңызды міндет. Өңірде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары мемлекеттік 690 білім беру ұйымында жүргізілуде. Оның 224-і балабақша, 446-сы мектеп, 20-сы колледж. Облыстағы білім нысандарының барлығы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрал-жабдықтармен, атап айтсақ, бейнебақылау, дабыл жүйелерімен қамтамасыз етілген. Мұнан соң облыс әкімі баяндама барысында туындаған сұрақтарға жауап алып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. – Ең алдымен құрылыс жұмыстары кешігіп жатқан 6 мектептің жайын назарда ұстау керек. Аталған мектептің оқушыларының ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіңдер. Сондай-ақ қауіпсіздік мәселесін естен шығармайық. Әр мектептің алдындағы жолдарда бағдаршам тұруы шарт және де жаяу жүргіншілер жолағы анық болып боялып тұруы керек. Сонымен қатар балалар тасымалына арналған көлік, ыстық тамақ, оқулықтар жөнінен еш мәселе болмауы керек, – деді Нұржан Молдиярұлы. Кеңесте республикалық білім қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз конференциясын өткізу жұмыстары пысықталды. Биыл білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі 24-25 тамыз күндері «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбымен Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмалары аясында білім саласындағы өзекті 20 тақырыптық бағытта ұйымдастырылады. Тамыз конференциясы аясында «Білім саласындағы бақылау және бағалау» тақырыбымен панельдік секция отырыстары өтеді. Секция отырыстары 24 тамыз күні түскі сағат 13:00-ге дейін Тараз қаласындағы Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының базасында өткізіледі. Бірыңғай республикалық пленарлық отырысқа әр аймақтан 130-ға жуық білім саласының қызметкерлері қатысады деп күтілуде. Өңірлерден келетін қонақтар Жамбыл жоғары политехникалық колледжінің жатақханасы (42 адам) мен қонақүйге (88 адам) орналастырылады. Секция отырыстарының модераторлары болып ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің қызметкерлері бекітілген. Сағат 14:00-ден 16:30-ға дейін өңірлерден келген панельдік секция отырыстарына қатысушыларды облыстың үздік білім беру ұйымдарының тәжірибелерімен және Тараз қаласының тарихи-мәдени нысандарымен таныстыру жоспарланып отыр. Осы күні аймақ басшысының қатысуымен облыс әкімдігінің 2-қабатындағы мәжіліс залында кеңес өткізу жоспарланып отыр. Кеңеске облыстық мәслихаттың депутаттары, білім бөлімдерінің басшылары, ардагер ұстаздар, марапатталатын білім беру ұйымдарының директорлары, педагогтер қатысады. Педагогтерге облыс әкімінің және Оқу-ағарту министрлігінің марапаттары табысталады. Сондай-ақ «Орта білім беретін үздік ұйым» атағын иеленген және «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған мекемелер марапатталады. Кеңеске Оқу-ағарту министрлігінің өкілі – Білім саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова қатысады деп күтілуде. Педагогтерге министрліктің марапаттарын табыстайды. Ақтоты Жаңабай  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар