шолпан-атадағы шуақты сәттер
Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған «Орталық Азия жастары форумы» ұйымдастырылды.
Қазақстандық делегацияның құрамында министрлік өкілдері, әртүрлі саланың мамандары және Тараз қаласы №3 мектеп-лицейінің мұғалімі Ерсұлтан Нүсіпжанов, «Jambyl» телеарнасының журналисі Шерхан Мұратбекұлы, сонымен қатар еліміздегі қоғамдық ұйымның жетекшілері, ерікті жастар кірді.
Форум аясында «Манас» жырынан үзінді айтылып, қатысушылар назарына Шыңғыс Айтматов туралы бейнефильм ұсынылды. Ашылу салтанатында көршілес елдің Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар министрі Алтынбек Мақсұтов пен қоғам қайраткері, Қырғыз Республикасы Ұлттық академиясының академигі Османакун Ибраимов сөз сөйледі.
Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ерулан Кокулов Шыңғыс Айтматовтың шекара деген ұғымға сыймайтынын және бауырлас ел жастарының арасында шекара болмау керектігін айтты. Аталған форум Орталық Азия елдері арасындағы келісім мен бірлікке септігін тигізеді деп есептейтінін жеткізді.
Шолпан-Атада өткен «Орталық Азия жастары форумы» алты панельдік сессиямен жұмысын жалғастырды.
Онда қазіргі әлемдегі мәдениеттің рөлі, жастардың өзіндік санасы мен ұлттық сана-сезімін қалыптастырудың маңыздылығы, өңірлердегі шығармашылық салалардың мүмкіндіктері мен болашағы, олардың экономика мен әлеуметтік-мәдени әралуандылыққа қосқан үлесі, қазіргі заманғы технологияларды дамыту мәселелері қарастырылған. Жастардың қатысуымен ауылшаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғам дамуындағы волонтерлердің рөлі, жастардың мемлекеттік қызметке қосқан үлесі сыни тұрғыдан сараланған тақырыптар талқыланды.
Форум барысында «Шыңғыс Айтматов қорының» вице-президенті Динара Жұмбабаева сөз сөйлеп, жастар форумында Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығын тойлау қор үшін маңызды екенін айта келе, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Келесі мақала