АУҒАНСТАНДЫ АЛДА НЕ КҮТІП ТҰР?
«Талибан қозғалысы» – Ауғанстандағы діни-саяси сипаттағы ұйым. «Талибан» 1980 жылдардың басында Пәкістанның солтүстік-батыс шекаралық провинциясы мен Белуджистан аумағында Пәкістан Ислам Республикасы билігінің нұсқауы бойынша жасырын жағдайдағы медреседе және соған сәйкес идеологиялық әрі діни білім алған Ауған қашқындарының балаларынан құрылған.
«Талибан» ұйымының негізгі құрамын пуштун қауымының өкілдері құрайды. Десек те қатарында өзбек, тәжік ұлтының өкілдері де кездеседі. «Талибанның» әскери-саяси негізін қалаушы – молда Мухаммад Омар. Өзінің әрекеттерінде «Талибан» ұйымы террорлық әдістерді қолданады. «Аль-Каида» және сүниттік бағыттағы халықаралық лаңкестік ұйымдармен тығыз байланысты ұстанады.
БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен «Талибан» лаңкестік ұйым ретінде танылған. Сонымен қатар ұйымның кызметіне Ресей мен Өзбекстан мемлекеттерінде тыйым салынды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 15 наурыздағы шешімі бойынша, «Талибан қозғалысы» біздің елде де экстремистік және террористік ұйым деп табылып, қызметіне тыйым салынған.
Қазіргі таңда «Талибан қозғалысы» Ауғанстанның солтүстігіндегі аймақтарға шабуылдауын тоқтатар емес. Сондай-ақ Ауғанстандағы елді мекендердің 400-ге жуығы тәлібтердің бақылауына өткен. Яғни халықтың 40 пайызы «Талибан қозғалысы» өкілдерінің қол астында өмір сүруде. Алдағы уақытта Ауғанстандағы билікті талибандар толық қолына алатын болса, сол жердегі тұрғылықты халық үшін бұл кері кету болып саналады. Себебі «Талибан қозғалысы» өкілдері заманауи білім алуға, соның ішінде қыз балалар мен әйелдердің білім алуы мен жұмыс істеуіне түбегейлі қарсы. Балиғат жасына толмаған қыздардың құқығы тапталып, ерте жастан тұрмысқа беру деректері күрт артуы мүмкін. Сонымен қатар олар ғылыми технологиялық жаңалықтарды да құп көре бермейді.
Жалпы мұсылмандардың соңғы ғасырларда артта қалуының, көптеген саяси ойындардың құрбанына айналуының, экономикалық күйзеліске ұшырауының бірден-бір себебі – сауатсыздық, кедейлік пен ішкі алауыздық. Өкінішке қарай, қазіргі Ауғанстандағы жағдай осыған сай келіп тұр.
Қорыта айтқанда, жоғарыдағы мәселелерден де күрделісі – Ауғанстанның саяси ойындардың алаңына айналу қаупі. Кешегі Сирия мен Ирактың кейпін кимесіне, түрлі жиһадистік топтардың соғыс алаңына, алпауыт мемлекеттердің сынақ майданына айналмасына кепіл жоқ. Ал мұндай болған жағдайда мәселе шешімін табудың орнына уақыт өткен сайын ушығып, шиеленісе түседі. Ал одан жапа шегетін жалғыз тарап – сол жердің бейбіт халқы ғана.
Жанна ҚАДЫРҚҰЛОВА,
облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу
орталығының» Мойынқұм ауданы
бойынша инспекторы
Келесі мақала