Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АДАМ МЕН АДАМДЫ БІРІКТІРУШІ КҮШ

АДАМ МЕН АДАМДЫ БІРІКТІРУШІ КҮШ
ашық дереккөз
АДАМ МЕН АДАМДЫ БІРІКТІРУШІ КҮШ
Дінсіз адам болса да, дінсіз қоғам болмаған. «Халықты халық ететін – тілден бұрын дін» деген. Діннің негізгі мақсаты – адамдарды жамандықтан тыю. Дінсіз адам болса да, дінсіз қоғам болмаған. «Халықты халық ететін – тілден бұрын дін» деген. Діннің негізгі мақсаты – адамдарды жамандықтан тыю. Дін адам мен адамды, қоғамды біріктіруші күш десек, еш қателеспейміз. Ғасырлар бойы әртүрлі этностар мен конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірін мәдени тұрғыдан толықтыра отырып, Қазақстан халқының мәдениеті және дәстүрлі рухани құндылықтарын қалыптастырды. Еліміздің Консти­туциясына сәйкес тіл мен дінге деген көзқарасына қарамастан, барлық азаматтардың заң алдында тең құқықтарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі жасалды. Қазіргі таңда ресми тіркелген 18 конфессияның 3 800-ге жуық діни бірлестік пен филиалдарының қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдай жасалған. Осы орайда айта кетерлік жайт, былтырғы жылмен салыстырғанда ислам бағытындағы мешіт-филиалдар саны көбейген. Яғни бұдан тұрғындардың діни-рухани құндылықтарға бет бұрғандығын байқауымызға болады. Дін – адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымызда, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені дін – имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ. Адам дінге сенген соң өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын аулақ ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі. Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп жатқан ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылында, текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек. Дін – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Дүниедегі халықтар, мемлекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Адамзат баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың қожасы екенін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе – дін. Бұл кез келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді. Бірақ біреулер қаласа да, қаламаса да дін қоғам өмірінен өз орнын алатын болады. Өйткені адамдарда жүрек пен сана бар. Пенделік тірліктен қажып, мұңға бататын жүрек өзінің дауасын іздесе, өмірдің мәнін іздеуде пенделік қисыннан қанағат таппайтын сана өзіне кең өрісті қажет етеді. Сол себепті де көптеген адамдар жүрекке дауа, санаға өріс беретін діннің мәңгілік құндылықтарына жүгінуге мәжбүр болады. Міне, осындай жандар адам өміріндегі, қоғам өміріндегі діннің орнын түсініп, оның мәні мен маңызын ашуға ұмтылады. Адамды осындай биік құлшынысқа, рухани жетілуге жетелейтін қасиеті діннің басты бір маңызы болып табылады. Нұрсұлтан ШӘМШІХАН, облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» Т.Рысқұлов ауданы бойынша инспекторы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар