Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Талантымен тамсантқан жас өрендер

Талантымен тамсантқан жас өрендер
ашық дереккөз
Талантымен тамсантқан жас өрендер
Кеше «Баласағұн» орталық концерт залында облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен шығармашыл жастардың «Жаңа есім-2022» облыстық жобасының Гала-концерті өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында наурыз-мамыр айы аралығында өткен бұл байқаудың мақсаты – жас таланттардың шығармашылығын дамыту, қолдау көрсету, жаңа есімдерді жұртқа таныту. Сондай-ақ мәдениет саласындағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, облыстағы вокал, дәстүрлі халықтық ән, аспапта орындаушылар қатарын жаңа жас дарындармен толықтыру. Аталмыш жобаның облыстық кезеңінде аудандық, қалалық деңгейдегі байқауда іріктеуден сүрінбей өткен өнерпаздар қатысты. Олардың дарыны мен қарым-қабілетіне күйші, композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ержан Рысметов, әнші, термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Маралбек Бабақұлов және Республикалық Ш.Қалдаяқов атындағы конкурстың лауреаты, әнші, Көпшіл Ертаев қазылық етті. 70 өнерпаздың ішінен келесі кезеңге қазылар шешімі бойынша 10 қатысушы өтті. Үздік деп танылған Т.Рысқұлов ауданының тумасы Алина Тоқтағұл мен Мұхамедали Талғатов, меркілік Азат Қадырбек пен Ләззат Асиратдинова, Мойынқұмнан шыққан Әсел, байзақтық Динара Әділ, Қордай ауданының намысы Шапағат Балтабай мен Тимур Ким, Жамбыл ауданынан Нұрай Әбілда мен Бауыржан Бегалы шығармашылық тәлімгерлерімен бірге өз өнерлерін Гала-концертте ұсынды. Таланттарды танытқан мәдени жиынның шымылдығы облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың құттықтау сөзімен түрілді. – Өңірдегі жас таланттарды іздестіру, оларға қолдау көрсету, дарынды жастардың орындаушылық шеберлігінің шыңдалып, танылуына мүмкіндік беретін бұл жоба биыл үшінші мәрте өткізіліп отыр. Жобаның ауылдық, аудандық, қалалық,облыстық іріктеу кезеңдеріне аудандарға қарасты барлық ауылдың талантты жастары қамтылып, 400-ге жуық үміткер қатысты. Бүгін сіздердің назарларыңызға облыстық кезеңнен сүрінбей өткен он жеңімпаздың өнері ұсынылып отыр, – деді Ерлан Нұрманұлы. Сондай-ақ ол жаңа әндер енген «Жаңа Есім» CD жинағының лентасын қиды. Жас өнерпаздардың жұлдызын жаққан мерекелік кеште көрермендер әуелеген әсем ән мен күмбірлеген күй тыңдап, құлақтарының құрышын қандырды. Әсіресе Мұхамедали Талғатов, Асел Бөбек пен Тимур Кимнің орындауындағы күй тартысы көпшіліктің көңілінен шықты. Нұрайлым Әбілданың орындауындағы шетелдік «Lost on you», Азат Қадырбектің орындауындағы «O sole mio» әндері де жұртшылық тарапынан жоғары бағаға ие болды. Концертте «Ағайша-ау», «Дүние-ай» секілді халық әндері, қазақ композиторларының ел арасына кең тараған әдемі туындылары да шырқалды. Жас өнерпаздарды Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның танымал әншілері, Мәдениет саласының үздіктері Маралбек Бабақұлов, Оңал Азаматова, Назима Үсенова, Дастан Көреген, Айгүл Есекеева, Құрмаш Қуанышбаев, Халықаралық конкурстардың лауреаты, пианист Азиз Кушаков, марапаттап, өрендердің өнердегі жолына сәттілік тіледі. Кеш соңында барлық финалистер сөзін жас ақын Елдар Боранбек жазған сазгер Көпшіл Ертаевтың «Жаңа есім» әнін қосыла шырқады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар