Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚОРШАҒАН ОРТА ҚАМЫ БАРШАҒА ОРТАҚ

ҚОРШАҒАН ОРТА ҚАМЫ БАРШАҒА ОРТАҚ
ашық дереккөз
ҚОРШАҒАН ОРТА ҚАМЫ БАРШАҒА ОРТАҚ
Жамбыл облысы еліміз бойынша экологиялық ахуалы күрделі аймаққа жатпайды. Атап айтқанда, өңірімізде табиғат пайдаланушылар үшін 2021 жылға арналған экологиялық рұқсаттармен шығарындылар лимиттері 126 мың тонна көлемінде белгіленген. Бұл жалпы елімізде белгіленген 4,200 миллион тонна лимитінің 3 пайызын ғана құрайды және он екінші орында орналасады. Осы ретте нақты шығарылған шығарындылар көлемі 76,950 мың тоннаны құрап отыр. Бұл «Қазгидромет» РМК-нің бақылауы бойынша төмен, орташа ластану, жоғары және экстремальды жоғары ластануды тіркеудің болмауы туралы мониторинг деректерімен расталады. 2021 жылға экологиялық рұқсаттармен 24 мың тонна көлемінде төгінділер лимиттері белгіленген. Бұл еліміз бойынша белгіленген 2,400 миллион тонна жалпы лимиттің 1 пайызын ғана құрайды. Жоғарыда берілген лимиттің 17,157 тоннасы ғана шығарылып отыр. Департамент өз қызметі аясында табиғат пайдаланушылармен экологиялық заңнама талаптарының сақталуына бақылау мен реттеуді жүргізіп келеді. Аймақтағы экологиялық проблемалар – елді мекендердегі халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымдардың бүгінгі күн талабына сәйкессіздігі әсерінен қолдан қалыптасып отырған жекелеген күрделі локальды экологиялық объектілер екенін айта кеткен жөн. Бұл объектілер туралы әлеуметтік желілерде сыни пікірлер мен шағымдар айтылып жүргенін жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе Тараз қаласында кәріз суды шығару, тұндыру, сіңіру және булану тоғандарының бүгінгі жай-күйі өте күрделі мәселелердің бірі. Тараз қаласы республикада кәріз суы тазарту стансасы жоқ жалғыз облыс орталығы. Қазіргі күні лас су тоғанға сыймай, сол аймақтағы көлдер жүйесіне құйылуда. XXI ғасырда өмір сүріп жатсақ та біз тазарту стансасын салу мәселесін әлі жырлап жүрміз. Ал бүгінгі күннің талабы – тазартылған суды қайта пайдалану, қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалану. Екінші өзекті экологиялық мәселе ретінде қала іргесіндегі фосфогипс үйінділерін айтуға болады. Фосфогипс кәсіпорын қалдығы болғанымен, негізі ауыл шаруашылығы өндірісіне қажетті тынайтқыш. Қалдықтардың сыныптамасы бойынша V сыныпқа жатады және қауіпсіз қалдық болып дәрежеленеді. Фосфогипс үйіндісіне байланысты жиі-жиі көпшіліктің наразылығы туындап, әрдайым мәселе көтеріліп келеді. Жетпіс жылдық тарихы бар «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тынайтқыштар зауыты» кезінде қала шетінде болғандықтан үйінділерді орналастыруға тиісті мемлекеттік органдардан келісімдер берілген. Барлық құжаттары заңды болғанымен бүгінгі күні өзекті мәселеге айналуда. Кәсіпорын қазіргі таңда өзінің қуаттылығын арттыратын жобаны жүзеге асыруда. Осы ретте департамент қалдықтарды қала ішіндегі фосфогипс үйінділеріне жинақтауға үзілді-кесілді тыйым салып, 2024 жылдан кейін қаладан 20 шақырым жердегі «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» (НДФЗ) аймағынан бөлінген арнайы бейімделген алаңға шығаруды талап етіп құжаттармен бекітіліп отыр. Ендігі мәселе – жинақталған 14 миллион тонна фосфогипсті жою немесе пайдалану. Бұл ретте фосфогипс қалдықтарын жол құрылысы материалы ретінде пайдалану жөнінде пилоттық жоба жүргізілуде. Егер де тиісті сараптама қорытындысында ұсыным берілетін болса, әрі қарай жүзеге асыру жөнінде бастамалар қажет болады. Сонымен қатар тыңайтқыштың (фосфогипс) жылына 30 мың тоннасы ғана ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берілуде. Бұл көлемді жылына 60 мың тоннаға жеткізуді экологтар талап етуде. Алайда тасымалдау құны қомақты шығынды талап ететіндіктен сұраныс болмауда. Бұл мәселені де экологтар көтеріп, Үкімет тарапынан ынталандыру (субсидия) қажеттілігі жөнінде ұсынымдар беруде және жақында ғана Парламент Сенатының депутаттары назарына ұсынылып, Үкіметке ұсыныспен шығу жөнінде ақпарат берілді. Жалпы кәріз суына байланысты мәселе барлық елді мекендерде өзекті. Тараз қаласына тән экологиялық ахуалдар мен күрделі мәселелер Шу, Жаңатас және Қаратау қалаларында да қалыптасып отыр. Аймақтың басқа аудандары мен елді мекендеріндегі кәріз суды басқару мәселесі мүлдем басқарусыз жүргізіліп жатыр десек, ешкім жоққа шығара алмас. Бұл мәселелердің туындауы халық және кәсіпкерлік субъектілерінің санының артуына байланысты болса, сонымен қатар әрбір елді мекендегі тұрғын үйлерді ауызсумен қамтамасыз ету нәтижесінде пайдаланудан шыққан лас сулардың көлемінің артуы болып отыр. Жұмысшы топпен зерделеу кезінде қолда бар биологиялық тазарту стансасынан тазартылып шыққан суды жинақтау алаңдарын пайдалану ережелерін бұзу деректері де кездесті. Мысалы, Шу ауданындағы Төле би ауылында заманауи тазарту стансасы іске қосылып, лас сулар тазартылып, арнайы су жинағышқа құйылуда. Объект құны да өте қомақты қаржыны құрайды. Алайда жұмысшы тобы куә болғандай тазартылған су сақтайтын тоғандарға жекелеген тұрғындардың үйінен шыққан тазартылмаған, сондай-ақ елді мекендерде жауын-шашыннан жинақталып қалған суларды тасып төгу деректері бойынша қоғам белсенділері сын-пікірлер айтып, орынды мәселелерді билік назарына ұсынуда. Осылайша жұмысшы топ көргендей жергілікті билік өзекті мәселелерді шешуде қиындықтарға кездесіп отырса, ал мәселесі шешілген елді мекендерде объектілерді немқұрайды пайдалану орын алуда. Осы ретте еңгізілетін ұсыныс – облыстың барлық елді мекендеріндегі кәріз суды басқару объектілеріне түгендеу (инвентаризация) жүргізіп, нақты жағдайды анықтап, елді мекендердің келешек дамуын ескеріп, объектілердің салынуына қатысты мәселелер күн тәртібіне енгізіліп және күн тәртібінен түспеуі қажет. Бұл ретте ауқымды түрде Жол картасы жасалып, жүйелі түрде жұмыстар жоспарлануы қажет деп ұсынысымызды білдіреміз. Аймақта тағы да бір мәселе, жылма-жыл көлемі азаяды деп болжамданған деректердің бірі – жер учаскелерінің өндірістік, әсіресе тұрмыстық қалдықтармен ластанған жерлердің көлемінің ұлғаюы. Бүгінгі экологиялық заңнама талаптары қалдықтар құралған сәттен бастап түпкілікті кәдеге жарату болса, біздер әлі күнге дейін тазарту, полигон құрылысы, қалдықтарды жинақтау мәселелерін арнайы жиналыстарда күн тәртібінде қарап келеміз. Осы орайда, экология департаменттері республика бойынша «Ғарыш сапары» акционерлік қоғамы арқылы қалдықтардың орналасқан жерлерін анықтауда ғарыштық бақылауды жүзеге асырып, жергілікті атқарушы органдарға қалдықтармен ластанған жерлердің координаттарын тазарту үшін беріп келеді. Мәселен, соңғы жылы 233 нүктеде кездейсоқ қалдықтар орналасқаны анықталса, бүгінгі күні 83 пайызға ғана жойылды. Қалдықтарды басқару ісіне қолданыстағы заңнамалар бойынша жергілікті атқарушы органдар жауапты болып табылатындықтан бұл туралы хабарламаны әріптестерім беретін болады. Мақаланы қорытындылай келе жалпы аймақтағы экологиялық мәселелерді кешенді түрде шешу жөнінде Жол картасы әзірленіп, экология министрімен келісіліп облыс әкімімен бекітілгендігін жеткізгім келеді.

Марат ҚҰРМАНБАЕВ, облыс бойынша экология департаментінің басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар