Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ОҢАЙ ОЛЖА ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ

ОҢАЙ ОЛЖА ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ
ашық дереккөз
ОҢАЙ ОЛЖА ОПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ
Микрокредит – жоғары пайызбен ұсынылатын ұйымдардың шағын несиесі. Микронесиелік ұйымдар – банк емес. Бірақ қаржы институттары есебінде операциялар орындайды. Қазіргі таңда «Займер», «Деньги маркет», «Көке кз», «Ақша бар» сынды 100-ге жуық микроқаржылық ұйым бар. Негізі микроқаржылық ұйымдар туралы заң 2003 жылы қабылданған. 2012 жылы «Микроқаржылық ұйымдар» туралы жаңа Заң қабылданғанда елімізде 1 756 ұйым болған. Қазақстан микроқаржылық ұйымдары қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, олардың барлығы статистика агенттігіне мәлімет бермеген. 2015 жылы микроқаржылық компаниялар Ұлттық банкте ұйым ретінде тіркелген. Бұрын кез келген қаржылық ұйымның несие беруге рұқсаты болса, 2015 жылдан кейін микроқаржылық ұйымдардың қаржысы 30 миллион теңге болғанда ғана несие бере алатын болды. «Кредит 24» компаниясы жүргізген зерттеудің нәтижесіне сенсек, микронесиеге жүгінетіндердің басым көпшілігі әйелдер (63 пайыз) екен. Ерлердің үлесі – 37 пайыз. Ең қызығы, ең көп алынатын сома – 15-30 мың теңге. Статистикалық деректерге қарағанда, Алматы қаласында микронесие алатындардың қатары қалың. Олардың басым бөлігі – жастар. 18-24 жас аралығындағылар 39 пайызды, 25-30 жас аралығындағылар – 26, 31-40 жас аралығындағылар – 19, 50 жастан жоғарылар 7 пайызды құраған. Көбінесе несиені айлыққа дейін алады немесе басқа да қарыздарымен есеп айырысу үшін пайдаланады. Микроқаржылық несиелер жылдам әрі еш қиындықсыз беріледі. Кейбіреулер тіпті бір уақытта бірнеше несие онлайн арқылы алып та жатады. Бірақ алмақтың да салмағы бар. Үстеме пайызы өте көп. Негізі Аустрия, Аустралия, АҚШ-тың 14 штатында микронесиелік ұйымдарға тыйым салынған. Өйткені банкте рәсімделген несиені төлей алмаған жағдайда несиелік демалыс, қайта құрылымдау сияқты жеңілдік алуға болады. Ал микроқаржылық ұйымда оның бірі де жоқ. Бірақ банктер сияқты олар да несиені коллекторлық компанияларға сата алады. Сөйтіп, қарызын кешіктіргендердің ісімен коллекторлық компания айналыса бастайды. Мұндай жағдайда несиенің бірнеше есе еселенетіні айтпаса да түсінікті. Онлайн қарыз берушілер жайлы елімізде нақты мәлімет, бірыңғай ақпараттық база жоқ. Және жарнамасы қаптаған мұндай ұйымдар өз жұмыстары туралы мемлекеттік органдарға есеп бермейді. Комиссия көлемін де өз қалауынша құбылтады. Сондықтан жеңіл ақша студенттерге де, жұмыссыз жүргендерге де, зейнеткерлерге де беріле береді. Осы орайда сот орындаушы Мақпал Досымбек Қазақстанда 246 микронесиелік ұйым бар екенін айтады. – Оның ішінде 25 компания онлайн форматта ақша береді. Телефон нөміріңізді тіркесеңіз болды, күн сайын әртүрлі микронесиелік ұйымдардан хабарлама келіп тұрады. Одан қалса, электронды поштаңызды тіркеген болсаңыз, оған да күн сайын жарнамалық мәтіндер барып тұрады. Онлайн несиеге түбегейлі шектеу қоя алмаймыз. Проблемалық мәселелер сот орындаушыға келеді. Яғни олар да банктер сияқты несиені коллекторлық компанияларға сата алады. Микроқаржылық ұйымдарға қарыз адамдардың тізімі бізге беріледі. Пайызымен өндіртіп аламыз. Ең біріншіден, ол нотариусқа беріледі. Сосын сот орындаушыға өтеді. Сөйтіп, қарызын кешіктіргендердің ісімен біз айналысамыз. Сот орындаушы ол іспен айналысқан соң қарыз бірнеше есе ұлғаятыны айтпаса да түсінікті, – дейді М.Досымбек. Енді қарызын 90 күн бойы төлей алмағандарға несие берілмейді. Тұтынушылық, ипотекалық, қолма-қол қарыздың берілуі шектеледі. Микронесиенің залалы қарапайым банктен алған несиеге қарағанда әлдеқайда көп. Яғни жоғарыда жазғанымдай, олар өз қарыздарын қайтару мақсатында кез келген әдісті қолдана береді. Ал сіздің ісіңіз коллекторларға өтіп кетсе, олардың қызметін қолданғаныңыз үшін қарыздан бөлек тағы ақша төлеуіңіз қажет.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар