Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БЕРЕШЕКТЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ?

БЕРЕШЕКТЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ?
ашық дереккөз
БЕРЕШЕКТЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ?
Бұрындары қарыз деген сөзді ата-ана алдындағы перзенттік қарыз, Алла алдындағы ғибадат қарыздарымыз деп қана түсінетінбіз. Ал қазір ипотекалық, тұтынушылық қарыз сынды қарыздардың да түрі көбейді. Айналамызда қарыз емес адам кемде-кем. Бірі кәсіп ашқысы келіп қарыз алады. Енді бірі көлік аламын деп қарызданып-қауғаланса, тағы бірі мұқтаждықпен қарызданады.  Әрине, ешкім жетіскеннен қарыз алмайды. Жасыратыны жоқ, кейде адам басына іс түсіп, қарыз алуға мәжбүр болады. Бірақ тұрмысы жақсы бола тұра қарыздың қамытын мойнына киетіндер де бар. Яғни алған қарызын мұқтаждығын өтеуге емес, тұрмысын жақсарта түсуге жұмсағысы келеді. Айдап жүрген көлігін менсінбей, қымбатына көз тігуі мүмкін, зәулім сарайдай үйде тұрып, абыройын арттыруды қалайды. Сөйтіп, жалған мақтан үшін қарыз алады. Одан бөлек «шашылсақ тойға шашылайық» деп, қарызданып-қауғаланып, тіпті несиеге дүркіретіп той жасаймыз. Біз кез келген қаржылай қиындықтың шешімін несиемен байланыстырамыз. Жаңадан үй салып, көлік алатын болсақ та несие аламыз. Ақша жинап баспанаға салып, көлік алып, той-томалақ өткізетіндер некен-саяқ. Анығында, біз ақшаны жинаудан гөрі, оңды-солды шашуға құмармыз. Тіпті қазір жұртшылық басқаны былай қойғанда, азық-түлікті де несиеге алатын болған. Қарызға азық-түлік алудан ешкім арланбайды. Бұрын азық-түлікті «қарыз дәптерге» жаздырып алатын болсақ, қазір «Kaspi Red» тиімді болып тұр. Осы орайда «тым болмаса бір адамға көмегіміз тисе – үлкен олжа» деген оймен қаржы мамандарымен сөйлесіп, қарыздан тез құтылудың жолдарын сұрастырдық. Мәселен, қаржы маманы Айсана Тымбаева қарызды қайтармас бұрын жеке дәптер арнап, ұсақ-түйек қарыздан бастап қомақтысына дейін бірін қалдырмай жазуға кеңес береді. – Қарыздарыңыздан құтылғыңыз келсе, қарыз алған адамыңызбен немесе қарыз алған банкпен бөліп-бөліп төлеу жайында келісіңіз. Көптеген адамдардың қателігі қарызға 1 миллион теңге алып, екі айдан кейін беремін деп келіседі. Көзді ашып-жұмғанша екі айда өте шығып, уақытында қайтара алмай қалады. Сондықтан ай сайын 50 мың, 100 мың немесе өзіңізге ыңғайлы соманы беріп тұруға келіскеніңіз жөн. Егер де шын мәнінде өмірде табысқа жетіп, қарыздарыңыздан тезірек құтылғыңыз келсе, қарыздар жайлы мүлде ойламаңыз. «Қарыздарымнан қалай құтыламын?» деп ойлап жүрсеңіз бизнесіңізді дамыта алмайсыз. Жұмысыңыз да жүрмейді. Сол себепті қарыздарыңызды ойлай бермей, ақша табу қабілеттеріңізді дамытыңыз. Бизнесіңізді дамытатын жолдарды қарастырыңыз. Түрлі-түрлі кітаптар оқып, семинарларға қатысыңыз. Сонда ғана сіз қомақты ақша тауып, қарыздарыңызды қайтара аласыз. Өмір қандай болса, сол қалпында қабылдаңыз. Яғни өмірде жолыңыз болмай, қарыздарыңызды уақытында бере алмай қалсаңыз немесе қарыздарыңызды өтей алмай қиналсаңыз, тек менде ғана осындай жағдай демеңіз. Қарыз – бүгінгі күннің ажырамас бөлігі екенін ескеріңіз, – дейді А.Тымбаева. Ал тағы бір қаржы маманы Гүлмира Қасарай ең алдымен кім сізге керек кезде қол ұшын созып, қарыз берсе, солардың бәріне қоңырау шалып, жағдайды түсіндіру керектігін айтады. – Ол да сіз секілді ет пен сүйектен жаралған пенде болғандықтан түсіністік танытары анық. Қазір төлей алмай жатқаныңызды айтып, кешірім сұрап, аз-аздан болса да бөліп төлейтініңізді айтыңыз. Сосын үйдегі қажетсіз заттарды сатып, қарыздарыңызды қайтарыңыз. Соңғы үлгідегі телефон, қысқатолқынды пеш сынды дүниелерді алмай-ақ, ескі дүниелерді ұқсатып, пайдалана білу керек, – дейді Г.Қарасай. Сайып келгенде, қазір қарызсыз, несиесіз, ипотекасыз өмірді елестету қиын. Десе де ескеретін нәрсе бар. Байлық – тапқаныңыздан асырып емес, кем жұмсағанда бітетінін біліңіз. Былайша айтқанда, «Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар, қоймай жесең нең қалар?!».
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар