ҚАРЫЗ БЕРУ МЕН ҚАЙТАРУ ӘДЕПТЕРІ
Асыл дініміз Исламда адам баласының екі дүниесіне қажетті барлық мағлұмат қамтылған. Осындай қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде баяндалған мәселелердің бірі – қарыз алу және оны қайтарудың әдептері. Қарыз беру мен оны қайтаруға қатысты әдептерді білмегендіктен адамдардың арасында реніш, өкпе, сенімсіздік, сыйластықтың бұзылуы сияқты келеңсіз жайттар орын алып жатады. Осыны терең түсінген ата-бабаларымыз «Қарыз беру уайым емес, қайтарып алу – уайым», «Көшуден бұрын керуенбасыңды сайла, қарыз алудан бұрын береріңді ойла», «Қарыз қарым-қатынасты бұзады» деген даналық сөздерді айтқан.
Мұсылман адам алушы қолдың беруші қолдан төмен екенін есте ұстайды. Сол себепті де аса мұқтаждық көрмесе, тапқаны күнкөрісіне жетсе, өзгелерден жәрдем сұрамағаны дұрыс. Бекерден-бекер қарыз алу жақсы іс емес. Сондықтан қарыз сұраушы адамның себептері салмақты, яғни мұқтаждығы орынды болуы керек. Лұқман Хакім: «Қарыз жүгінің астында езілгенше, тас тасыған жақсы», деген екен.
Ал облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпек қарызды жаныңыз қиналып тұрса, аса қатты қажет болып тұрғанда ғана қайтарамын деген ниетпен алу керектігін айтады.
– Қарыз алушы оны міндетті түрде өтеймін деген ниетте болуы керек. «Амалдар ниеттерге байланысты» екендігін ескерсек, сонда Алла ісімізге жеңілдік жасап, мақсатымызға тезірек жеткізеді. Өйткені қарыз – аманат. Уағдаласқан уақыт келген сәтте қарыз алушы мүмкіндігінше өз аяғымен барып, қарыз берген адамды тауып, алған аманатын қайтарып беруі қажет. Қарызды уақытында қайтармай, берген адамды өзі іздеп келуіне мәжбүрлеу – адамгершілікке жатпайтын іс. Себебі жағдайы бола тұра қарызды қайтармай әдейі созу уәдеде тұрмағандық деп танылады. Адам мен адам арасындағы қарыз – үлкен жауапкершілік.
Қарызды қасақана кешіктіру ешкімге абырой алып берген емес. Керісінше қарыз берушінің сенімін жойып, көңілін суытады, екеуара қарым-қатынастары нашарлайды. Қарыз берген кісінің де жағдайын түсініп, оған да қаржы керек қой деп ойлау керек. Имам Раббани: «Бір тиын болса да қарызын қайтару –
көп алтын садақа беруден де жақсы», деген, –
дейді Ғ.Жәпек.
Шариғатымызда алған қарызын уақытылы қайтара алмайтын жағдайда, қарыз берушіні қарыз алушының өзі іздеп барып, «мен мынадай күні алған қарызымды қайтарамын деп уәде бергенмін. Бірақ қайтара алмай қалатын сияқтымын. Қарызды қайтаруыма мына уақытқа дейін тағы да шегерсеңіз» деп өтініш жасауы қажет екен. Бұл адамдар арасындағы өзара сенімділікті одан сайын арттыра түседі. Мұндағы басты мақсат – берушіні сабырға шақыру және алушының аманатқа деген жауапкершілігін күшейту. Жаңа келісім жасау берушіні де, алушыны да разы етеді. Ал қарызды алуын алып алып, қайтаруға келгенде жауапкершіліктен қашу, қарыз алған адамның көзінен тасаланып қашып жүру, қоңырау шалса көтермеу, қарызды берген адам қайтаруын талап етсе, ренжу сияқты істер мұсылман адамға мүлде тән емес. Алған қарызын өтейін десе де өтей алмай, шынайы қиналған адамның қарызын кешірудің сауабы мол. Кімде-кім қарыз алған адамның қарызын кешірсе, Алла ол адамды кешіреді. «Кім қиыншылыққа тап болғанның қарызын өтеуге уақытын ұзартса немесе оны кешірсе, ондай құлды Алла Тағала көлеңкелер болмаған күні Өзінің Аршысының көлеңкесіне алады», деген (имам Ахмад).
– Құран Кәрімде де қарызын қайтаруға шамасы келмей қиналып жүрген жанның жағдайын түсініп, жеңілдік жасау мәселесіне қатысты былай делінген: «Егер қарыз алған адам қысылып тұрса, жағдайы оңалғанша оған мұрсат беріңдер. Біле білсеңдер, (қарызға белшесінен батқан қолы қысқа адамнан алатын) алашақ қарыздарыңды біржолата кешкендерің өздерің үшін қайырлы!». Шафиғи және Ханбали мәзһабтарының ғалымдары осынау аятқа қарап, қарыз беруші қарызын қайтаруға шамасы жетпеген жанның қарызын кешкен жағдайда, кешкен қарызы мөлшерінде белгілі бір қаражатты беретін зекетінен алып тастауға болады деген тұжырымға келген. Жоғарыдағы аят пен хадистерден қарызын шынымен өтегісі келетін, алайда қолының қысқалығынан қайтаруға шамасы келмей жүрген жандарға түсіністікпен қарап, жеңілдік жасаудың және оларға қол ұшын берудің өте сауапты іс екенін аңғаруға болады. Дегенмен қарыздар жанға жеңілдік жасағанда бір Алланың разылығы үшін деп жасау да шынайылық һәм ықыласты болу тұрғысынан өте маңызды екенін естен шығармаған абзал, – деді Ғ.Жәпек.
Қарыз адамның жай-күйі белгілі. Жүрек тыныштығын таппай ойы мен ісінің берекесі кетіп, күні бойы қарызды қалай қайтарамын деген уайымға салынады. Сондайда бір сәт тыныштық тауып, Алланың құзырына қалдырып, қолын жайып Алладан сұраса, мұқтаждығы өтеледі. Дұға – мұсылманның қаруы, құлшылықтың өзегі. Алла қолын жайып сұраған пендесін бос қайтаруға ұялады. «Мен жауапты ойлап, уайымға салынбаймын, өйткені менің ісім – Оған дұға жасау. Егер маған дұға жасау бұйырылса, жауап та онымен бірге келеді», деген екен Омар ибн әл-Хаттаб.
«Алла Тағала сені сынаса – үніңді естігісі келгені, ал дұға жасауға мүмкіндік берсе – жауап бергісі келгені». Олай болса, қиналған сәтте қарыздан құтылу үшін төмендегі дұғаларды оқыса болады екен. Дұғаны Алланың 99 көркем есімінің бірімен жасаған жөн екен. Алланың көркем есімдерімен дұға жасаған адамның дұғасының қабыл болу мүмкіндігі жоғары. Мәселен, ризық сұрағысы келген адам «Я, Раззақ!», шипа сұрағысы келген «Я, Шәфи», көмек сұрағысы келен «Я, Насыр» деп сұрайды. Хадисте «әл-Қайиум», «әл-Хайю», «Зуль-жәләли уә әл-Икрам» есімдерімен дұға жасаудың абзалдығы айтылады. «Аллаһумма! Инни әъузә бикә минәл-һамми уәл-хузни, уә әъузә бикә минәл-ъажзи уәл-кәсәл, уә әъузә бикә минәл-жубни уәл-бухл, уә әъузә бикә мин ғоләбәтид-дайн, уә қаһрир-рижәәл». Мағынасы: «Я, Тәңiрiм! Күйзелiс және қайғыдан, әлсiздiк пен жалқаулықтан, қажырсыздық пен сараңдықтан, қарызға бату мен адамдардың ашуынан өзiңнен пана тiлеймiн». Осы дұғаны күнделікті оқып жүру – қарыздан құтылуға бір себеп екен. Немесе мына бір дұғаны айтсақ та болады екен. «Аллаһуммә, кфи-ни би халәликә, ан хәрамикә уә әғнини би фәдликә, аммән сиуәк!». Мағынасы: «Я, Алла! Мені халал еткен нәрселерің арқылы харам еткен нәрселеріңе жүгінуден сақтай гөр, әрі Өз кеңшілігіңмен мені Өзіңнен басқаларға мұқтаж етпе!».
Сүннетке сай қарыз ауыртпашылығынан құтылуға жазсын баршамызды!
Келесі мақала