Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАРГЕТТЕН ТАБЫС ТАПҚАН ҰЛБАЛА

ТАРГЕТТЕН ТАБЫС ТАПҚАН ҰЛБАЛА
ашық дереккөз
ТАРГЕТТЕН ТАБЫС ТАПҚАН ҰЛБАЛА
Кейіпкеріміз Ұлбала Өмірзақ жақында ғана дипломын қолына алып, университеттен түлеп ұшып шықты. Қатарластары жұмыссыз жүргенде ол трендтегі мамандық таргетті игеріп, күнделікті 2-3 сағат қана уақыт жұмсап, табыс тауып келді. Таргетолог маманының әлеуметтік желіге белгілі бір кәсіптің жарнамасын жіберетіні белгілі. Бұл инфокәсіп саласында топ жару үшін не істеу керек? Нарықтағы жаңа мамандықты қалай игеруге болады? Осындай біршама сұрақтардың жауабын креативті кейіпкерімізден сұрап білдік. – Ұлбала, өзің жайлы айтып берші. Бұл кәсіпке қалай келдің? – Мен 2001 жылы Жамбыл ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келдім. 2019 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне түсіп, «Қазақ филологиясы» мамандығын бакалавр бойынша биыл тәмамдадым. Таңдаған мамандығымның өзі әмбебап болып саналады. Яғни журналист, мұғалім, тіл маманы болып жұмыс істеуге болады. Мамандық таңдаудан еш қателеспедім деп санаймын. Себебі оқу бітірмей жатып облыстық «Jambyl» телеарнасында жүргізуші-диктор болып жұмыс істедім. Өзімді жаңа қырымнан аштым. Журналистік жолды таңдауымның да себебі жоқ емес, өйткені алғашқы мақсат – бала Ұлбаланың арманын жүзеге асыру еді. Кішкентайымнан кітапты бар дауысыммен оқитынмын, өзімді диктор ретінде елестететінмін. Иә, телеарнада жүргеннен жаман болған жоқпын, керісінше тұлға ретінде қалыптаса бастадым. Өзімнің әлеуметтік желідегі парақшамды қолға алып, елге қызықты контент жүргізе бастадым. Осылай жеке брендті қалыптастыру бойынша жұмыс істеп, жаңа заман талабындағы жұмысты игердім. – Осы орайда таргеттің негізі мен міндеттерін айта кетсең... – Таргет – «Instagram» мен «Facebook»-та мақсатты аудиторияға көрінетін жарнама форматы. «Meta» компаниясының негізін салушы Марк Цукерберг 2004 жылы бар күшін осы «Facebook» желісінің дамуына салады. Бүгінде оны қолданушылар саны 2,96 миллиард адамды құрап отыр. Таргеттің мақсаты да осы, әлеуметтік желінің барлық игіліктерін пайдалану арқылы кәсіпке жарнама жіберу. Бұрынғыдай қаладағы билбордқа кәсібіңді жариялау үшін қыруар ақша төлемейсің, теледидарға жарнама берудің де қажеті жоқ. Тек таргет жіберіп, кәсібіңдегі тұтынушы санын 2-3 есеге арттыруға болады. – Бұл кәсіпті не үшін таңдадың? – Мен негізі таргетке тосыннан келдім. Өзім блог жүргізгенді, айналамдағы әдемілікті суретке не видеоға түсіріп, ойымды архив ретінде сақтағанды ұнатамын. Кейін жақын құрбыларым «тәуекел жасап, таргетті оқығалы жатырмыз» деп курс алып бастап кетті. Ал ол уақытта үлкен көлемдегі курс алуға менде қаражат жетпеді. «Егер Магомед тауға бармаса, тау Магомедке барады» демекші, таргетті бәрібір оқып алдым. Нақтырақ айтқанда, «Instagram» әлеуметтік желісінде «таргетті тегін үйретемін» деген жарнаманы көріп қалдым. Барлық шарттарымен танысып, тез арада шешім қабылдадым. Байқау нәтижесінде жеңімпаз атанып, таргетті тегін үйрену бақыты бұйырды. Журналистика мен таргетті салыстырар болсам, журналист камера алдында жұмыс істеуден бөлек, камера сыртында көп еңбектенеді. Бұл жерде де жеке бренд қалыптастырып, дамуға болады. Бірақ таргет саласында даму бір бөлек. Расында, бастапқыда әлеуметтік желіде көп еститін «таргет арқылы миллион тап», «табысыңды 2 есе арттыру үшін таргетті бізден оқы» деген офферлерге мүлдем сенбейтінмін. Бірақ Алланың қалауымен осы салаға бет бұрып, өзімнің шынайы жұмысымды, не қалайтынымды таптым. Шаблонды офферлерде жазылғандай, табысымды да арттырдым. – Жалпы кез келген мамандық, кәсіп иесіне тән өзіндік қасиеттері болады. Сол сияқты жақсы таргетологтың қасиеттерін де айта кетсеңіз... – Таргетологтың арнайы міндеті бар, ол кез келген кәсіп түріне талдау жасап, бәсекелестерді зерттейді. Таргетолог өз жұмыс кезеңдерін толығымен білуі қажет. Анығырақ айтар болсам, ең бірінші, клиентпен ақылдасып, мақсатты аудиторияны анықтау қажет. Жарнаманы әлеуметтік желіге жіберу үшін де стратегия құрған жөн. Ол үшін аудиторияға өтімді мәтін мен дизайны келіскен макет жасап және клиентке кері байланыс жіберу керек. Осының барлығы таргетологтың міндетіне жатады. Онлайн әрі үйде отырып жасайтын жұмыс десек те, атқаратын шаруасы кәдімгі бір маманның таңнан кешке дейін жасаған жұмысымен бірдей. Ал жақсы таргетологты қалай анықтаймыз? Ең әуелі, таргетолог жақсы сату маманы болуы керек. Сатудан хабары бар маман кез келген клиентпен қалай жұмыс істеу керектігін біледі. Өзін толығымен ұсына алады. Келген клиентке де консультация беру арқылы кәсіптің жақсы жүруіне себепкер болады. Таргетологтар еліміздің экономикасының дамуына оң үлесін қосып жатыр десек те қате айтпаймыз. Өйткені цифрлық даму кезеңінде кәсіп бастағандар таргеттің көмегімен клиентті уайымсыз тауып отыр. – Отбасы мүшелері журналистикадан кетіп, таргетолог маманы боламын дегеніңе қалай қарады? Оларды өзің таңдаған мамандықтың болашағы бар екеніне қалай сендірдің? – Шынымды айтсам, алғашқыда таргетпен айналысам дегенімде ешкім түсінбеді. «Бұл қандай мамандық?», «Не істейді?» деген сұрақтарға жауап беру алғашқы уақытта қиынға соқты. Әлеуметтік желіні жүргізетін жандарда күнделікті түрлі күдік туады. «Бұл іспен айналысқаным дұрыс па?», «Аудиторияммен кері байланысты қалай арттырамын?» деген сауалдар мазалап, адам бұл іспен айналысқысы келмей қалуы мүмкін. Сол кездерде жаныңнан сені ойыңнан айнуға, алғашқы кездегі мақсаттарыңды есіңе түсіруге көмектесетін жан табылса жақсы. Мұндай кезеңдерден сәтті өтіп, өз-өзімді жоғалтып алмауыма жұбайымның қосқан үлесі зор. Таргетті оқимын деген сәттен-ақ өз қолдауын білдірді. Мені әр жетістігім үшін мақтап та отырды. Екінші жартыңның әрдайым осылай қолдау білдіруі әрдайым мотивация да сыйлайды. Отбасымның мүшелері де жылы сөзді аямады. Таргеттен алғаш тапқан табысым 10 мың теңге болатын. Сол күні қуанышымда шек болмады, бірден үйге тәтті-дәмділерімді көтеріп келдім. Сондай-ақ дұрыс таңдау жасағаныма да іштей қуанып, шүкіршілігімді арттыра бердім. Қазір таргет арқылы табыс тауып отырғанғандықтан ұялмай өзімді таргетологпын деп таныстыра беремін. Тіпті жақындарыма үйреніп алыңдар деп кеңесімді де айтамын. Өйткені таргетолог маманы қазір сұранысқа ие. Бәлкім, бұрындары үлкен компаниялар таргетке сенімсіздікпен қарап, миллиондап ақша құймаған шығар. Бірақ қазір шағын кәсіп иелері де таргетологтың қызметіне жүгініп, үлкен соманы жұмсай алады. Неліктен? Өйткені бұл клиенттің санына инвестиция, құйылған ақшаны 2-3 еселеп қайтарып алуға болады. – Парақшаңнан таргет саласында жетістікке жеткен оқушыларың туралы айтып қалдың. Бұл саланы өзгелерге үйрету идеясы қайдан келді? – «Instagram» парақшамды ашқан сайын оқырмандарымнан «таргетті үйретіңізші», «үйде отырып табыс тапқым келеді» деген сынды хабарламалар келетін. Өзімді білім беру саласында да сынап көрейін деген мақсатта оларға білгенімді үйретіп көрейін деп шештім. Қазіргі кезге дейін 10-ға тарта адамды жаңа инфокәсіптің түрімен таныстырдым. Оқушыларым да берген білімімді бірден іліп әкетіп, таргет арқылы жарнама жіберуді тез меңгеріп алды. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, қазір менің оқушыларым бірнеше жобаны қатар алып жүр. Санға емес, сапаға жұмыс істеудің артықшылығы осында. – Таргетті оқуға қандай жандарға кеңес бересің? Егде жастағы адамдар оқи ала ма? Таргетті оқу үшін не қажет? – Қазір нарық таргетолог мамандарын қажет етеді. Неліктен? Өйткені күн сайын кәсіппен айналысатын адам саны өспесе, кеміген емес. Таргетті ең бірінші кезекте студенттерге оқуға кеңес беремін. Өйткені 4 жыл ішінде тек университетте ғана білім алып қалмай, тұлға ретінде қалыптасу үшін де қажетті мамандықтарды игеріп алған абзал. Кейін өздері кәсіп бастаса да, әлеуметтік желіге жарнама жіберу арқылы да тұтынушы санын арттырса болады. Бір шетінен өз ақшаңды адал жолмен табасың, бір жағынан дамушы орта табасың. Үйде отырған аналарға бұл таптырмас мамандық. Бала күтіміндегі аналар үйде отырып-ақ табыс таба алады. Босанудан кейін болатын депрессияның да алдын алады. Таргетті игеру үшін жас ерекшелігі маңызды емес. Егде жастағы жандар да оқи алады, мәселен, 45 жасқа дейін делік. Тек жаңа технологияларды білсе болғаны, қалғанын оңай меңгеріп кетеді. Таргетолог болып жұмыс істеу үшін көп заттың қажеті жоқ, қолыңда телефоның бар болса болғаны. Қалған жұмыс әлеуметтік желіге қалады. – Кейбіреулер таргетолог пен SMM маманының міндеттерін шатастырып жатады. Эксперт ретінде екі мамандықтың айырмашылығын айтып берші. – SMM маманы мен таргетолог маркетинг және әлеуметтік желілер бойынша жұмыс істейтіндіктен бұл мамандықтарды жиі шатастырып жатады. Айырмашылығына келер болсақ, SMM маманы тұтынушының әлеуметтік желідегі аккаунттарын жүргізеді, контент-жоспар дайындайды. Ал таргетолог осы мазмұнды жарнама жіберумен айналысады. Дегенмен таргетолог маманы SMM-нің қызметтерін білсе тіпті жақсы болады деп айтар едім. Кейде тұтынушының аккаунты жарнама жіберуге дайын болмай жатады, мұндай кезде қай жерін жөндеп жіберу керек екенін айтсаң екі жаққа да жақсы болады. Бұл қасиеттерді таргетте мәтін жазып, дизайнды постер дайындау кезінде қолдануға әбден болады. – 5 жылдан кейінгі Ұлбаланы қалай көресің? Армандарың қандай? Осы салада қалай дамығың келеді? – Бұл өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деген ұғым бар. Бірі өмірлік мамандығын, екінші өмірлік серігін дұрыс таңдау керек. Мен екеуінен де қателеспедім деп ойлаймын. Жеке өміріме келер болсам, өзімді аяулы жар, 2 балапанның анасы ретінде көремін. 4 жыл бойы білім алған мамандығыммен де болашақта жұмыс істеп көргім келеді. Мұғалім болып жұмыс істеп, балаларға сабақ беріп те көрсем деймін. Ал біріншісі екіншісіне мүлдем кедергі келтірмейді. Таргетті мен мектепте жұмыс істеп жүріп-ақ алып жүре аламын. Бұл инфокәсіпте өзімді орнын тапқан тұлға ретінде елестетемін. – Арманыңа жет! Әңгімеңе рақмет! Сұқбаттасқан Аяулым ЖАМАНҚАРА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар