Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды

Тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды
ашық дереккөз
Тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды
Кеше Тараз қалалық №38 орта мектепте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының №1 аумақтық округі тұрғындарымен кездесті. Онда аймақ басшысы жұртшылықтың талап-тілегін тыңдап, көтерген мәселелерді қаперге алды. Жиын барысында алдымен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл аталған аумақтық округте атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Құрамына «Астана» шағынауданы, «Төрткөл», «Дорожник» тұрғын алқаптары кіретін №1 аумақтық округтегі халық саны – 32 800. Мұнда көпқабатты 107 тұрғын үй, 2498 жеке сектордағы үй бар. – Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 40,2 миллион теңгеге 10 көшеде сыртқы жарықтандыру желілері тартылып, іске қосылды. Тарқата айтқанда, Гипс көшесінің 1, 2-бұрылысы, Бөлтірік шешен көшесінің 1, 3-бұрылысы, Сауранбаев көшесінің 1, 2-бұрылыстары, Бөлтірік шешен, Сұлтанбаев, Сауранбаев, Чехов көшелері жарықтандырылды. 34,1 миллион теңгеге Рысбек батыр көшесінің №8А мекенжайындағы аула алаңшасы абаттандырылды. Қала бойынша жаңа үлгідегі 27 аялдама орнатылса, оның үшеуі №1 аумақтық округінің аумағына қойылды. «Таразға тарту» жобасы аясында Төле би даңғылындағы, яғни Жамбыл даңғылынан бастап Ұлбике ақын көшесіне дейін сквер абаттандырылса, «Астана» шағынауданындағы №25 үйдің ауласына «Street workоut» спорт алаңшасы орнатылды. Осы шағынаудандағы №8 үйдің маңындағы кіші-футбол спорт алаңшасына 7,7 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, «Тлеуов Оразалы» жеке кәсіпкерлігі жаңадан «ADIL» самбо және бокс залын ашты. Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «100 жобаның» 31-і іске асырылса, аумақтық округте 5 кәсіпкерлік нысаны ашылып, 28 жұмыс орны құрылды. Олар пластик өнімдерін жинау, ауыл шаруашылығы техникаларын сату, аяқкиім тігу, нан өнімдерін шығарумен айналысады. Бүгінде аумақтық округтегі мәселелер зерделеніп, бірқатарын қаржыландыру ұсынылды. Бүгінгі таңда Рахимов көшесі №47, 49, Достоевский көшесі №21 және Төле би даңғылы №98, 100 үйлердің аулаларын абаттандыру, Жамал Апбасов көшесін (Ниетқалиев көшесінен Сүлейменов көшесіне дейін), Гипс көшесі 1-бұрылысының, Сүлейменов көшесі 3, 4-бұрылыстарының жолдарын орташа жөндеу мәселесі бюджеттен қолдау тауып отыр, – деді Қ.Исмайыл. Бұдан өзге, тұрғын үй қорын қайта жаңғырту аясында 2 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Бүгінде еліміздің Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен облыс әкімдігі арасында келісімшарт жасалды. Жұмыстар шілде айында басталады деп күтілуде. Осы жылы 3,2 миллиард теңгеге 50 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланыпты. Кездесу барысында кезек сұрақ-жауапқа беріліп, Ергеш Нұралиев есімді тұрғын Бөлтірік шешен көшесі бойындағы жерарыққа лоток орнатып беруді сұрады. – Біздің аумақтық округте жылдан-жылға көшелер біртіндеп жарықтандырылып, жөнделіп, аулалар абаттандырылып жатыр. Десе де көшемізге жерарықтың орнына лоток орнату қажет. Өйткені ондағы жер арыққа үздіксіз ағын су келіп тұр. Бірақ көше бойындағы арықтың кей жерінде жайылған су көлдей болып жарқырап жатыр. Лоток болмағаннан кейін ағын судың біршама бөлігі жерге сіңіп кететіні белгілі. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймын. Сонымен қатар бұрын тұрғын үйлерді жаңғыртуға қатысты пәтер иелері кооперативі деген мекеме болған. Білуімше, қазір ол таратылып, басқа форматтағы басқаруға көшіп жатқан сияқты. Дұрысын айтқанда енді тұрғын үйлердің мәселесімен кварталдық комитет айналысатын көрінеді. Ал ол комитет үдеден шыға ала ма, осыны білгім келеді, – деді Е.Нұралиев. Былтыр Тараз қаласының ирригациялық жүйесін дамыту бойынша 3 жылдық жоспар жасалып, ол облыс әкімдігі арқылы бекітіліп, жобалық-сметалық құжат жасау үшін жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге бөлінген екен. Қазіргі таңда аталған жобалық-сметалық құжат аяқталуға жақын қалған көрінеді. – Тараз қаласының ирригациялық жүйесін дамыту үшін қазына қаржысынан 22 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осы қаражат үш жылға бөлініп, шаһардың ирригациялық жүйесі осы жылдан бастап қалпына келтіріле бастайды. Шаһардағы ең ірі су жүйесі саналатын 8 каналды тазартудан бастап, арық жүйесін қалпына келтіруге дейінгі тірлік жоспарлы түрде атқарылатын болады. Бұл тірлік кезең-кезеңімен алдағы үш жылда жүргізіледі. Оның ішінде Бөлтірік шешен көшесіндегі арық жүйесі де бар, – деген Нұржан Молдиярұлы 5 кварталдық комиттеттің үшеуі ғана белсенді жұмыс істеп тұрғанын айта келе, олардың жұмысын жандандыруды, қолдау көрсету жөнінде ұсыныстарын қаперге алуды №1 аумақтық округінің бас инспекторы Сағын Үсіпбековке тапсырды. Бұдан кейінгі сөз алған тұрғындар аумақтық округтен әлеуметтік дүкен ашып беру, Рысбек батыр көшесінің тозығы жеткен жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, Жамал Апбасов көшесін кеңейту, Сұлтанбаев көшесімен қоғамдық көлік жүргізу, Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернат маңындағы қоқысты тазарту, кейбір тұрғын үйлердің кіре берісінің суық болуы, кәріз жүйесін жаңалау сынды өтініштерді өзекті мәселе ретінде көтерді. Әр сұраққа байыппен жауап берген Н.Нұржігітов көтерілген мәселенің барлығын негізінен аумақтық округтің бас инспекторы зерделеп, оны Тараз қаласындағы шешімін күткен мәселелер қатарына енгізсе, ол түбі шешімін табатынын тілге тиек етті. – Негізінен сіздер қазір көшені асфальттау, жарықтандыру, арық жүйесін ретке келтіру, тұрғын үйлердің кәріз жүйесін жаңалау, жылу секілді коммуналдық қызметтерге қатысты мәселені сауал ретінде көтердіңіздер. Тараз қаласы негізінен жылда өзінің жоспары арқылы осы мәселелерді шешумен айналысып отыр. Дегенмен осы аталған мәселелердің барлығы бір пәсте шешімін таппайтыны белгілі. Көтерілген мәселенің кейбірі осы жылдың, тағы бірі келер жылдың еншісіне жазылған. Сол секілді түйткілдерді 1-2 жылдың ішінде шешіп тастай алмаймыз. Мәселе кезең-кезеңімен шешімін табады. Анығын айтқанда барлығы да қаржыға байланысты. Тек қана арық жүйесін қалпына келтіруді сөз етсек, үш жылға 22 миллиард қаржы қаралып отыр. Сол секілді көшені жарықтандыру, ауланы абаттандыру секілді кез келген жұмыстарға жылда кезең-кезеңімен қаржы бөлінеді. Сіздер мәселе көтересіздер, ол назарға алынады, кезі келгенде қаржы бөлініп, мәселе шешімін табады. Сіздердің проблемаларыңыздың маңыздылығын, күрделілігін қалалық әкімшіліктің аппаратына жеткізу, оны жылдық жоспарға енгізу – бас инспекторлардың міндеті, – деді Нұржан Нұржігітов. Бұдан кейін өңір басшысы аталған аумақтық округ тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар