Оқу заманынан оза шапқан ұрпақ керек
«Тіл адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.
...Біздің заманымыз – жазу заманы, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман.
Ахмет Байтұрсынұлы
Құрметті оқырман, қадірлі әріптес! Бұл мақаланы жазу көптен бері ойымда жүр еді. Бүгін соның сәті түсіп, қолыма қалам алдым.
«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деген екен батыр Бауыржан. Сол ұлы қызметті атқарып келе жатқаныма биыл жиырма жыл. Бұл жылдарда мектеп тіршілігінің біраз қызығы мен шыжығын көріп те үлгердім. Қаншама «жаңа бастамалардың» алыстан күле кіріп, ештеңе тындыра алмай мұңайып кете барғанын да көрдік... Бір өкініштісі сол, ұлттың өз болмысын, өз түр-сипатын, өз тағдыр жолын айқындайтын ұлттық мектептерімізді әлі де қалыптастыра алмай келе жатқанымыз дер едім. Тәуелсіздіктің отыз жылында мектептеріміз талай тәжірибелер мен сынақтардың «алаңы» болып та көрді. Әлі де көріп келе жатыр. Сондағы ойлайтыным, осыншама уақыт аралығында «Ендігі заманына сай қазақ мектептері қалай, қайтіп құрылымдалғаны дұрыс?» деген сұрақ төңірегінде бір сәт ойланып көрген, толғанып жүрген біреу бар ма деймін ғой, сірә. Өз ұлттық құндылықтарымызды негіз еткен мектеп құруымыз ләзім дейміз де, өзгелердің көңілін тағы да «қия алмаймыз». Әлемдік білім беру негіздерін бетке ұстаған заманауи мектептер қалыптастырамыз деп жаңа бір бастамалар көтереміз де, ең алдымен, сол «білім ошақтарының» қарапайым мәселелерін әлі күнге шешіп бере алмай келеміз. Не де болса бүгінгі дұрыс басқан әрбір қадам – ертеңгі ұрпақтың игілігіне жарай білсе екен деген тілек қой менікі. Қалай десек те қазақ мектептерінің мәселесі үздіксіз жүріп жатқан бүгінгі күрделі үдерістерде күрмеліп қалмаса екен дейсің...
Сөз басына ұлт ұстазының жазған мақаласынан үзіндіні бекер келтіргенім жоқ. Бір ғасыр бұрын жазылған бұл мақаланың мән-маңызы өз дәуірінің ғана емес, осы заманның да өзекті мәселесіне айналғанына әбден көзім жетіп отыр. Құрметті әріптес, сіз де өз ұстаздық ғұмырыңызда талайды көріп келесіз. Талайды деп отырғаным, білім жайына қатысты, әрине. Білемін, өз педагогикалық қызметіңізде сонау «кластардан» бастап, бүгінгі сыныптарыңызға, дәлірек айтсақ, шәкірттеріңізге барыңызды салып, білгеніңізді айтып, «үйренгеніңізді» үйретіп келесіз. «Үйренгеніңізді» демекші, өткен он бір жыл ішінде «Жаңартылған білім беру мазмұнынан» не үйрендіңіз? Өзіңізге шынайы берер жауабыңызды таба алдыңыз ба?
Бүгінде осы сұрақты өз-өзіме жиі қоятын болдым. Сан алуан әдіс-тәсілдер, көтерілген мәселені білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау, оны шешу мен бағалау жолдары, қысқаша айтқанда, алдыңыздағы шәкіртіңіздің «танымдық көзқарасын қалыптастырып, сын тұрғысынан ойлау өрісін кеңейту жолындағы» өзіңіз де әлі жіті түсіне бермейтін (шындық қой!), ұзын сонар «түсініксіз әрекеттер жиынтығынан» не ұқтық?
Осылайша екіұдай күйде жүргеніңізде мектебіңіздің мұнан да «қорқынышты мәселесі» алдыңыздан көлденең шыға келеді. Бұл – бастауыш сатыдан негізгі сатыға (5-сынып) көшкен оқушылардың (оқушының емес) оқу сауаттылығы мен жазу сауаттылығы мәселесі. Бір білерім, негізгі сатыға көшкенге дейінгі төрт жылда (мектепалды дайындықты қосыңыз, бақандай бес жыл) баланың ой-санасы, ойлау деңгейі айқындалып, тіршілік туралы ұғым-түсінігі, қоршаған ортаны танудың тілдік негіздері қалыптасып үлгеруі керек еді ғой. Осының барлығы әліпби таныған баланың оқи алу және жаза алу қабілетінің негізделуімен, оның дамуымен жүзеге асуы керек еді ғой. Алайда бүгінгі ахуал соның барлығын да жоққа шығарып отыр.
Құрметті әріптес, енді өзіңізден сұраңызшы, өткен оқу жылында 5-сыныптағы шәкірттеріңіздің (бір сыныпта 24-25 оқушы) қаншасы сауатты оқып, қаншасы сауатты жаза алады екен? Сіздің алдыңызға бастауыш сатыдан қандай дайындықпен келгенін байқадыңыз? 5-сыныптың «Білім беру бағдарламасы» талаптарын ойдағыдай орындай алды ма? Танымдық көзқарасының, «сыни ойлау қабілетінің» қай деңгейде екенін анықтай алдыңыз? Кешіріңіз, мынадай сұрақтармен басыңызды қатырып отырғандай көрінетін шығармын. Алайда бүгінгі шындық – осы! Оқып, айтып, жазып, түсіндіріп бере алмайтын балада қалайша «сын тұрғысынан ойлау үдерісі» жүреді?! Қайтіп «танымдық көзқарас» қалыптасады? Пәндік ғылыми ұғымдар мен тілдік, әдеби үдерістерді оқушы бірден танып-ұғынуы, талдап әкетуі керек қой деп отырған мен жоқ. Айтайын дегенім, 5-сыныпқа көшкен кез келген орта мектеп не мектеп-гимназия шәкірті қалыптасқан жаттанды төрт дағдыға (әдеттерге) дағдыланған, әдеттенген болуы керек емес пе еді? Бастауыш саты ұстаздарының ерен еңбегі осы жерде байқалуы, көрінуі тиіс еді ғой! «Мәселе неде?» деген заңды сұрақ туып тұр. Жауапты түрліше қарастырып көруге де болар: отбасындағы ата-ананың жауапсыздығы (төрт жыл бойы баласының оқуы мен жазуын тексеріп, қадағаламауы), мектеп әкімшілігінің салғырттығы мен немқұрайдылығы, ұстаздың білім деңгейінің төмендігі, тағы сол сияқтылар. Иә, мәселе бар. Көрініп тұр. Жоққа шығару – үлкен қателік! Ендеше кімнің жауапсыздығын мойындауымыз керек? Кімді сынға алуымыз керек? Бұның жауабын кім береді? Мәселенің қиын тұсы да – осында. Бұл жағдай ушыға берсе, бүгінгі ұл мен қыз алдағы білім алу жолын негізгі және жоғары сатыда қалай, қайтіп жалғастырмақ?
Жыл сайын көзіміз көріп жүрген мынадай бір жағдайға да тоқтала кетейін: білім деңгейі төмен оқушыларды «амалдап» 9-сыныпты бітіргенге дейін ұстаймыз, сол күйі оқи алмай, жаза алмай кеткен шәкірттердің қолына «бір жапырақ қағазын» береміз де, уақыты келгенде «қуып шығамыз». Бұл да – баршаға белгілі бір шындығымыз. Кеткендер (әлгі оқушыларды айтам) қайда барып аялдар екен, ендігі жай-күйі, тағдыр жолы не болар екен деп аз-кем ойландық па? Келешегі туралы толғандық па? Жыл сайын 9-сыныптан оқудан, жазудан мақұрым қалған қаншама ұл-қызымыз кетіп жатқанын кім санап көріпті? Ақиқатында, ертең бізге базарда арба тартқандар емес, керісінше, Алаштың асқақ арманын алға тартқан білімді жастар маңыздырақ емес пе еді? Мұндай жағдайдың түп себебін әрқалай қарастыруға да болар, алайда алдағы күтіп тұрған сан түрлі қатерлер салдарымен күресу енді оңайға түспейді-ау... Бәрін уақыт көрсетер. Сауатты, білімге, ғылымға ұмтылған, ізгі ойлы ұрпақ тәрбиелеп жатқанымыз осы ма дерсің кейде?
Шындығында, соңғы жылдары мектепте сөйлеуге дағдыланбаған (сөйлей алмайтын), оқуға әдеттенбеген (мәтін оқи алмайтын), сөз, сөйлем құрастыруға қиналатын, мүлдем жаза алмайтын (тіпті таңбалай алмайтын) шәкірттеріміздің бір сыныпқа шоғырланып, көбейіп алғаны – алаңдатарлық жағдай! Сөздің орайы келіп тұрғанда айта кететін бір жайт: кезіндегі диктант жазу, мазмұндама жазу, шығарма жазу деген аса қажетті, тиімді дүниелерімізді Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық білім академиясымен бірлесе кеңесіп, ортақ келісімге келіп, «Оқу бағдарламаларына» қайта енгізіп берсе, ұтымды шешімнің ұтқыр тұсы сол болар еді. Мұны еліміздегі барша қазақ тілі мен әдебиеті пәні ұстаздарының ұлы тілегі деп білгейсіздер! «Жазумен сөйлесу» ғасырында, бүгінгі барша жұрттың алға озып, дамыған заманында қазақ баласы оқудан, жазудан кенже қалса, кемел келешекке қалай жетеміз? Өз ана тілінде оқып, жаза алмаған ұрпақтың болашағы не болмақ?!
«Сын – шын болсын, шын – сын болсын» деген әдебиет алыбы Әуезовтің тілегіне бұл мақалада мейлінше адалдық таныта алдым деп ойлаймын. Жазу заманынан жаңылмаған, оқу заманынан оза шапқан қазақтың жарқын болашағын көру арманы орындалсын дейік.
Арман Надирбаев,
Н. Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Байзақ ауданы
Келесі мақала