Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ажары артқан Ақкөл

Ажары артқан Ақкөл
ашық дереккөз
Ажары артқан Ақкөл
Бұрын Ақкөл ауылы аудан орталығы болып тұрғанда елді мекен түрлі ұлттар мен ұлыстардың мекені болған еді. Сондықтан аталған ауылдық округті татулық пен бірліктің арқасында ынтымақтастық үстемдік құрған мекен деп айтуға толық негіз бар. Ауылдық округ әкімі Жандос Ратов ауылда 411 үй, 2 287 тұрғын бар екенін, оның ішінде 2 220-сы қазақ, қалған 67-сі өзге этнос өкілі екенін айтады. – Мен осы ауылдың тумасымын. Кезінде бұл ауылда көптеген өзге этнос өкілі тұрған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін оның көбісі тарихи отанына қайтса, кейбірі облыс орталығына қоныс аударды. Әйтсе де қазір 58 орыс, 3 неміс, 2 татар, 2 ұйғыр, 12 украин тату-тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Ауызбіршілік пен өзара түсіністік, сабыр мен сыйластық үстемдік құрған жерге бақ үйіріледі, құт-береке дариды. Осыны жақсы білетін ақкөлдіктер кезінде орын алған қаржылық қиындықтарда, өтпелі кезеңде еш мойымады. Қазақтың кез келген өңірі киелі, жері де, халқы да жомарт. Біз ес білгелі ауылдықтар бірлік пен ынтымақты ту етіп күн кешіп келеді. Мұнда ұлттар достығының үлгісін көрсетерліктей тындырылып жатқан шаруалар жетерлік. Өйткені ұлт болып ұйысып, болашаққа нық сеніммен қараған, біріне-бірі достық пейіл танытқан жерде этносаралық тартыс болмайды, – дейді Жандос Аманғалиұлы. Ауылда 45 шаруа қожалық бар екен. Олар 27 742 гектарға иелік етіп отыр. 11 адам мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алса, 8 адам жұмыссыз есебінде. 18 адам жеңілдетілген несие алып, іс бастаған. Халықтың қолында 19 185 уақ мал, 1 922 сиыр, 980 жылқы бар. Ауылда 11 азық-түлік және бір автобөлшек дүкені, шаштараз, желімдеу орталығы, май ауыстыру, көлік жуу орны, наубайхана, ветеринариялық дәріхана, жанар-жағармай және газ құю бекеті жұмыс істеп тұр. Биыл кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 3 азаматқа қолдау көрсетіліпті. Жеке кәсіпкер С.Назарбеков кірпіш шығаратын құрал-жабдықтарын алып, үй іргесінен шағын цех ашқан. Жеке кәсіпкер М.Базарбаева сервистік қызмет көрсету орталығына қажетті құрал-жабдықтар алып, тұрмыстық техникаларды жөндеумен айналысуда. Ал А.Әбділда мал бордақылау алаңын ашып, кәсібін жүргізуде. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 11 азаматқа қолдау көрсетіліпті. Жеке кәсіпкер К.Қасымбекова 2,4 миллион теңге несие алып, әлеуметтік дүкен ашса, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Л.Сейдуалина 30 миллион теңге несие алып, жемхана сыйымдылығын 1000 тоннаға дейін ұлғайтып, 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында С.Мұстафаева 5 миллион теңгеге кепілсіз несие алып, дүкенін ұлғайтыпты. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 5 азамат 37,2 миллион теңгеге несие қол жеткізіп, 38 жылқы, 13 мүйізді ірі қара, 194 уақ мал алған. Атап айтқанда, «Ермекбай» шаруа қожалығы 18 миллион теңгеге 30 жылқы, жеке кәсіпкер «Б.Сабыров» 4 миллион теңгеге 8 жылқы, «Шұғай» шаруа қожалығы 5 миллион теңгеге 13 сиыр, ЖК«Нұржан» 7,7 миллион теңгеге 150 уақ мал, жеке кәсіпкер «К.Татенова» 2,5 миллион теңгеге 44 уақ мал сатып алды. Мұндай қолдаулар ұлтына, дініне, тіліне қарамай кез келген ауыл азаматына көрсетіледі. Өзге этнос өкілдері арасында өз бетінше тірлік қылып отырғандар да бар. Мәселен, Александр Прытков есімді этникалық орыс ауылға балықшы ретінде танылған азамат. Оның аулап әкелген балығын әйелі Люба қуырып, кейбірін еттартқыштан өткізіп, котлет, басқа да дәмді тағамдар жасап, дүкенге өткізеді. Ауыл тұрғындары еңбектенгенді жақсы көреді және бейбітсүйгіш, – деді ол. Татулықты ту еткен елден береке-бірлік қашпайтыны анық. Қазақтың бүгінгі бейбіт өмірі – өзгелерді жатсынбай «өз бауырым» деп құшағына басуының жемісі. Бірлігі бекем елдің іргесі де мықты болатыны сөзсіз.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар