Көптің алғысына бөленген Умиджон
Қазақ жеріне қоныс тепкен өзге этнос өкілдерінің тағдырлы тарихына үңілсең әрқайсысы әр қилы жолмен келген. Оның ішінде дені саяси қуғын-сүргінмен байланысты. Мәселен, патшалық Ресей қазақ халқын отарлауда орыс халқының шаруаларын қазақтың шұрайлы жерлеріне қоныстандырғаны белгілі.
Ал дүнген, ұйғырлар Қытай Халық Республикасының императоры Циннің қудалауынан кейін қазақ жеріне келіп бас сауғалаған. Сол секілді КСРО дәуірінде қазақ даласында тың игеру секілді сан түрлі желеумен украин, беларусь, поляк, болгарлар сынды халықтар қоныстанса, өзге елдегі әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында қуғын-сүргін саясатын қолдану арқылы Кеңес үкіметі өзге ұлт өкілдерін қазақ жеріне күштеп әкелді. Ал өзбектер қазақ даласына Қоқан хандығы тұсында аяқ басты деген дерек бар. Не десек те қазақ даласына зорлықпен немесе өз еркімен келген өзге этнос ұрпақтары Қазақстанды екінші Отаны санайтыны анық. Олар еліміздегі кез келген салада еңбек ету арқылы экономикамыздың өркендеуіне үлес қосып келеді. Соның бірі – Талас ауданының Сәду Шәкіров ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда аға дәрігер болып жүрген Умиджон Султанов. Ол осы ауылға 2020 жылы Шымкент қаласынан көшіп келіпті.
Умиджон Бахтиёрұлының айтуынша, ата-бабасы аталған мегаполистің «Сайрам» тұрғын алқабының көптеген жылдардан бергі тұрғыны. Ол Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне 2013 жылы дәрігер мамандығы бойынша оқуға түсіп, осыдан үш жыл бұрын тәмамдаған. Мемлекетіміздің ауылдық жерде әлеуметтік сала мамандары тапшылығын жою мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының берген мүмкіндігін пайдаланып, дәрігерлік жұмысты осы ауылдан тауыпты.
– Жасым 28-де. Бір отбасында ағам мен әпкем, яғни үш ағайынды өсіп-өндік. Анам Гулчехра Исраилова Шымкент қаласындағы №2 қалалық емханада кіші қызметкер болып еңбек етеді. Ағам мен жеңгем жеке кәсіпкер. Өзім отбасылымын, әйелім өзіммен жасты. Оқуды жаңа бітіргенде сан түрлі жоспарымыз болды. Десе де еңбек жолымды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы шалғай ауылдағы елді мекендерден бастағанды жөн көрдім. Әйелім Диёра Азатовамен ақылдаса келе, осы ауылға көшіп келдік. Ол осында жалпы тәжірибелі дәрігер болып жұмыс істейді. Еңбекақымыз көңілге қонымды. Аталған мемлекеттік бағдарлама арқылы аудан көлемінде 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, облыс деңгейінде 800 000 теңге көтермеақы, ауылдан уақытша қызметтік баспана берілді.
Дәрігерлік амбулатория орналасқан нысан осыдан 5-6 жыл бұрын пайдалануға берілген екен. Іші-сырты заманауи типте безендірілген, халыққа медициналық қызмет көрсетуге қолайлы. Жиһаздары да жаңа, медициналық құрал-жабдықтар да қазіргі заманға сай, – дейді Умиджон Султанов.
Дәрігердің көмегіне Сәду Шәкіров ауылымен қатар, Тамабек ауылының да науқастанған тұрғындары келіп жүгінеді. Ауыл тұрғыны Марат Иманбеков 2017 жылға дейін ауылда дәрігер болмағанын, тұрғындар көрші ауылға барып қаралғанын, қазір мәселе оң шешім тапқанын сөз етті.
– Бұрын осы ауыл мен Тамабек ауылының тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса Бостандық ауылына баратын. Жаяу-жалпылап көрші ауылға қатынау өзі дімкәс адамға оңайға соқпайтын. 2017 жылы осы дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Сол кезде халық бір қуанған еді. Дегенмен дәрігер маманы тапшы болуына байланысты 2020 жылға дейін тағы да Бостандық ауылына жәутеңдеумен болдық Өйткені ондағы Айгүл есімді дәрігер аптаның белгілі бір күндері бостандықтықтарды қоя тұрып, Сәду Шәкіров ауылына келіп, науқастарды қабылдайтын. Бұл енді дәрігер тапшылығынан туындаған жайт. Адам болғаннан кейін ауру-сырқау дәрігердің келетін күнін күтіп жатпайды ғой. Табан астында сырқаттанғандарға бәрібір дәрігер іздеп сабылуға тура келетін. 2020 жылы Умиджон Султанов отбасымен көшіп келгелі халықтың негізгі мәселесі оң шешімін тапты. Өте білікті маман. Оқығанның аты оқыған, ауыра қалсақ, жазып берген дәрісін ішіп, жасаған ем-домынан кейін аттай шауып кетеміз. Осы ауылда 300-дей үй бар. Солармен етене жақын болып, алғысын алып отырған дәрігер бұл. Үлкендер медициналық мекемеге жете алмай отырғанын айтып хабарласса, науқасты үйіне өзі барып қарайтын кездері де көп, – деді Марат Талғатбекұлы.
Дәрігердің қызметін екі ауылдан тіркелген 1 545 тұрғын алады. Дәрігерге көмек сұрап шағымданатындар көбіне диспансерде тізімде тұрған науқастар мен жүйке, ас қорыту, несеп шығару жүйесі, буыны ауыратындар екен. Одан бөлек тұмауратып дәрігер қызметіне жүгінетіндер де жетерлік.
Әдетте көптің көңілінен шығып, дүйім жұрттың ықыласына бөлену екінің бірінің қолынан келе бермейтін бақыт. Умиджон жас маман болса да осы бақытты сезінген адам. Мұны біз халықтың дәрігерге деген сенімі мен дәрігердің өз ісіне деген адалдығының арқасы деп түйсіндік.
Келесі мақала