АБАЙДЫ СҮЮ – ҚАЗАҚТЫ СҮЮ
2020 жылы хакім Абайдың 175 жылдығына орай елімізде түрлі іс-шаралар өтті. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғұламаның құрметіне 10 тамызды «Абай күні» деп атауды тапсырды.
Президент «Еgemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында: «Қазір елімізде абайтанумен айналысатын бірнеше ғылыми-зерттеу орталығы бар. Осылардың жұмысын жүйелеп, елордамыздағы Абай академиясының төңірегіне топтастырған жөн. Академия барлық зерттеу мекемелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіруші міндетін атқара алады. Алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керек.
Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс! Халқымыздың ұлы перзентінің торқалы тойы құтты болсын», деді.
Осылайша 2020 жылдан бері 10 тамыз елімізде Абай күні ретінде аталып өтіп келеді. Биыл да мереке республиканың түкпір-түкпірінде өз деңгейінде аталып өтті. Ал Тараз қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Зере» әжелер клубы Абай күніне орай «Абай жолы» романындағы Зере образын, ғұламаның анасының тұлғасын талқылап, қазақ аналарының тарихи бет-бейнесі туралы пікір алмасты.
Кездесуге кино және театр актрисасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрсипат Салықова қонақ ретінде шақырылып, қатысты.
Сондай-ақ ақ дастарқан басында немересін жырмен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткен Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар тыңдап өскен бала Абайдан дана Абайға айналған қазақтың аса дарынды философы туралы жан-жақты ой қозғалып, пікірлер айтылды.
– Ақылды, зейінді, мейірімді Зере немерелерінің ішінде Ибраhимді ерекше жақсы көріп, Абай деп еркелеткен. Осындай ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зередей әжеміздің өнегесі бүгінгі қазақтың бәріне үлгі болуы тиіс деп ойлаймыз. Біз Абайды дәріптесек, болмысын танысақ, онда біз қазақтың тұтас дүниетанымын білген болар едік. Өйткені Абайдың өмірінде ақиқат та, қазақ аналарының бітім-болмысы, дала тәрбиесі де бар. Сондықтан біз абайды тану арқылы қазақты тани түсеміз. Оған жақындау арқылы ұлтымызға жақындай түсеміз. Сондықтан Абайды сүю қазақты сүю екенін біз әрқашан оқырмандарымызға дәріптей береміз, – деді Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова.
Сонымен қатар кеш барысында оқырмандарға Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» көркем фильмінен қысқа көрініс ұсынылып, фильмнің түсірілімі жайлы ақпараттар берілді және кітапхана қорындағы «Абайды оқы, таңырқа!» атты кітап көрмесі таныстырылды.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала