Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЖАСТАР КҮНІНЕ ДАЙЫНДЫҒЫМЫЗ ЖОҒАРЫ»

«ЖАСТАР КҮНІНЕ ДАЙЫНДЫҒЫМЫЗ ЖОҒАРЫ»
ашық дереккөз
«ЖАСТАР КҮНІНЕ ДАЙЫНДЫҒЫМЫЗ ЖОҒАРЫ»
2000 жылдан бері жыл сайын 12 тамыз Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтіп келеді. Мереке аясында еліміздегі жастарды қолдауға және қоғамдық-саяси өмірге тартуға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осы орайда Халықаралық жастар күні облысымызда қандай іс-шаралар ұйымдастырылатынын, неге басымдық берілетінін білмек ниетте облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхармен сұхбаттасқан едік. – Жомарт Дүйсенұлы, Халықаралық жастар күні мерекесі құтты болсын! Алдымен мереке қарсаңында өтетін іс-шараларды айтып өтсеңіз... – Халықаралық жастар күніне орай облыстық, Тараз қалалық жастар ресурстық орталықтарын жұмылдыра отырып 7-12 тамыз күндері аралығында «Жастар апталығын» ұйымдастырып, 55 іс-шара өткізгелі отырмыз. Алғашқы үшкүндігі қайырымдылық, волонтерлік, тазалық акцияларына арналады. Одан кейінгілері жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Яғни бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы жастарға кеңес беруге арналған алаңдар ұйымдастырылады. Жәрмеңкелер мен кеңес беру алаңдары жұма және сенбі күндері базарларда, ірі сауда орталықтарында және жастар көп шоғырланған орындарда өтеді. Бұдан бөлек әр ауданда ірі деңгейде шаралар өтеді. Мысалы, Жамбыл ауданында облыстық жас ақындар айтысы, Меркі ауданында спартакиада және сол сияқты әр ауданда маңызды іс-шаралар өтетін болады. Жастар күнін ерекше әрі қызықты етіп өткізуде әр ауданның өз ерекшелігі бар. Апталықтың соңғы күні, яғни 12 тамыз күні Тараз қаласының өзінде 15-ке жуық іс-шара ұйымдастырылатын болады. Сол күні 10:00-де Қ.Рысқұлбеков саябағында «Жасыл ел» жасағы сарбаздары ерлер арасында кіші футболдан, қыздар арасында волейболдан жарыс жалауын желбіретеді. Сонымен қатар аталған саябақта облыстық дебат ойындары ұйымдастырылады. Сайыстарға бағалы сыйлықтар тігіледі. Кешке қарай кермеге тартылудан фестиваль мен ашық аспан астында «Жайдарман» ойындары, «Жеңіс» саябағында концерттік, спорттық шаралар мен көрмелер, «Жастар» аллеясында тимбилдинг және караокеде ән айту кеші өтеді. ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта ашық аспан астында кино көрсетіледі. Осы секілді көптеген іс-шаралар жоспарланған. Одан бөлек 14 тамыз күні «Жыр жауһары» атты жаңа жобамыз өткелі отыр. Жоба аясында жас ақындар өз өлеңдерімен дуэльге шығып бақ сынайтын болады. Бүгінгі таңда жобаға 18 жас ақын өздерінің өтінімдерін берді. Комиссия мүшелерінің алғашқы отырысы да өтті. Байқау үш кезеңнен тұрады. Біз қатысушылардың меселін қайтармайық деп әрі мүшәйраны алғаш рет ұйымдастырып отырғандықтан екінші кезеңге 18 ақынның бәрін өткіздік. Байқаудың қорытындысы 14 тамыз күні Қ.Рысқұлбеков саябағындағы «Gibrat» мейрамханасында өткізілмек. Жеңімпаздар мен жалпы қатысушылардың барлығына сыйлықтар қарастырылған. ІІІ орынға 100 мың теңге, ІІ орынға 200 мың теңге табыс етіледі. Ал І орын алған ақынның 200 дана кітабын шығарып береміз немесе 300 мың теңге сыйақы беріледі. Поэтикалық дуэльді ұйымдастырудағы мақсатымыз – облыстан шыққан ақындардың шығармашылығын насихаттау, ел тәуелсіздігінің қадір-қасиетін жас қаламгерлердің шығармашылығы арқылы ұрпақ санасына сіңіру, қазіргі қазақ поэзиясындағы жастар шығармашылығына көпшіліктің назарын аударту, өңіріміздегі жастар шығармашылығын дамытуға жол ашу және оқырмандардың қазақ поэзиясына деген қызығушылығын арттыру. – Мүмкін шығармашыл жастармен жұмыс жолға қойылмағандықтан болар... Жастардың белсенділігі емес, мүмкін қолдау аз болып жатқан шығар... – Жалпы бұған дейін де, қазіргі таңда да түрлі рухани кездесулер, іс-шаралар тұрақты түрде өтіп жатыр. Мереке қарсаңында әріптестерімізбен ақылдасып, дуэль өткізуді қолға алдық. Жоба арқылы Жамбылдың жыр жауһарларын анықтаймыз. Мүшәйраға 18 ақын қатысып отырғанын жоғарыда айтып кеттім. 18 ақынның өзі бір облысқа аздық етері анық. Қазір көбісі жазғы демалыста жүр, кейбірі естімей қалған да шығар. Дегенмен барлық бұқаларалық ақпарат құралдары арқылы жарнамасын жасап, құлағдар етуге тырыстық. Өзім де аудандарға тікелей шығып, ақпараттандыруға атсалыстым. Енді келесі жылы да жобаны іске асырсақ, қаражатын ұлғайтсақ деген мақсатымыз бар. Жаңа ақындар буынын қалыптастыру керек. Себебі волонтер жастар бар, айтыскер жастарымыз да әрдайым белсенділігімен көзге түсіп жүр. Журналист жастардың ішінде де белсенділері қалыптасып қалды. Ал жас жазба ақындардың қатары көрінбей қалды. Байқау арқылы жастарды танытсақ, бір жағынан өзіміз де танысақ, қолдасақ деген мақсатымыз бар. «WhatsАpp» желісінде арнайы чат та ашылған. Байқағанымыздай, ақындар байқаудың өткенін асыға күтіп отыр. – Осы орайда заңды сұрақ туындайды. Облысымызда ақындар арасында дуэль бұрын да ұйымдастырылды. «Қайталамай, неге басқа жоба жасамаған» деп сынайтындарға қандай жауап берер едіңіз? – Қазір телеарна болсын, газет болсын қайталанатын жобалар көп. Ол заңды да. Бір жобаны екінші рет басқаша ашуға болады. Бір жағынан, бұл біреудің авторлық құқығы емес. Біреудің қорғап алған жобасы емес. Жалпы идеядан идея туындай береді емес пе? Қазір облыста тұрғын үй бағдарламаларын іске асырып жатырмыз. Оны да базбіреулер бар жоба ғой деуі мүмкін. Дұрыс, мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан 10 бағдарлама бар. Бірақ оған үңіліп қарайтын болсақ, әрқайсысының механизмі бөлек, шарты, талабы бөлек емес пе?! Сол сияқты біздің де дуэльдің ерекшеліктері бар. Тоқтап қалған мүшәйраның қайта жанданып, жалғасын тауып жатқанына неге қуанбасқа? – Жастармен тәжірибе алмасу және олардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында Ерлан Жүніс, Хамит Есаман, Нұржан Қадірәлі секілді өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгерген ақындарды шақырып, жастармен арнайы шеберлік сағатын өткізу, лекциялар оқыту секілді жоспарлар бар ма? – Марал Хантөреқызы есімді ақын қыз бұл туралы ұсыныс білдірген. Яғни осы байқаудан кейін чаттағы ақындарымызбен басқарма жанынан арнайы жас ақындар клубы құрылатын болады. Клубтың жетекшісі де Марал ақын. Чаттағы ақындардың қатарына жас ақындарды көбейткіміз келеді. Қосылып жатса, әрине, оның қатарын көбейтеміз. Өзіңіз айтқандай, аға буындарды шақырып, шеберлік сағатын өткізу де жоспарда бар. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар