Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мемлекеттік қызмет мінсіз болуы тиіс

Мемлекеттік қызмет мінсіз болуы тиіс
ашық дереккөз
Мемлекеттік қызмет мінсіз болуы тиіс
Мемлекеттік қызмет –мәртебелі міндет. Дейтұрғанмен бұл салада еңбек ететін мамандарға жүктелер жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғыртуға байланысты жаңа реформа жүргізілуде. Соған сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қолға алынып, жұмыс жүйесінде әділдік, ашықтық принциптеріне баса назар аударылуда. Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да салаға серпін беретін салмақты міндеттер жүктеді. «Үкіметке жаңа әкімшілік реформа әзірлеуді тапсырамын. Оған қоса мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижесін жақсартып, жауапкершілігін арттырған жөн. Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып қайта жасау қажет. Мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кәсіби мамандар үшін барынша ашық болғаны дұрыс. Кадрлық резервті нығайту керек. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуға тиіс. Үкімет Агенттікпен бірлесе бүкіл әлемдегі азаматтарымыздың әлеуетін жұмылдыру үшін арнайы платформаны іске қосуы керек», деп атап өтті Президент. Жолдауда айқындалған нақты тапсырмаларға сәйкес Жамбыл облысында да жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаменті белгіленген құзыреттілік шегінде мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік бақылау салаларында реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырып келеді. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, облыста мемлекеттік қызметшілердің штат саны 4 475 бірлікті құрап отыр. Оның ішінде 16-сы саяси лауазым болса, «А» корпусында 1, «Б» корпусында 4 458 орын бар. Бүгінде бос лауазымдар үлесі 192 бірлікті көрсетуде. Ал мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 41 жас. Сонымен қатар облыста ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген 40 тұлға еңбек етуде. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының түлегі бар. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, таза ауысымдылық 105 қызметшіні немесе 2,3 пайызды құрайды. Жыл басынан барлық конкурстар толықтай байқаушылардың және сарапшылардың қатысуымен өтті. Есепті кезеңде 191 адам жоғары тұрған лауазымға тағайындалды. Яғни меритократия принципін сақтау деңгейі 72,1 пайызды құрап отыр. Ілім-білімді жетілдірмей ілгері басу мүмкін емес. Сондықтан да кәсіби біліктілікті арттыруға жіті көңіл бөлінеді. Есепті кезеңде 1 060 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланған болатын. Бүгінде 654 мемлекеттік қызметші білімін шыңдады. Сол сияқты қайта даярлау курстарынан 154, біліктілігін арттыру семинарларынан 500 қызметші өтті. Бұдан бөлек тестілеуден өтуге барлығы 2 004 азамат өтініш білдірген. Өтініш білдірген азаматтардың ішінен 531 адам немесе 26,5 пайызы тестілеудің шекті мәнінен өткен. 1 397 азамат әкімшілік мемлекеттік қызметке тест тапсырып, олардың 357-сі немесе 25,5 пайызы тестілеудің шекті мәнінен өткен. Сонымен қатар 607 азамат құқық қорғау қызметіне тестілеуден өтуге ниет білдіріп, олардың 174-і немесе 28,6 пайызы өз мақсатына жетті. Сондай-ақ жыл басынан бері 568 азамат жеке қасиетін бағалау бойынша тестілеуге өтініш беріп, олардың 496-сы тиісті нәтижеге қол жеткізді. Енді мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, 2023 жылдың 1-жартыжылдығында Әдеп жөніндегі кеңестің мәжілісі 6 рет өткізіліп, онда барлығы 39 мәселе қаралды. Оның ішінде 10-ы тәртіптік іс болса, 29-ы профилактикалық мәселелер. Кеңес отырыстарында қаралған мәселелер бойынша барлығы 96 ұсыным берілді. Оның 9-ы тәртіптік іс, ал қалған 87-сі профилактикалық сұрақтарды қарау нәтижелері бойынша іске асты. Айта кету керек, Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдары бүгінгі күні толықтай орындалған. Тәртіптік істерді қарау нәтижелеріне сәйкес 9 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін 1 қызметшіге «атқаратын мемлекеттік лауазымынан босату», 7 қызметшіге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» және әдеп нормаларын бұзғаны үшін 1 қызметшіге «ескерту» түріндегі тәртіптік жазалар қолданылды. 1 тәртіптік іс заңды негіздер бойынша тоқтатылды. Жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерімен түрлі мәселелер бойынша 30 жеке қабылдау ұйымдастырылып, онда барлығы 83 азаматтың талап-тілегі тыңдалды. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және әдеп нормаларын түсіндіру бойынша 43 іс-шара өткізілді. Жалпы 2023 жылдың 6 айында барлығы 526 тәртіптік жаза қолданылды. Тәртіптік жазаға тартылғандардың басым көпшілігін жергілікті атқарушы органдардың қызметшілері құрайды, яғни 396 қызметші. Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінен 130 қызметші де тиісті жазасын алды. Әдеп нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке 12 қызметші тартылған. Өз кезегінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін 8 қызметші тәртіптік жазаға тартылған. Мемлекеттік қызметшілерден мерзімінен бұрын 78 жаза алынған. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жою бағытында да пәрменді жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың басынан мемлекеттік органдардың басшы лауазымдағы 14 қызметкері бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 8-і құқық қорғау органдарының, бесеуі орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, біреуі жергілікті атқарушы органдарының басшылары. Бұл тұрғыда Тараз қаласы полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің және 1-полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастықтарына «атқаратын лауазымынан босату» тәртіптік жазасы қолданылса, 2 тұлғаға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» берілді. 4 басшы «қатаң сөгіс», тағы 4 тұлға «сөгіс», сондай-ақ 2 азамат «ескерту» алды. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау саласы да бір сәтке назардан тыс қалған емес. Бүгінде Жамбыл облысында мемлекеттік қызметтердің 373 түрі көрсетіледі. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 7 миллион 180 мың 831 қызмет көрсетілсе, оның 98,2 пайызы электронды форматта ұсынылған. Өткен жылмен салыстырғанда электронды түрде көрсетілген қызметтердің саны 1,2 пайызға артқан. Есепті кезеңде мемлекеттік қызмет көрсету саласында азаматтардан 20 шағым келіп түсті. Оның біреуі бойынша келтірілген уәждер өз дәлелін тауып, азаматтың бұзылған құқығы толығымен қалпына келтірілді. 10-ы бойынша құзыреттілікке сәйкес қарау үшін өзге мемлекеттік органдарға жолданды. Бес шағым бойынша қарауды тоқтату туралы шешім қабылданды. Тағы 4 өтініш бойынша түсіндірме берілді. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 4 ішкі бақылау жұмыстары жүргізілді. Бақылау жұмыстарының барысында жалпы 34 заңбұзушылық анықталды. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында заңбұзушылықтарға жол бергені үшін 5 қызметкер тәртіптік жазаға тартылды. Рұқсат беру құжаттарының мерзімі мен тәртібін бұзғаны, яғни Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 465-бабының талаптарын орындамағыны үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік құқықбұзушылық туралы 9 хаттама толтырылды. Әкімшілік істер қысқартылған іс-жүргізу тәртібінде қаралып, 414 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінде ол мемлекеттік бюджетке толық өндірілді. Жыл басынан бері департамент жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобының 3 отырысы өткізілсе, қалалық және аудандық деңгейлердегі қоғамдық кеңестердің 16 отырысында мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мәселелер қаралды. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға орындау үшін 32 ұсыныс енгізіліп, толығымен орындалды. ҚР Президентінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі №872 Жарлығына сәйкес, Агенттікке мемлекеттік органдарды бюрократиядан арылту бойынша функциялар берілген болатын. Осы орайда 2023 жылы департамент тарапынан облыстағы қаржы және сауда салаларында мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша талдау жұмыстары жүргізілді. Аталған салаларда мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша Агенттікке 44 ұсыныс енгізілді. Сонымен бірге мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту мәселелері бойынша арнайы құрылған фокус-топтар арқылы «Рұқсат беру рәсімдері мен монополияға қарсы заңнаманы бюрократиядан арылту», «Өндірушілер (зауыттар), экспорттаушылар, импорттаушылар тарапына қатысты әкімшілік рәсімдерді бюрократиядан арылту», «Жер қойнауын пайдаланушылар тарапына қатысты әкімшілік рәсімдерді бюрократиядан арылту» бағыттары бойынша мониторинг жұмыстары жүргізіліп, жалпы 21 ұсыныс енгізілді. Барлық ұсыныстар Агенттік тарапынан пысықталуда. Уақыт көші алға жылжыған сайын қоғам сұранысының да жаңарып отыратындығы белгілі. Осы орайда мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға да бірқатар өзгерістер енгізіліп, атқарушы органдарға қойылар талап та арта түсуде. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету жөнінде заң қабылданды. Осы Заңды іске асыру мақсатында ақпан айында Агенттіктің бұйрығымен Мемлекеттік басқару академиясының түлектерін өңірлердегі лауазымдарға, сондай-ақ мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған түлектерді аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындау үшін оқу нәтижелері белгіленді. Осылайша тиісті оқу нәтижесі 3,33 GPA, яғни дәстүрлі жүйе бойынша «жақсы» деген көрсеткіш, немесе 100-балдық жүйе бойынша 85-89 деңгейінде бекітілді. Бұдан басқа «Б» корпусының жоғары лауазымдарына конкурссыз тікелей тағайындау басталды. Сонымен қатар Агенттікке біліктілік талаптарды келісу функциясы қайтарылды. Екінші бір жаңашылдық, биылғы 20 наурызда Агенттік әзірлеген мемлекеттік қызметті жетілдіру туралы заң қабылданды. Бұл құжатқа сәйкес нақты не өзгерді? Біріншіден, «келісімшарттық қызметшілер» ұғымы заңнамаға енгізілді. Мемлекет басшысы Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасында келісімшарттық қызметшілер институтын енгізуді тапсырған болатын. Олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік беретін болады. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Екіншіден, ротациялық төлем енгізілді. Баршаға белгілі, 2016 жылы мемлекеттік қызметшілердің ротациясы енгізілді. Оның мақсаты – өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметшінің тәжірибесін жан-жақты жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Қолданыстағы Заңға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуі тиіс. Алайда қызметтік пәтерлер жетіспегендіктен ротацияланған қызметшілер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметшілердің ротациядан бас тартуына алып келуде. Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталып отыр. Үшіншіден, мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс жасау және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыреті Агенттікке және оның аумақтық департаменттеріне берілді. Пандемия және жан-жақты цифрландыру үрдісі қашықтықтан жұмыс жасау, сонымен қатар икемді жұмыс кестесін қолдану мүмкіндігін көрсетті. Осыған орай, мемлекеттік қызметте қашықтықтан жұмыс жасау және икемді жұмыстың кестесінің нақты тәртібі Агенттікпен белгіленеді. Төртіншіден, мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу бекітілді. Қолданыста болған Заңның редакциясына сәйкес, әр мемлекеттік орган өз штат кестесін өзі бекітетін. Алайда басшылар мен орындаушылар саны реттелмеген. Нәтижесінде бір басшыға кейде 1 немесе 2 орындаушыдан ғана келетін жағдайлар кездесіп жатады. Ал енді кейбір органдарда басшылар саны тіпті орындаушылардан да асып түседі. Осыған сәйкес, бұндай олқылықтарды болдырмау мақсатында басшылар мен орындаушылар саны Агенттіктің бұйрығымен реттелетін болады. Бесіншіден, жалақы үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс өтілін есептеу тәртібін бекіту құзыреті Агенттікке берілді. Мемлекеттік қызметшінің жалақысы оның жұмыс өтіліне байланысты. Осылайша қазіргі кезде Үкімет қаулысымен тиісті жұмыс өтілін есептеу тәртібі бекітілген. Үкіметтен құзыреттерді орталық органдарға беру саясаты аясында аталған тәртіпті бекіту құзыреті Агенттікке берілді. Алтыншыдан, мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылауды жүзеге асыру қарастырылған. Көпке мәлім, ақпан айында «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекске түзетулер енгізіліп, мемлекеттік органдарда жұмыс кестесін заңсыз бұзу туралы әкімшілік істерді қарау Агенттікке берілді. Бұрын мұндай істерді әкімдіктердің еңбек инспекциясы қарайтын. Аталған түзету 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді. Осыған орай «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда Агенттікке мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылау функциясы бекітілді. Міне, мұның бәрі де жұмысты жаңа көзқараспен жүзеге асыруға бағытталған өзгерістер. Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Сондықтан да ел басқару ісіне араласқан азаматтар өзінің ісімен де, сөзімен де өзгелерге үлгі бола білуі керек. Абай айтқан бес асыл істі өмірлік бағдар етіп, білімі мен біліктілігін сарқа жұмсауға бел буған тұлғалардың өз ары мен абыройына кір келтірмейді деп сенеміз. Руслан ШАРИПОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар