АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АУҚЫМДЫ
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық әділет департаментінің басшысы Нұрғали Аңдасов осы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстары туралы баспасөз мәслихатын өткізді.
Баяндамашының айтуына сүйенсек, қазіргі таңда облыс бойынша мемлекеттік сот орындаушылардың саны – 14, жеке сот орындаушылардың саны 92 екен. Ал сот орындаушыларының орындауында алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттардың саны –
16 084. Оның ішінде 6 837 атқарушылық құжат мерзімді орындауда, 8 450 борышкер өз еркімен төлеп жатыр, ал алимент бойынша берешегі үш айдан астам 678 атқарушылық құжат бар, 119 проблемалық алимент бойынша берешек 123 652 553 теңгені құраған.
– Осы жылдың 6 айында алимент бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 132 ұсыныс жолданып, оның ішінде 98 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы 37 ұсыныс жолданды. Оның ішінде 7 ұсыныс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген, 2 ұсыныс ақтамайтын негіз бойынша қысқартылған, 3 ұсыныс ақтайтын негіз бойынша қысқартылған, ал 4 ұсыныс сотқа жолданған, нәтижесінде 2 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Ал алимент өндіру туралы атқару өндірістері бойынша облыс аумағында барлығы 13 борышкерді жұмысқа орналастыруға жәрмеңкелер өткізілді. Аталған жәрмеңкелерге 308 борышкер қатысып, оның 153-і жұмысқа жолдама алды және 79 борышкер жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар облыс бойынша сот орындаушыларының орындауында мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы барлығы 61 004 472 720 теңгені құрайтын 106 537 атқарушылық құжат орындалуда. Оның ішінде аяқталғаны 2 282 500 700 теңге сомаға 46 810 құжат, нақты орындалғаны 1 011 536 789 теңге сомаға 31 515 құжат, ал қалдықта 2 352 312 680 теңге сомаға 59 727 құжат қалды, – деді облыстық әділет департаментінің басшысы Нұрғали Есіркепұлы.
Сонымен қатар ол жыл басынан бері қарай нотариат және адвокатура саласында бірқатар жаңашылдықтың да бастама алғанын жеткізді.
– Былтыр 10 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен Павлодар, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында нотариустармен сенімхаттарды онлайн куәландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылған болатын. Аталған пилоттық жоба оң нәтижесін беріп, бұл қазір толығымен республика бойынша іске қосылды. Енді қазақстандықтар бұл арқылы өздерінің сенімхаттарын электронды түрде рәсімдей алады. Қазақстан нотариаттық іс-қимылдың осы түрін цифрлық форматқа аударған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бүгінге дейін сенімхаттың нотариалды куәландыруы тек Франция мен Литвада ғана қолжетімді болған еді.
– Бұл жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің цифрлық бастамалары шеңберінде Әділет, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп іске асырып жатыр. Халық бұрын сенімхатты рәсімдеу үшін құжатқа қол қою және нотариус куәландыру үшін клиенттің жеке қатысуы талап етілсе, енді нотариаттық сенімхат азаматтарға «eGov Mobile» арқылы қолжетімді болады, ал болашақта ол бірқатар банктік қосымшаларда да пайда болады. «Цифрлық сенімхат» деп аталатын онлайн режимде клиенттің нотариуспен бейнебайланысы арқылы рәсімделеді. Жобаның басты мақсаты – нотариаттық қызмет көрсетудің ыңғайлылығын, жеделдігі мен тиімділігін арттыру, – деді ол.
Сонымен қатар баяндамашы нотариаттық және адвокаттық қызмет бағытында мемлекеттік көрсетілетін қызмет салалары бойынша және жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылау бойынша да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ш.ӘБДІРҰЛЫ
Келесі мақала