Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаздың жарқын сәттері

Жаздың жарқын сәттері
ашық дереккөз
Жаздың жарқын сәттері
Жаз – мектеп оқушыларының асыға күтетін ең қызықты мезгілі. Тоғыз айын мектеп партасында өткізген балалардың кейбірі каникул бастала сала ауылдағы ата-әжесіне аттанса, біреулері ерекше демалыс орындары – лагерьлерге барғанды жөн санайды. Бұл демалыс уақытын тиімді өткізудің таптырмас жолы. Оның үстіне лагерьлерде бала көптеген қызықты дүниелерге тап болып, таным көкжиегін кеңейтіп, достар санын көбейтеді. Облыста жаздың алғашқы күнінен бастап-ақ кішкентай демалушыларға өз қызметін ұсынатын лагерьлер жетерлік. Жаз мезгілінде балалардың бос уақытын пайдалы істермен айналысып, тиімді өткізуге атсалысып жүрген бірнеше лагерьге барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Өңірлік коммуникация қызметі облыс әкімдігінің білім басқармасымен бірлесіп, балалар лагерьлеріне баспасөз турын ұйымдастырды. Тур барысында Қордай ауданындағы «Балауса» және Жуалы ауданындағы «Тау самалы» мен «Берікқара» лагерьлеріндегі оқушыларды жазғы сауықтыру шараларына жасалған жағдай таныстырылды. Баспасөз турына облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев, «Сенімен Болашақ» РҚБ облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжанов қатысты. Ең алдымен, Қордайдағы «Балауса» лагеріне жолымыз түсті. Мемлекеттік лагерь 1977 жылы салынған. 300 орындық сауықтыру кешені 6 гектар аумақты алып жатыр. Аталған лагерьде 6 жатын корпус, асхана, бассейн, душ, монша, 2 спорттық алаң, жазғы сахна және медпункт бар. Балаларды танымдық және тағылымдық тұрғыдан дамытуға, жаз мезгіліндегі бос уақытын тиімді пайдалануға үлесін қосып отырған мекемедегі топтар алтау болса, 25 қызметкер маусымдық жұмыста еңбек етуде. Сауықтыру лагерінің директоры Рая Ағыбаеваның айтуынша, аталған лагерьде 12 маусымнан бастап бір ауысымда қордайлық 300 бала қамтылған. – 26 маусымнан бастап әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасының 300 баласы кезекті демалысын «Балаусада» өткізді. Қазір мұнда 284 оқушы тынығып жатыр. Бұл мемлекеттік лагерьде жергілікті бюджет есебінен аудандағы 850 баланың демалысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар 10 шілдеден бері «Қазақстан халқына» қорының есебінен 400 оқу үздігі мен түрлі жарыс жеңімпаздары жазғы демалысын осында өткізуде, – дейді Р.Төреқұлқызы. Айта кетейік, лагерьдегі бассейнге тиісті нормаға сай су құйылған. Азаннан түске дейін залалсыздандырылады. Су жылығанда әр топ 20 минуттан кезекпен келіп шомылады. Бассейннен шыққан соң балалардың душқа немесе моншаға түсуіне мүмкіндік жасалған. Лагерь директоры Рая Ағыбаева жазғы сахна 2020 жылы күрделі жөндеуден өткенін айтып, қазір ғимараттар ескіріп тұрғанын жасырмады. Облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев алдағы 2024 жылы бұл нысан күрделі жөндеуге ұсынылатынын, сол кезде әр жатын орын санитарлық тораппен қамтылатынын жеткізді. Мұндағы 150 орындық асханада балаларға 5 мезгіл тамақ беріледі. Диетолог мамандардың қатаң қадағалауымен алдын ала 12 күндік ас мәзірі дайындалып қояды екен. Мұнда топ тәлімгерлері балалардың лагерьдегі әр күні қызықты әрі танымды болып өту үшін түрлі мерекелік кештер ұйымдастырып, балалардың іс-шараға қатысуын қадағалап отырады. «Жас ұрпақ» тобының жетекшісі Мақпал Серкебаева жазғы уақытта балалармен жұмыс істеген ұнайтындығын айтты. – Балалар бір мезгіл санасын улайтын телефон, әлеуметтік желі, онлайн ойындардан босап, таза ауада, табиғат аясында өзі қатарлас ұл-қыздармен ойнап, демалысын қызықты өткізуі үшін аянып қалмаймыз. Күнделікті бір күнге жоспар жасап қоямыз. Оны бас тәлімгеріміз Шолпан Медетбекқызына бекіттіріп аламыз. Төртінші ауысымдағы балалардың мұнда келгеніне бүгін үшінші күн. Әр күн мерекелік көңіл күйге толы. «Секпілдер күні», «Бантиктер күні» деп күндерді белгілеп қоямыз. Күн сайын кешке «Екі жұлдыз», «Өз жұлдызыңды жақ», «Сказка на новый лад» секілді іс-шаралар ұйымдастырамыз. Бүгін демалушылар жерге сурет салып жарысты. Енді «Бантиктер күні» аясындағы мерекелік кешке дайындалып жатырмыз. Тобымда 44 бала бар. Тобымдағы барлық ұл-қыз Шу ауданынан келген. Олардың барлығы да ізетті, кішіпейіл. Осынша ұл-қыздармен жұмыс істеу аса қиын емес. Өзім де біраз жылдық тәжірибем бар ұстазбын. Әр баланың бойындағы дарынын, қарым-қабілетін ашуға тырысамын. Бұл жерде балалар жан-жақты дамып, өзін басқаша қырынан танытады. Тобымда өнерлі өрендер көп, – дейді М.Серкебаева. Реті келгенде жазғы демалысы ойдағыдай өтіп жатқан балалармен сұхбаттастық. Мұнда Қостанай облысының Успеновка ауылынан келіп демалып жүрген Ұлжан Әскербек лагерьдегі демалысы көңілді өтіп жатқанын жеткізді. «Жас сұңқардай қалықтаймыз, Ізденуден жалықпаймыз. Қарсыластан қалыспаймыз, Аспанда біз қалықтаймыз», деп ұрандатқан Ұлжан «Жас сұңқар» тобында екен. Мың бұрала билегенді ұнататын қыз өз тобымен бірге концерттерде өнер көрсетіп, жарыстарға, спорттық ойындарға қатысып жүр. «Жас ұрпақ» тобындағы Әділет Алдасүгір болса, Шу ауданының жас жұлдызы екен. Ол аудандық, облыстық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы. Халықаралық байқауға да қатысып, бағын сынаған. Атауы ерекше «Обана» тобындағы Айбану Әмірқұлова да лагерьдегі талантты қыздардың бірі. «Жарық жұлдыз» деген мағына беретін «Обана» тобы кеше асханада кезекшілікте болыпты. Айбанудың айтуынша, аспаз апайлары жас бала екенін ескеріп бұларға ауыр көтертпей, шамасы жетпейтін жұмыс жасатпай, жанашырлық танытқан. Ән айтқанды ұнататын ару «Өз жұлдызыңды жақ» концертінде Мархаба Сәбидің «Ұнайды маған» әнін орындап, лагерьдегілердің көзайымына арналған. Ал қордайлық Батырбек Ізбасаров «Жас сұңқар» тобының капитаны екен. – Келгенімізге 3 күн ғана болса да көптеген достар тауып үлгердім. Өз тобымның капитанымын. Біздің жасақта 35 бала бар. Осындағы ұл-қыздарды тәрбиелеп, жан-жақты дамуымызға көмектесіп жүрген тәлімгер апайларға алғысымыз көп. Тәрбиеші әпке-ағалар бізді алға жетелейді. Өзіміз де асханадағы аспаз апайларға қолымыздан келгенше көмектесеміз. Еңбегіне құрметпен қараймыз. Бізге бес мезгіл тамақ береді, тоймай қалсақ, тағы да қосымша тамақ сұрай аламыз. Сондай-ақ шахмат, теннис, дойбы ойнап, бассейнге түсеміз. Лагерьде үш күн ішінде көптеген іс-шара, спорттық жарыстар ұйымдастырды. Лагерьдегі барлық балалармен бір үйдің баласындай жақын болып кеткенімізбен жарыста достық болмайды. Кеше «Өз жұлдызыңды жақ!» концерті ұйымдастырылды. Онда біздің топ II орын алды, – дейді Батырбек. «Балаусадағы» балдырғандардың демалысының ойдағыдай өтіп жатқанын көріп, келесі ауданға аттандық. Келесі барған орнымыз – Жуалы ауданындағы Берікқара шатқалында орналасқан жекеменшік «Тау самалы» лагері. Аталмыш лагерь 1970 жылдан бері оқушылардың игілігіне пайдаланылып келеді. Жалпы көлемі 7 гектар алқаптағы 350 орындық сауықтыру кешенінде 3 жатын корпус, асхана, бассейн, душ, монша, спорттық алаңдар мен медпункт жұмыс істейді. Мұндағы демалушы балалар 13 топқа бөлінеді. Оларға түрлі бағытта тәлім мен білім беріп, қауіпсіздігін қадағалап жүрген 34 маусымдық қызметкер күндіз-түні қасында болады. Әр топқа бір тәлімгер, бір педагог бекітілген. Педагог балалардың тәрбие жұмыстарымен айналысса, тәлімгердің міндетіне мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кіреді. Биылғы жылдың 8 маусымынан бастап бұл жерде Жамбыл ауданының әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасының 350 баласы, 21 маусым күні Байзақ ауданының 80 баласы жазғы демалыстарын тиімді өткізіпті. Одан бөлек аталған лагерьде Семей, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан 270 бала демалуда. Сонымен қатар 17 шілдеден бастап Шу ауданының 300 баласын және Байзақ ауданының 220 баласын демалыспен қамтып отыр. Лагерьде сурет, вокал, хореография және облыстағы жалғыз туризм-өлкетану үйірмесі жұмыс істейді. Одан бөлек 2 жүзу жетекшісі, 1 денешынықтыру жетекшісі бар. Үйірме жетекшілерінің қай-қайсысы болса да өнерлі өрендердің бойындағы таланттарын арттыру үшін жанын салып жұмыс етуде. Лагерьде үлкен және кіші балаларға арналған екі бассейн бар. Мұнда волейбол, футбол және өзге спорттық ойындар жиі ойналады. Біз барғанда топ жетекшілері «Ұлттар күні» жарысына қызу дайындыққа кірісіп кетіпті. Сондай-ақ вокал үйірмесінің жетекшісі Болат Ерболдың ұйымдастырған «Yeski taspa» концерттік бағдарламасының үстінен түстік. Концертте өнерлі ұл-қыздар «Адай», «Ерке сылқым» күйлерін нақышына келтіре орындап, қазақтың әндерін тамылжыта орындады. Сонымен қатар туризм-өлкетану үйірмесіндегі жас альпинист ұлдар арқан-жолмен жүрумен өзара жарысып жатты. Лагерьдегі туризм үйірмесінің жетекшісі – облыстық альпинизм, радио бағдарлау және спорттық туризм федерациясының президенті Ниматжан Мурсаитов. Үйірме жетекшісінің міндетіне балаларды таулы аймақта, табиғат аясында орын алатын түрлі жағдайларда мәселелерді өз бетінше шешуге дайындау, физикалық дайындығы мен шығармашылық дамуын ұштау жатады. – Үйірмеде елуден астам бала бар. Балаларға рюкзактарды дайындап, отты дұрыс жағу, туристік түйіндерді тоқу, тамақ әзірлеу секілді альпинизмнің негіздерін үйретеміз. Әр күн сайын 1 отрядтың балаларын серуенге алып шығамын. Әрине, жалғыз емес, жанымда медбике, топ тәлімгері болады. Серуен барысында балаларға Жамбыл облысының ең көрікті жерлерінің бірі «Берікқара» шатқалының тарихы жайында ақпарат беріледі. Шатқалдың флорасы мен фаунасы, яғни қандай өсімдіктер, ағаш түрлері, нендей құстар, жан-жануарлар бар дегендей мәліметтер айтылады. «Тау самалынан» екі-үш шақырым жерде, таудың арасында тағы бір демалыс орны бар. Оны мұндағылар «екінші лагерь» деп атайды. Саяхаттан соң сонда барып демаламыз, тамақ дайындаймыз. Ойын ойнап, көңілді демалыстан соң кешке таман лагерьге қайтамыз, – дейді Нимотжан Бахадырұлы. Лагерьдің жас демалушылары Жасұлан Мұсабаев, Нұрбол Алдаберген, Нұрлыхан Жұмахан, Ерасыл Баянбай кішкентайдан бірге өскен, бір ауылдың балалары екен. Шу өңірінен келген жігіттер «Джеки Чан» тобында екен. – Негізінде тобымыздың атауы күлкілі естілетін болар, бірақ бұлай атауымыздың мағынасы бар. Джеки Чан секілді шапшаң, епті, ақылды әрі жеңімпаз болайық деп, топпен ақылдаса келе, осылай қоюды жөн көрдік. Шынымен да тобымыз өткізіліп жатқан эстафета, жарыс, конкурстардан орын алмай қалған кезі болған емес. Осында демалып жатқанымызға жеті күн болды. Лагерьде өте қызық. Кеше «Кино күні» болып, қызықты фильм тамашаладық. Төртеуміз де спортқа жақын болған соң Нимат ағайдың үйірмесіне қатысамыз. Үйірмеден тауда қиын жағдайға тап болсаң альпинистік дағдылардың арқасында қиындықтан қалай шығуға болатынын үйрендік. Сондай-ақ саяхатқа шықтық. Жуалының әсем табиғатын аралап, «Бақыт бұлағынан» су іштік. Лагерьден көп дос таптық. Мұндағы барлық балалар бір үйдің баласындай тату, – дейді жігіттер. «Ұлттар күні» тақырыбында ұйымдастырылып жатқан іс-шараның бас жағына қатысып, дарынды әрі тапқыр ұл-қыздардың өнерін тамашаладық. Көңілді кешті қимай-қимай келесі лагерьге аттандық. Жуалыдағы тағы бір жекеменшік «Берікқара» сауықтыру орталығы 2017 жылы пайдалануға берілген. Бұл лагерьдің сыйымдылығы 500 балаға арналған. Мұнда да балалардың қызықты демалысына қажеттінің бәрі жасалған. Алайда топтар көп емес, 8 ғана. Олардың қауіпсіздігін қорғап, өнер-білімге баулуда 21 қызметкер жұмыс істеп жүр екен. Өткен 12 маусымда 1 ауысым басталып, Тараз қалалық білім бөлімімен жасалған келісімшарттың негізінде Тараз қаласындағы әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардан 455 бала, 26 маусымда 466 бала қабылданып, жазғы демалыстарын ұтымды ұйымдастырған. Қазіргі сәтте мұнда Сарысу ауданы және Тараз қаласының балалары демалуда. Біз барған сәтте лагерь демалушылары мен тәлімгерлер ұйымдастырған «Жаса Қазақстан!» атты концерттік бағдарлама болып жатты. Уақытты ескере отырып, бұл лагерьде ұзақ уақыт бола алмадық. Десе де ұл-қыздардың шынайы күлкілері мен шат-шадыман көңіл күйіне куә болып, бұл жерден де көңіліміз марқайып қайттық.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар