Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЖАПАНДА ЖАЛҒЫЗ КҮҢІРЕНІП...»

«ЖАПАНДА ЖАЛҒЫЗ КҮҢІРЕНІП...»
ашық дереккөз
«ЖАПАНДА ЖАЛҒЫЗ КҮҢІРЕНІП...»

Әуелі ақын жайында

«Тек ел деген сөз үшін, ергенде ердім ұранға...» деп «Толғау» атты өлеңінде өзі сүрген өмірі, соқтықпалы, соқпақты ғұмыры жайлы ағынан ақтарылған Мағжан Бекенұлы 1893 жылы бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылында) дүниеге келген. Төрт жасында ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашады. Ал 1905 жылы Қызылжардағы (қазіргі Петропавл) медресеге оқуға түседі. Бұл медресені араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгерген, Стамбұлда оқып, дәріс алған, ауқатты отбасынан шыққан жергілікті интеллигент Мұқамеджан Бегешов ашқан екен. Атасы Жұмабай діндар, қажылыққа барған қазақ. Мағжанның әкесі Бекен сол өңірге белгілі көзі ашық, көңілі ояу адам болғанға ұқсайды. Оның кіндігінен төрт ұл, бір қыз тарайды. Өкінішке қарай, Бекеннің алғашқы екі ұлының және қызының аты-жөні бізге беймәлім. Үшінші ұлының аты Мағжан, ал кенже ұлының есімі Сабыржан екен. Осы таяуда ғана «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетілген «Мағжан: Мен жастарға сенемін» деген көп сериалды фильмде әкесі Бекен қарсы болғанына қарамастан, өз дегенінен қайтпай, Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түсіп, Алаш қозғалысына қатысқаны өте көркем суреттелген. Мағжан семинарияны бітірген соң сол қалада тұрақтап қалып, ағартушылық жұмыспен айналысады. 1912 жылы оның Қазан қаласында «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. Ә дегеннен-ақ өлеңдері өзінің сыршылдығымен әдебиетсүйер қауымның назарына ілікті. Шынында да Мағжан өзінің әрбір өлеңінде халықтың мұң мен зарын, қайғысы мен қуанышын жан-тәнімен сезініп, ұлтының Ұлы Түркілік рухын көтеруге қызмет еткен ақын. Кеңес өкіметінің алғашқы аласапыранды кезінде, 1917 жылы Алаш Орда өкіметі құрылғанда қазақ халқының теңдігі мен бостандығын ту етіп көтеруге ұмтылған қайраткер. Небәрі екі жарым жыл-ақ өмір сүрген Алаш Үкіметінің сөзін сөйлеп, сойылын соққан Мағжан ақтық демі біткенше «елім», «ұлтым» деумен болды. Адалдығынан айныған жоқ. Сол уақытта халықты «бай» мен «кедей» деп екі тапқа бөлген Кеңес өкіметі ұлтымыздың асыл перзенттерін де бір-біріне айдап салып, ақыл-ойымызды жұтаңдатты. Алаш Орда көсемдері солақай саясатқа амал жоқтықтан мойынсынып, көбісі Түркістан Республикасының астанасы Ташкент қаласына қоныс аударып, қызмет жасады. Түркістанның зиялыларының, көшбасшыларының алаауыздығын пайдаланып, Мұстафа Шоқай және Тұрар Рысқұловтың Түркі мемлекеттерінің одағын құрамыз деген идеялары жүзеге асса, Совет өкіметіне қауіп тудырады деген Мәскеу көсемдері 1924-1925 жылдары Өзбек, Қырғыз, Тәжік, Түркіменстан Республикаларын Одақтас Республикалар деп жариялап, Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңестік Республикасын Ресейдің құрамында қалдырады. Өршіл рухты, ойшыл ақын Ташкентте жүрген кезінде «Батыр баян» поэмасын жазады. Ол туралы әңгімеміз кейінірек. Кеңес өкіметінің сойылын соққандардың жаласынан бойын аулақ салған Мағжан 1923 жылы Мәскеудегі Жоғарғы әдебиет – көркем өнер институтында оқиды. Осында оқып жүргенде оның шығармалары тағы да орынсыз сынға ұшырайды. 1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Мағжанның 1912 жылы Қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салады. Жиналыс Мағжанның шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылдайды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын «Сәлем хат» деген өлең жазды. Сол өлеңінде: Сәлем сөзім алыстағы еліме, Алыстағы ақ селеулі беліме. Айдан да айқын сендерді іздеп қайтуым, Күнім бітіп кіргенімше көріме. Кітап күл боп, өлер оттың жалыны... Кекті басар қара бұлттың қалыңы... Тап сол сағат құлағыма келмей ме, Қоңыр жел мен сары белдің зар үні. Мен қайтармын болмақ үшін елмен ел. Ел бел асса, аспақ үшін бірге бел. Аз ғана елдің өмірі құрғыр қалтылдақ, Ел шер тартса, тартпақ үшін бірге шер. Сөзім осы алыстағы еліме, Алыстағы ақ селеулі беліме. Жатсың демей, өзімсің деп бауырыңа ал, Қолың беріп мендей саяқ серіңе, – деп ағынан ақтаралады. Ақынның бұл өлеңі «Тілші» газетінде жарияланды. Көп ұзамай «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 19 желтоқсандағы санында Сәбит Мұқановтың «Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабаевқа» деген ескертпемен «Сәлемге сәлем» деген жауап өлеңі басылды. Байқап отырсаңыз, Мағжанды ақын демейді, азамат дейді. Және өлеңінде жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты «уралап» айқайламадың, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен М.Жұмабаев қатаң сынға алынды. Кеңесшіл ақындардың «Жаңа өмірді жырлаңдар» деген ақылдарын алашордашылар қаперге ілген жоқ. Тіпті Мағжан «Адастым» деген өлеңінде былай деп жазды: Артымда қазақ қалың ел, Тастақ жалғыз қара жол, Кетіп бара жатыр ем. Бейнетті, бітпес ұзын жол, Отсыз, сусыз бетпақ шөл, Мың мехнатқа батып ем. Жұбаныш – жол біреу-ақ, Үмітім – алтын айдан да ақ, Сонымен ойды жоюшы ем... Далаға өлік, жан салып, Әлсін-әлсін ән салып, Өлеңдетіп қоюшы ем... Әлдеқайдан шу шықты, Қып-қызыл қан – ту шықты, Жердің жүзін түн басты. Шегір көзді, сары шаш, Бәрі тырдай жалаңаш, Жан-жағымды жын басты. Сірә, өлең ашаршылық, асыра сілтеуді әшкерелеген. Оған Сәбит Мұқанов келісе ме? Әрине, келіспейді. Ақырында бітіспес жауға айналған екі жақ бір-бірінің басын жұта жаздады. Социализм жетістігін жырлаған ақындардың айы оңынан туып, қоғамдағы былықты әшкерелеген шыншыл, ақиқатшыл, түркішіл Мағжан 1929 жылы «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен басына бостандық алып, Қазақстанға қайтады. Елге оралғаннан соң да жаулары оны тыныш қоймады. Ақыры 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, 19 наурызда ату жазасына кесілді. Қарабастаудағы құпиялар Қаратау қаласынан Тараз қаласына қарай беттессеңіз, Билікөл көлінен өте бере тасжол екіге айырылады. Сол жағына бұрылып қарасаңыз, оң жағыңыздан жасыл желекке бөленген Қарабастау ауылын көресіз. Қаншама жыл жүріп осы ауылдың тыныс-тіршілігін жете зерделеп, танысып көрмеппін. Әйтеуір, көлдің атауымен елді мекеннің Билікөл ауылдық округіне қарайтынын білуші едім. Шымыр тайпасының Қойгелді, Ақша, Қожық, Құттық бабалардың ұрпақтары тұрады деп естимін. Осыдан отыз жыл бұрын Шымырдың ұрпақтары Тамды ауылының шығысындағы көгалға жүз қаралы үй тігіп, қолбасшы Қойгелді бабаларының 300 жылдығын атап өтті. Той үстінде белгілі жазушы Бақтияр Әбілдаев жинақтаған «Төле би және Қойгелді батыр» атты кітабын оқып, біраз дерекке қаныққанбыз. Кейіннен ұзын жолдың бойында Құттық баба мен Қожық батырдың кесенелері пайда болды. Екеуі де жоңғар басқыншылығы кезінде Қойгелді батырмен тізе қосып шайқасқанын кейінірек білдік. Бір рулы емес, ұлы жүздің ұстынына айналған қос батыр туралы өзім жақсы танитын Сайлаухан Ашановтың «Асқақ тулы Қожық батыр» деген кітабынан оқып және біраз жайға қанықтым. Сайлаухан бауырым мамандығы ұстаз, математик болғанымен тарихқа, шежіреге біртабан жақын азамат болып шықты. Бақтияр Әбілдаұлының кітабында дулат, шымыр Қойгелді батыр мен орта жүз уақ батыры Хангелді екеуінің жоңғарлармен бірге тізе қосып, сонау Арқа жерінен Қаратау өңіріне дейін, одан Алатау асырып қалмақтарды түре қуып соғысқаны, ақырында екі батырдың аңдасып, қандасып, туыс болғаны жайлы жазылады. Қойгелді аяғында Хангелдіге Арбатастың бойын еншілеп береді. Оның ұрпақтары осы күнге шейін сол жерде тұрақтап, өсіп-өніп қалды. Ал Сайлауханның жазуы бойынша, Қойгелді батыр Арқадан Хангелді және Жангелдіні ерте келеді. Сөйтіп, Арбатасты еншілеп бермекші болғанда інісі Қожық иеленіп отырады. Мұны естіген батыр ашуланып: «Мұның қалай?» дегенде: «Хангелді мен Жангелді есейгенше не заман, одан да екеуін маған еншілес етіп беріңіз» дейді. «Мұның дұрыс шешім екен» деген Қойгелді оның айтқанын істеп, екеуін еншілес етіп береді. «Күні кешеге дейін деп жазады Сайлаухан өз кітабында, – Қожық баба мен Хангелді екеуі жақын туыс саналып, қыз алып, қыз беріскен емес. Осылардың ұрпақтарынан батыр Баян дүниеге келеді. Бүгінге дейін уақ батыр Баян мен шымыр батыр Баян арасындағы ұқсастық жөнінде талас бар. 1923 жылы Мағжан «Батыр Баян» деген поэмасын жазады. Онда уақ батыры Баянның қолға түскен қалмақ қызына (негізінде ол қазаққа жиен) көңілі ауып, үйленбекші болғанда жасының егделігін ескеріп, оны қарындасындай етіп тәрбиелейді. Асқан сұлу қалмақ қызына немере інісі Ноянның көзі түседі. Екеуі бір-біріне ғашық болып, Алтай жаққа қашып шығады. Бұған қатты ашуланған батыр Баян екеуінің соңынан қуып, Көкше жерінде Ноян мен қызды шаһид етеді. Осы поэманың желісі бойынша кино түсірілді. Онда Баянның жоңғар қалмақтарының қоршауына түсіп, найзаға шаншылып тұрғанда: «Мен сонда да сендерден биіктемін» деп айтатыны оның қас батыр екендігін көрсетсе керек. Кейін осы поэманы зерттеген жазушы Сарбас Ақтаев: «Баян батыр інісі Ноян мен қалмақ қызын өлтірмейді. Батасын беріп, Сібір жақтағы «Жаман қала» деп аталатын жердегі нағашылары жағалбайлыларға барып паналаңдар деп жібереді. Қыз жағалбайлының жиені, есімі – Қарлығаш. Ноянның шын есімі – Қыстаубай» («Ақиқат», 2002 жыл, №5). Сайлауханның жазуынша, жаугершілікте қолға түскен қалмақтың батыры қызды азғырып, Алтай өлкесіне қарай алып қашады, құлдың қашып кеткенінен хабардар болған Баян батыр оларды соңдарынан түсіп қуады. Екеуіне Көкше жерінде қуып жетіп, дала заңы бойынша жекпе-жекке шығып, құлды өлтіріп, қызды Талас жеріне алып оралады. Сөйтіп оған үйленіп, Баян батыр жоңғардың қызынан Жантелі, Жәпек атты екі ұл сүйген. Ол екеуі де әкелеріне тартқан батыр болып өседі. Мұның қайсысы қисынға келеді десек, қиссаларда уақ Баян батыр жайлы деректер көп кездеседі. Оның ұрпақтары да солтүстік өңірде өсіп-өніп жатқан сияқты. Әрине, екеуіне де құрметпен қарауға тиістіміз. Ташкентте жүргенде Мағжанның «Батыр баянды» жазуында үлкен мән бар сияқты. Өйткені қуғын-сүргінге түскен Мағжан 10 жастан асқан інісі Сабыржанды әуелі Ташкенттегі, содан кейін Бішкектегі мектеп-интернатқа өткізіп, «Басыңа іс түскенде қазақ жеріндегі Қожық, Құттық бабалардың елін сағаларсың» деп айтуында бір сыр жатқаны анық. Себебі Қожықтың әйелі Шәкизада уақтың қызы екен. Кеңестік белсенділер Мағжанды қойып оның үрім-бұтағына да қырғидай тиіп, тоз-тозын шығарды. Ең кіші інісі Сабыржан Бішкекте интернатта оқып, Қырғыздың Ауылшаруашылық институтынан «Зоотехник» мамандығында оқығандығын енді біліп отырмыз. Бұл жерде заңды сұрақ туады? Мағжан неге Сабыржанға «Шымырларға бар» деп өсиеттеген. Біздің долбарымыз бойынша, Мағжан шымыр батыры Қожықтың баласы батыр Баян жайлы да аңызды естіп, білген тәрізді. Өзі орта жүз Арғынның атағайынан тараған ұрпақ болса да уақ және шымыр батырлары саналатын Баян жайлы аңызды естіп, қызығушылық танытты ма екен? Бірақ толғанған сәтте бала күнінен естіп өскен уақ батыры Баянға тоқтаған сыңайлы. Қош, сонымен, Сабыржан қырғыз елінде өсіп-өнеді. Колхоз, совхозында басшылық қызметтер атқарады. Тіпті қызметі өрлеп, Қырғыз Ауылшаруашылығы министрлігінде жауапты қызметтер атқарады. Сөйтіп жүріп орыс қызы Нина Нефедовамен бас құрайды, екеуінен 4 ұл дүниеге келеді. – 1960 жылы Мағжан Жұмабаев алғаш рет ақталды, – дейді ауылы «анықтама ағай» деп атап кеткен Мәдіхан Рахманқұлов. – Сабыржанның отбасы осы Қарабастауға көшіп келді. Ересек болып кеткен екі ұлын танымаймыз. Одан кейінгі екі ұлының бірін «Мишка» деп атаймыз (қазақша есімі Махамбет), 6-сыныпта онымен бірге оқыдық. Сайлаухан бәріміз қатармыз. Ол қазақ сыныбында, Мишка екеуміз орыс сыныбында бірге оқыдық. Махамбет өте алғыр бала болып өсті. Сабыржан аға фермаға зоотехник болып орналасты. Өте зиялы, таза жүретін кісі еді. Шашы бұйра, маңдай жағы ашықтау, орта бойлы, дөңгелек жүзді, көрікті кісі болатын. Әйелі Нина Нефедова машина-трактор шеберханасында өлшеуші болып еңбек етті. Сабыржан аға мен мына Сайлауханның әкесінің інісі Кенжехан екеуі дос әрі сырлас. Бірақ Сабыржан аға еш уақытта «мен Мағжан Жұмабаевтың інісімін» деп айтқан емес. Айтпайтын себебі сол, Мағжан ақталса да әлі оның шығармаларын оқуға, насихаттауға тыйым салынғанынан біз хабарсыз едік. – Кенжехан ағайым, – дейді Сайлаухан Ашанов оның әңгімесін жалғап, – Сабыржанмен қызмет бабымен бірге жүреді. Анда-санда аптасына моншаға түседі. Әбден көңілденгенде барып Мағжан Жұмабаевтың інісі екендігін сыбырлап қана айтып, өлеңдерін жатқа айтатын дейді. Бұл әңгімені Сабыржан аға 1970 жылы қайтыс болғаннан кейін ғана, яғни бертінде айтып жүрді. Сол жылдары мектептің директоры Сайлаухан Сыламханов деген кісі еді. Өте зиялы, білімді адам болатын. Бүкіл ауыл оны төбесіне хан көтеретін. Сол кісідей болсын деп әкем менің атымды ырымдап қойса керек. Бәрін кейіннен біліп жатырмыз, Сайлаухан ағай Абайдың жақын туысының бірі Көкбай ақынның тікелей ұрпағы екен. Сол заманда коммунистер, белсенділер Абайдың үрім-бұтағының да күлін көкке ұшырды емес пе? Сондықтан болар, Сайлаухан да Абай жайлы айтуға құмар емес-ті. Тіпті кейіннен Арқадан ағайындары келгенде: «Мен Арғын емеспін» деп оларды қабылдамапты. Әне саясаттың сойқаны! Былай алып қарасақ, Сайлаухан мен Сабыржан екеуі рулас туыс болып келеді. Бір-бірін іш тартқанымен екеуі де «арғынбыз» деп ашық түрде араласқан емес. Мәдіхан Сабыржанның Қарабастауға көшіп келгенін өзінше топшылайды. Әрине, кезінде Мағжан ақын оған тап осы өңірге көшіп бар деп айтқан жоқ шығар. Алайда ақынның «Батыр Баян» поэмасын жазған кезде Әулиеата өңірінде болғаны, сөйтіп, осы өңірден шыққан Баян батыр жайлы да естіген болуы мүмкін. Егер бұл Баян батыр Қожықтың баласы болса, онда Мағжан оны естіген жағдайда поэмасына арқау етпеуі мүмкін емес. Оның үстіне біз оқыған қиссаларда уақ батыр Баян мен оның інісі туралы нақты деректер бар. Тарихты зерттеуде көп еңбектенген жазушы Сарбас Ақтаев «Ақиқат» журналының 2022 жылғы №5 санындағы «Баян – Ноян хикаясы» деген мақаласында поэмаға арқау болған оқиға жайлы нақты дәлелдер келтіреді. Онда Баян батырдың Абылай ханның бас батыры болғанын, оның қазіргі Қостанай облысындағы Обаған өзені бойында 1714 жылы дүниеге келгенін, жоңғарлармен шайқаста талай ерлік көрсетіп, ауыр жарақаттан 1759 жылы қаза тапқанын нақты дәйектермен дәлелдейді. Оның інісі Ноян да Абылайдың қас батырларының бірі. Баян батыр бірде қалмақпен соғысып жүргенінде батырларша киінген, бес қаруын бойына ілген, он бестер шамасындағы айдай ару қалмақ қызын қолға түсіріп, еліне алып келеді. Сыр тартып байқаса, қыздың анасы қазақ, кіші жүз, жағалбайлы. Жаугершілікте қолға түсіп, тілі жат, діні жат қалмақпен еріксіз қосақталып ғұмыр кешсе де жалғыз қызын, қалмақша есімі Лағданы, (қазақша есімі Құралайды) әдейі қалмақтарға қосып, ретін тапсаң туған жеріне барып, сол жақта қал десе керек. Қолға түскен Құралай қыз Баян батырға: «Қаласаңыз, қарындасыңыз болайын» дейді. Баян батырмен еншісі бөлінбеген Қойбағар көлдің жағасын бірге жайлаған ауылы аралас, қойы қоралас Сары ағасының жеті ұлы болғанымен қызы жоқ екен. Ол Баяннан өтініп, Құралайды табанда өзіне өкіл қызы етіп алып, ұлан-асыр той жасайды. Сол екі ортада Сары батырдың тоқалдан туған кенжесі, тұлғасының төтенше ерлігіне қарай құрдастары Ноян деп атап кеткен Қыстаубай өкіл қарындасына ғашық болып қалады. Қазақтың салты бойынша туыстар жеті атаға дейін біріне-бірі үйлене алмайды. Сол жолдан таймаған Ноян елден қашып, жат жұртқа қарай бет түзейді. Осыны естіген бойда Сары батыр ашуланып, шөбере інісі батыр Баянды шақырып алып, қуып жетіп, қашқындарды өлтір деп жұмсайды. Аға сөзін екі ету дағдысында жоқ батыр дереу атқа қонып, екінші күні екінті кезінде қашқындарды Жолдыөзек бойында (Қызылжар қаласынан түстікке таман қазіргі Аралағаш ауылы маңында) қуып жетеді. Содан Ноян да, Құралай да «қылша мойынымыз талша» деп Баяннан кешірім сұрайды. Сөздің қысқасы, батыр Баян: «Мен сен екеуіңді өлтіргелі келген жоқпын. Жөн сілтеуге келдім. Қалмаққа барсаңдар мазаққа ұшырайсыңдар, одан да нағашыларың жағалбайлыларға тартыңдар», деп батасын береді. Сөйтіп, сол жерде бір қоянды өлтіріп, Ноянның жейдесін шешіп, оған қоянның қанын жағып, Сары ағасына әкеліп көрсетеді. Осы мақаланы жазып отырған Сарбас Ақтаев сол төңіректің тумасы, аңыз әңгімеге өте қанық адам. Баян батырдың ұрпақтары Солтүстік Қазақстанның Омбы облысымен астасқан жеріндегі Абыл, Жарбол ауданында тұрады. Сол өңірдегі «Қарағанды» кеңшарында батыр Баяннан тараған отбасында болып, көзімен көріп, бірер үйден дәм татқаным бар деп жазады. Ноян батыр Әбілқайыр ханның беделді батырларының бірі болған. Хан қосынымен «Жаубасарлап» жауға шауып, талай жеңістерге қол жеткізді. Сондай шайқастардың бірінде әкесі Сары жеті жерден жараланып, аты оққа ұшып, шолақ найзамен шайқасып жүріп, қоршауда қалғанда Ноянның көзі шалып қалып, төніп тұрған қалмақтың шенді батырын шаншып түсіріп, әкесін қоршаудан алып шығады. Есін жиған қарт батыр баласын танып: «Әй, арамсідік, сен әлі тірі жүр ме едің, кет жолымнан!» деп, жарасынан қаны сорғалап, жалт бұрылып жүре беріпті. Әкесіне өкпелеген Ноян қайтып қарасын көрсетпейді. Тек араға 120 жылдай уақыт салып ХІХ ғасырдың аяғына таман оның ұрпақтары Ақжайықпен қош айтысып, Сарының Есіл бойында тұратын әулетіне келіп қосылыпты. Олардан тараған біраз ұрпақ бүгінде Солтүстік Қазақстанның Шал ақын ауданында тұрады («Ақиқат», 2002 жыл, №5). Осы мақаласында Ноянның тікелей ұрпағы кинодағы оқиғаның дұрыс еместігін Сарбас Ақтаевқа айтқан. Оқиғаларды ой елегінен өткізген Мағжанның кейіпкерлердің келбетін ашу үшін кейбір деректерді бұрмалағанын атап көрсетеді Сарбас ағамыз. Ендеше батыр Баянға таласпай, ақиқатқа жүгінгеніміз жөн сияқты. Оның үстіне Қожықтан туған батыр Баянның жоңғар шапқыншылығынан кейін дүниеге келгенін де ескеру керек, әрі оның анасы Шахизаданың тегі уақ руы. Олай болса, Қожық баласының есімін батыр Баянға тартып өссін деп ырымдап қойғаны және белгілі. Енді Қанай есіміне келер болсақ, ол батыр Баяннан да бұрын уақ тайпасына белгілі би. Оның да есімін Қожықтың баласына ырымдап қойғаны анық. Тағы бір ескеретін нәрсе, Қырғыз елінен келген Сабыржанның руы арғын. Орта жүз демесеңіз, уақпен үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Дегенмен де сонау жоңғар заманында уақ пен дулаттың араласуы, туысқа айналуы көп нәрсені аңғартады. Олай дейтініміз, Мәдіханның айтуына қарағанда, солтүстікте сол жоңғар заманында тұрақтап қалған Қожық, Құттық аталары әлі күнге дейін мекендейтін көрінеді. Өз басым Ақмола облысындағы шымырлар мекендейтін Қойгелді ауылын білемін. Қалай болғанда да бұл екі аңыз әңгіме де екі рудың бір-біріне ұқсас аңызынан шығып жатқан тәрізді. Мені таңғалдыратыны – Сабыржанның батыр Баян туралы жақ ашпауы. Оның үстіне ол кезде ру сұрастыру «ұлтшылдық» деп бағаланатын. Саясаттың әсерінен қазақты қойғанда барлық ұлт бауырлас болып кеткен. Алайда Сабыржан 1970 жылы қайтыс болғанда ауыл ақсақалдары жиналып, оның әйелінен «сүйек біздікі, мұсылманша жерлейміз» деп талап қойғанда: «Күйеуім мен өле қалған жағдайда енемнің жанына жерле деген», деп бой бермеген. Ақыры ең алдымен молда мұсылмандық жолмен жаназасын шығарып, ал славяндар жағы өз салт-дәстүрімен киім кигізіп, осы ауылдың батыс жағындағы христиандардың зиратына апарып жерлеген. Сабыржан жатқан қабірді Мәдіхан, Сайлаухан менімен бірге барған Қонақбай екеумізге көрсетті. Қайран ер, тағдырдың жазуы ма, қалың христиандардың ортасынан мәңгілік мекенін тапқан. Сабыржан қайтыс болғаннан кейін Мәскеуден екі ағайыны келіп Құран оқытып қайтты дегенді айтады Сайлаухан. Осыдан 4-5 жыл бұрын тағы бір ағайыны ауылға келіп, пошта бөлімшесінен Сабыржан жатқан жерді сұраған. Өзінің кім екенін айтпаған. Басына барды ма, бармады ма, оны ешкім білмейді. «Екі жыл өткен соң 35-40 жасты алқымдаған жігіт келіп біздің үйге соқты, – дейді Мәдіхан. – Өзін Сабыржанның жиенімін деп таныстырды. Аты-жөні – Мұрат Нөгербекұлы Бекішов. Ол баяғы Мағжан оқыған Қызылжар қаласындағы медресенің қожайыны Бекішовтың ұрпағы емес пе деп топшылаймын. Әңгімеден әңгіме шығып, оны Сабыржанның бейітіне ертіп апардым. Кетерінде ол осыдан екі жыл бұрын келіп-кеткен кісінің өзінің әкесі екенін айтты. Мұраттың айтуына қарағанда, Мағжанның туысы деген жаламен әкесі Нөгербек те тергеуге алынып, он жыл түрмеде отырып шыққан». Қайран Совет өкіметі ақ сөйлегеннің барлығын жау көріп, «халық жауы» атандырған ғой. Әкесінің тапсыруы ма екен, Мұрат 2 жылдан кейін бейіт басына құлпытас қойып, Мәдіханның үйіне ақсақалдарды шақырып, қол жайғызып, Құран бағыштатқан. – Солтүстіктегі ағайындардың Сабыржанның бейітін іздеп келуінің өз тарихы бар, – дейді Сайлаухан Ашанұлы, – Арғындармен құда болғанымызда ғалым ағам Капаш Тасболатовтың үйіне құдалыққа келген арғындар: «Әулиеатада Мағжанның інісі Сабыржанның сүйегі жатыр деп естиміз. Соны білесіздер ме?» деп сұрайды. Қапаш ата осы Қарабастауда туған. Кіші әйелі Нағима қожаның қызы, солтүстіктен. Жеңгеміз құдаларға ол кісінің бейіті Қарабастауда деп айтады. Құдалар Қарабастауға келіп, басына барып, көздерімен көріп қайтты. «Есіл бауырымыз-ай, қудалаудың құрбаны болып, сүйегің орыс-орманның ортасында қалыпты ғой» деп өкініш білдіріпті барлығы. Әрине, ата-бабамыздың салтында жоқ дәстүр бұл. Бар болса, осы ауылда 26 ұлттың өкілі өмір сүрген, солар қайтыс болғанда сүйектерін қазақтармен араластырып қой демеген. Өздерінің салт-дәстүрімен жерін тапқан. Сонымен, кешегі Ер Түріктің ұрпағы, ХХ ғасырдың ғажайып ақыны Мағжан Жұмабаевтың інісі Сабыржан Бекенұлы мәңгілік мекенін өзінің туып-өскен Сарытомарынан емес, қияндағы Әулиеата жерінен тапты. Қайтыс болғаннан кейін әйелі Алматыға көшті. «Мына жерде әкеміз жатыр» деп балалары ат ізін де салмады. Жұма сайын әкелеріне Құран да бағыштамайды. Бәлкім, бәрі басқа наным-сенімнің жетегінде кеткен шығар. Әйтеуір, ізім-қайым жоқ. Қарабастаулықтар Сабыржан жайлы аңыз етіп айтады. Осы сапарымызда Бәйдібек баба көшесіндегі Сабыржан тұрған үйге де соқтық. Онда қазір Шымыр деген бауырымыз тұрады екен. Қарабастау – бұрын атағы жан-жаққа мәлім болған «Билікөл» совхозының әкімшілік орталығы. Кеңес өкіметі дәуірлегенде округте жеті мың адам өмір сүріпті. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін өзге ұлттың өкілдері өздерінің атамекендеріне жаппай үдере көшіп, ауылда екі-ақ орыс этносының өкілі қалған. Кеткендерді көшті деп қалай кінәларсың? Өйткені адам баласы үшін туған жердің құдіреті ерекше. Осы ауылдың тұрғындары ауылдың неге Қарабастау деп аталатынын түсіндіріп бере алмады. Ауылдың іргесіндегі таудың етегінен жарып ағып шыққан бұлақтың суының қысы-жазы бірдей сарқылмай ағып, маңайын көлге толтырып жататын құдіреті мен суының қасиеттілігінен әулиелі жер деп аталатын шығар деп бізге түсіндірді. Судың құрамында төрт пайыздық йод бар екен. Айтуларына қарағанда, Кеңес өкіметі кезінде бұлақтың суы тамақ аурулары үшін ем саналып, ауруханаларға тасымалданған. Денелерін жара басқандар мен бала көтермей жүргендер бастарына түнеп, Алладан медет тілеген. Сол әулиелі жер тарихы шежіреге толы Қарабастауда болғанымызда біз де оның құдіретіне бас идік. Қарабастаудан шығып, Қаратауға бет алдық. Білеміз ғой, жолдың оң қапталында Қожық батырға, сәл жүрген соң тасжолдың сол қапталында Құттық бабаға, Майтөбенің дәл іргесінде Төле бабаға қойылған белгілер тұр. Олар аруаққа айналғалы қашан. Ұрпақтары ата-бабаларының бастарына белгі қойса, ол да бір мақтан ететін үрдіс қой. Сол аруақ қонған жерлерде Ер Түріктің ұрпағы, сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевтың бауырының мәңгілік сая тапқанын біріміз білсек, біріміз білмейміз-ау... Cәулембай Әбсадықұлы, Қазақстанның үздік өлкетанушысы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар