Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СУДА ЖҮЗУ САЛҒЫРТТЫҚТЫ КЕШІРМЕЙДІ

СУДА ЖҮЗУ САЛҒЫРТТЫҚТЫ КЕШІРМЕЙДІ
ашық дереккөз
СУДА ЖҮЗУ САЛҒЫРТТЫҚТЫ КЕШІРМЕЙДІ
Жаз мезгілі халыққа судан да, өрттен де қауіп келетін, қызығы мен қатері бірге жүретін маусым болып есептеледі. Сол себепті де төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көктемнен бастап, облыстың су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша тынымсыз және тұрақты үгіт-насихат жұмыстарын үзбей жүргізіп келеді. Шомылу маусымының алдында облыстың су айдындарында судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, уәкілетті мекеме басшыларына тиісті шаралар қабылдау үшін хат жолданған. Сондай-ақ облыстың оқу орындарында «Судағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында сабақтар өткізілу арқылы алдын алу жұмыстары жүргізілген болатын. Балаларды қараусыз қалдырмау, тыйым салынған орындарға бармау деген сияқты ескертулер жасалып, ата-аналармен де жиі жиналыс өтіп тұрады. Ал бұдан басқа да қандай шаралар қабылдап, жұмыстар жүргізіліп жатқаны турасында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінен сұрадық. – Қайғылы оқиғаларға жол бермеу және «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының негізгі талаптары мен ережелерін» халыққа жеткізу мақсатында Тараз қаласындағы Led-экрандарда және облыстық телеарнасында бейнероликтер жариялануда. Облыс аумағы бойынша су айдындарының демалуға және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелерінде «Қауіпті аймақ», «Шомылуға тыйым салынған» және тағы да басқа тақырыпта ескертетін, тыйым салатын 360 белгі және 45 ақпараттық стенд орнатылды. Сонымен қатар шомылуға қауіпті орындарда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мамыр айынан бастап жергілікті атқарушы органдар, облыстық төтенше жағдай және полиция департаменттері қызметкерлерімен бірлесе, көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда рейдтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жазғы шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында суға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында 786 рейдтік іс-шара, 310 жиын ұйымдастырылды, – дейді облыстық төтенше жағдай департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, капитан Думан Кудешов. Төтенше жағдай департаменті тарапынан қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрғындар арасында шығармашылық конкурстар, ашық сабақтар мен пікірсайыстар, семинар-тренингтер ұйымдастырылғанмен халықтың өз өміріне деген жауапкершілігі, салғырттығы әлі де басылмай тұр. Мысалы, биыл жыл басынан бері облыстың су айдындарында 5 адам ажал құшқан. Оның екеуі – бала. Осыған байланысты төтенше жағдай саласының қызметкерлері алда әлі де түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айтады. Бұл тұрғыда мамандар балаларды қараусыз қалдырмауға, сумен, отпен ойнамауға шақырады.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар