Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҮЗДІК РОТА КОМАНДИРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

ҮЗДІК РОТА КОМАНДИРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
ашық дереккөз
ҮЗДІК РОТА КОМАНДИРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыруымен Гвардиялық гарнизонның базасында офицерлер арасында жарыс өтті. Сайысқа «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің танктік, мотоатқыштар және десанттық роталардың командирлері қатысты. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев сайысты екі негізгі мақсатпен ұйымдастырды. Бірінші себеп – қолбасшылық үшін кіші командалық құрам офицерлерінің кәсіби даярлық деңгейін объективті бағалау. Өйткені бөлімшелер жеке құрамының жауынгерлік даярлығының сапасы рота командирлерінің дайындық дәрежесіне байланысты. Екіншіден, бәсекелестік жағдайында командирлердің жарыста жеңіске жетуге деген ынтасын арттыру мақсаты қойылды. Жарыс шынында да бәсекелестікке толы болды. Барлық қатысушылар жүлделі орыннан көрінуге талпынды. – Осы жылдың мамыр айында Астанада өткен Бүкіләскерлік конференцияда ел Президенті Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы командалық құрамның, әсіресе кіші құрамның батальон, ротаның кәсіби деңгейін арттыру міндетін арнайы қойған болатын. Осы міндеттер мен Қорғаныс министрінің тапсырмалары негізінде командалық құрамды, әсіресе кіші буынды оқыту құрылымына офицерлердің кәсіби білімін арттыруға бағытталған өзгерістер енгізілді, – деді Оңтүстік» ОӨҚ әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев . Бұл өзгерістер жауынгерлік дайындық процесінде көрініс тапты. Бұрын-соңды рота командирлері бәсекелестік күресте үздік атақ үшін жарыспаған. Жазғы оқу кезеңінде әскерлерде күшейтілген жауынгерлік дайындық, бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіру жүргізіледі. Командирлер дайындығы бойынша сабақтар командирлермен бөлек өткізіледі. Осынау қарбалас кезең аясында рота командирлері арасында жарыстар өткізу кіші командирлердің кәсіби деңгейін арттыруға септігін тигізіп, оқу үдерісіне жақсы тәжірибелік қосымша болды. Жарыс барысында кіші командирлер тактикалық даярлық, ұрыс қимылдарының әртүрлі түрлері бойынша сынға түсті. Сонымен қатар жауынгерлік ұрыс негіздері бойынша кәсіби білімдерін көрсетіп, жаяу әскердің жауынгерлік машиналарынан, танктен, атыс қаруынан ату бойынша сайысқа түсті. Мұнымен бірге жарыс қатысушылары денешынықтыру дайындығына, әскери көліктерді басқаруға, азимутта жұмыс істеуге арналған сынақтардан да өтті, оларда командирлер жер бетінде жүру қабілетін көрсетті. Қолбасшылардың күш-жігері мен қарым-қабілеттерін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Жауынгерлік даярлық басқармасының офицерлік комиссиясы бағалады. Комиссияны «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары, полковник Бауыржан Күренкеев басқарды. – Жоғарғы Бас қолбасшы белгілі талаптарды айқындап берді. Осыған сәйкес басшы құрамның офицерлері жақсы дайындалған, батыл шешім қабылдай алатын, сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы жақсы меңгерген болуы керек. Сондықтан Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер мен Қорғаныс министрінің тапсырмасын жүзеге асыра отырып, рота командирлері арасында жарыстар ұйымдастырдық. Жазғы оқу кезеңінің соңында командалық құрамның, әсіресе кіші құрамның дайындық деңгейі айтарлықтай көтерілетініне сенімдімін, – деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы М.Көшекбаев. Байқау қорытындысы бойынша, үздік мотоатқыштар ротасының командирлері арасындағы сайыста Жаркент гарнизоны 74261 әскери бөлімінің 2-мотоатқыштар ротасының командирі, аға лейтенант Ерсұлтан Шераз жеңімпаз атанды. Ерсұлтанның рота командирі қызметіне кіріскеніне небәрі төрт ай болса да өзін тәжірибелі әрі білікті командир ретінде танытып үлгерді. Жиналған ұпай саны бойынша II орынды гвардиялық гарнизонның 21450 әскери бөлімінің 2-мотоатқыштар ротасының командирі, капитан Бибарыс Орынбеков иеленді. Мотоатқыштар көшбасшыларының үздік үштігін Сырөзек гарнизоны 12740 әскери бөлімінің 2-шабуылдаушы ротасының командирі, үшінші лейтенант Сардор Абдукодиров түйіндеді. Танк ротасының командирлері арасынан гвардиялық гарнизонның 21450 әскери бөлімінің 5-танк ротасының бастығы, капитан Ербол Төлеухан көш бастады. Ал II орынды 85395 әскери бөлімінің 2-танк ротасының командирі, Луговский гарнизонынан келген капитан Әлішер Рыспаев иеленді. III орын Сарыөзек гарнизоны 12740 әскери бөлімінің шабуылдау ротасының командирі, аға лейтенант Сейітжан Қобланұлына бұйырды. Үздік командирлер жоғары лауазымдарға ауысу үшін резервке алынады. Сайыс барысында алған жоғары нәтижелерімен және үздік бағаларымен офицерлер рота командирі лауазымдарын лайықты атқаратынын, қарамағындағыларға үлгі бола отырып, жеке құрамды әдістемелік және сапалы дайындай алатынын дәлелдеді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар