Отан қорғаушылар онлайн байланыста
Қалай десек те ең мықты мектеп – әскер. Осында қалыптасқан барлық жақсы қасиеттер адам баласына өмір бойы серік болады. Әйтсе де перзентін Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге жіберген ата-ананың көңілі бәрібір алаң болып тұрады. Міне, сондықтан да екі жақты байланысты нығайтуға бағытталған байыпты бастамалар да қолға алынып отыр. Қоғамның армияға деген сенімін арттыру, әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын қолдаудағы сондай қадамның бірі – «Отбасымен бейнеқоңырау» жобасы. Бұл жаңашылдықтың арқасында әрбір әскери қызметші жұмыс күндері туыстарымен және жақындарымен байланыса алады. Сәйкесінше ата-аналар мен туыстар қауымы да сарбаздардың жетістіктеріне көз жеткізе алады. Айта кетейік, аталмыш жоба Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың тапсырмасы бойынша жүзеге асуда.
Аталған жоба екінші жыл табысты жұмыс істеуде. Жақында жоба аясында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Гвардиялық гарнизонының танк бригадасындағы жауынгерлер туыстарымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесу мүмкіндігіне ие болды. Ондағы сарбаздар «Танктер» аллеясында отырып отбасымен байланысты. Сарбаздар ол жерді бекер таңдаған жоқ. «Танктер» аллеясы – бригададағы көрнекті орын. Құрмет тақтасында әскери бөлімнің үздік әскери қызметшілерінің фотосуреттері ілініп, бейнебайланыс кезінде жігіттер туыстарына өз суреттерін мақтанышпен көрсете алады.
Сондай-ақ аллеяда миниатюралық резервуар бар. Айта кетерлігі, танктің макетін аға әскери қызметшілердің көмегімен қатардағы әскерге шақырылған жауынгер жасаған. Ашықтықтың арқасында экранның арғы жағынан ұлына сүйсіне қараған ата-аналар жас сарбаздардың әскердегі өмірі қалай өтіп жатқанына, олардың жағдайы қандай екеніне куә бола алады.
«Отбасымен бейнеқоңырау» жобасы арқылы сарбаздар өздерінің жақындарын көріп, әскери қызметтен алған әсерлерін және меңгерген әдістерін айтып жатты. Жақындарымен сөйлесіп, сағынышын басқан қатардағы жауынгердің бірі – Данил Токарев. Ол биыл көктемде Қаратаудан әскерге шақырылған.
– ҚР Қарулы Күштері басшылық тарапынан әскери қызметшілерге, оның ішінде бізге, яғни сарбаздарға барлық жағдайлар жасалуда. Соның бірі – ата-анамызбен сөйлесу мүмкіндігі. Бұл туыстарымыз бен біздер үшін үлкен қуаныш. Ұялы телефон арқылы дауыстарын естіген бір басқа, енді міне, осы бейнебайланыс арқылы балаларының киімі бүтін, дені сау екендігіне көз жеткізіп отыр. Өзім де анаммен сөйлесіп, хал-жағдайын білдім. Үйде отбасымның ортасында отырғандай сезімге бөленіп, көңіл күйім көтеріліп қалды. Шынын айтсам, әскерде туыстармен бейнебайланыс жасау мүмкіндігінің барына таңғалдым. Қарулы күштердің сарбаздары елімізді қорғауға әрдайым дайынбыз. Бізге жағдай жасап жатқан мемлекет пен Қарулы күштер басшылығына, ата-анамызға алғысымыз шексіз, – деп өз әсерімен бөлісті Данил.
Сарбаздардың ата-аналарына бейнеқоңырау шалуы әскер қатарында қызмет ету барысындағы жауынгерлік әзірліктеріне, оқу-жаттығуларын және командирлері мен бастықтарының қойылған бұйрықтарын орындауларына оң ықпалын тигізуде.
Жауынгерлердің ата-аналары да Отанына қызмет етіп, әскери борышын өтеп жүрген ұлдарының жай-күйін көріп, ғаламтор желісі арқылы хабарласуға берілген мүмкіндіктерге шексіз ризашылығын білдіруде.
– Туыстарыммен сөйлескенімде бойымда үлкен күш пайда болды. Ерекше шабыттанып, кімді қорғайтынымызды, не үшін қызмет ететінімізді ұғынамыз. Отбасыммен апта сайын байланысып тұрамын. Оларға өзім туралы, әріптестерім жайлы баяндаймын. Туғандарыммен аз ғана болса да сөйлескен уақытым үлкен қуанышқа бөлейді, – деп ағынан жарылды 21450 әскери бөлімінің сарбазы Иманғали Әбдусалы.
Сарбаздардың ата-аналарымен хабарласуына офицерлер мен сержанттар да көмектеседі. Смартфондарын үйлеріне қалдырып кеткен жігіттерге өз телефондарын ұсынып, байланысуға жағдай жасайды.
– Аптасына екі рет сарбаздар өздерінің кестесіне сәйкес, интернет арқылы бейнебайланысқа шығып тұрады. Бұл үшін арнайы дайындалған бөлмелер бар. Жігіт болған соң кейде сарбаздардың өздері «қайта-қайта сөйлесе бергіміз келмейді» деп ұялып, байланысқа шыққысы келмейді. Бірақ ата-ананың көңілі алаңдамау үшін балаларын мейлінше жиірек байланысқа шығарудың жолын қарастырамыз. Дегенмен біз ата-аналарға перзенттерімен тілдескен кезде отбасындағы мәселелерді, кейбір жағымсыз жаңалықтарды айтпауын өтінеміз. Өйткені саптағы сарбаздың көңілі әр нәрсеге алаңдамауы тиіс. Кейде үйдегі ұсақ-түйек мәселенің өзі үйден жырақта, әскери тәртіпте жүрген баланың басына әртүрлі ойларды тудыруы ғажап емес. Әскерде жігіттер туған-туыстарын шын бағалауды үйренеді. Әскерге дейін қалыпты болып көрінген және әдеттегідей қабылданатын нәрселердің маңыздылығын сезіне бастайсың. Мысалы, күнделікті қасыңда жүрген ата-анаңның қадірі екі есе артады. Ал біз сарбаздардың отбасымен байланыста болуына көмектесеміз. Ата-ананың қолдауы оларды сапалы жауынгерлік дайындыққа ынталандырады, – дейді танк бригадасы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Думан Біләлов.
«Отбасымен бейнеқоңырау» әр жексенбі сайын Қарулы Күштердің барлық әскери бөлімінде тұрақты түрде жұмыс істейді.
Келесі мақала