Театрдың ғажайып әлемі
Жақында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық орыс драма театрының ұйымдастыруымен Қамат Қасенов атындағы IV халықаралық балалар театр ұжымдарының фестивалі өтті. Өнер байқауында Қазақстанның әр өңірінен келген сегіз театр труппасының жас әртістері төрт күн бойы көрермендерді өз өнерлерімен қуантты. Фестивальге Алматы, Щучье, Қостанай қалаларынан балалар мен жасөспірімдер ұжымдары келді. Ал облысымыздың намысын «Диагностика» театры қорғады.
Өнер ұжымдарының фестиваліне облыстық орыс драма театрының ұжымы тыңғылықты дайындалды. Ашылу салтанатында өнерпаз балалар үшін түрлі-түсті шоу-бағдарлама ұйымдастырылды. Әсіресе Алматы қаласынан келген «Әлемнің жеті кереметі» балалар театрының хоры мен сол топтың солисі Жания Патрис «Күн шеңбері», «Атамекен» әндерін орындап, көпшілікті тәнті етті. Фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева мен «Азаматтық құқықтарды қорғау комитеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ирина Федорова жас өнерпаздарға лебізін білдірді. Олар қатысушыларға сәттілік, шығармашылық жетістік тіледі.
Фестиваль шымылдығы алматылық Наталья Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының «Сац бірлестігі» балалар студиясының актерлік тобының орындауындағы «Приключение любопытного слоника» атты музыкалық спектаклімен ашылды. Өнер ұжымын Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Евгений Дубовик басқарады. Аталған ертегі де Е.Дубовиктің пьесасы бойынша сахналанды.
Сол күні Альбина Ғаниеваның жетекшілігімен Алматыдан келген «Семь чудес света» балалар театрының қойылымы өтті. Кішкентай суретшілер Морис Метерлинктің туындысы бойынша «Көк құс» ертегі-мюзиклін ұсынды. Спектакль оқиғасы Рождество түнінде өрбиді. Ағалы-әпкелі Тильтил мен Митиль кішкентай қызды құтқару үшін жұмбақ Көк құсты іздеуге шығады. Басты кейіпкерлерді қорғау үшін Жарық, От, Су, Нан, Қант, Сүт өмірге келіп, ағайындылармен бірге жолға шығады. Сонымен қатар оларлың қасынан достары ит пен мысық та табылады. Саяхат барысында оларға кездескен әдемі әрі қорқынышты әлем балалық армандардан, қиялдардан және күндізгі армандардан жасалған сияқты. Кейіпкерлер «Естеліктер елі» мен «Болашақ патшалығынан» өтіп, «Дерт пен сұмдықпен» бетпе-бет кездесіп, «Рақмет бақтарын» аралайды. Соңында олар іздеген «Көк құстың» бақыт сияқты әрқашан өздерінің қасында жүргенін, тек оны көре білу керек екенін түсінеді.
Фестивальдің екінші күні М.Ю.Лермонтов атындағы академиялық театрдың әртістері мен қоюшы режиссері Рауф Хабибулин мен алматылық Азамат Әбділдиновтың жетекшілігімен «Игра» балалар театр-студиясының ұжымы өнер көрсетті. Олар Николай Гогольдің «Ревизор» классикалық әңгімесін сахналады. Бұл қойылым да көрермендерден жоғары баға алды.
Алматыдан келген «Права на любовь» қайырымдылық қорының Мария Макарова атындағы балалар театр шеберханасының ұжымы режиссер Мария Макарованың жетекшілігімен Александр Куприннің әңгімесінің желісінде «Чудесный доктор» музыкалық-хореографиялық қойылымын көрсетті. Спектакльде 19 ғасырдың аяғында Киевте болған оқиға баяндалады. Қойылымда мейірімділік, қайырымдылық және ғажайыпқа шексіз сенім тақырыптары сөз болады. Сюжет те, қойылымға арқау болған әңгіме де шынайы оқиғаға негізделген. Спектакль киевтік Мерцаловтар отбасының тағдырын суреттейді. Дәулетті әулет бір күннің ішінде бар байлығынан айырылып, кедейлікке душар болады. Оларды аштық пен аурудан ғажайып дәрігер құтқарып алады. Қойылым барысында украин тілінде әндер орындалып, режиссураның заманауи әдістері қолданылады. Қойылымда Алматы облысы және Украина қалаларынан арнайы келген 5 пен 15 жас аралығындағы жас әртістер өнер көрсетті.
Байқаудың үшінші күні Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының «Қостанай ауданы білім бөлімі» мекемесіне қарасты «Балалар шығармашылық үйінің» Галина Веккер жетекшілік ететін «Үздік актерлер театры» актерлік студиясы өнер көрсетті. Олар Ганс Кристиан Андерсеннің ертегісі бойынша «Дюймовочка по-новому» музыкалық қойылымын сахналады.
Ақмола облысы Щучье қаласындағы «Импульс» актерлік мектебінің тағы бір балалар театр ұжымы Алена Артимовичтің жетекшілігімен Полина Виноградованың «Потерянное время» спектаклін қойып, тараздық көрермендерді таңғалдырды. Қойылым күндіз-түні онлайн ойын ойнап, телефонға тәуелділіктен құтыла алмайтын кішкентай бала Никита туралы. Оған көмекке достары келіп, тәуелділікпен бірге күреседі. Қойылымда виртуалды әлемнің балалар мен жасөспірімдерге қалай әсер ететіні сипатталып, өзекті мәселе қаузалды.
Байқаудың соңғы күнінде Шерхан Мұртазаның повесі бойынша Айжан Атымтаеваның «Қасқыр қыз» трагедиясы бойынша қойылған «Ана жүрегі» спектаклінің премьерасы өтті. Қойылымды М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасы жанындағы Шолпан Айтибаева жетекшілік жасайтын «Диагностика» балалар театр студиясы көрсетті. Оқиғада қасқырлар үйірінде өскен қыздың өмірі баяндалады. Аңшылар қасқырдың күшігін тартып алғанымен, қасқыр адам ұрпағының оның өмірін сақтап қалады. Тараздық өнерпаздар да өз кейіпкерлерінің барлық күрделі сезімдерін қойылымда шеберлікпен көрсете біліп, тамаша өнер көрсетті.
Фестиваль барысында Қарағанды қаласының жастар театр труппасы, «Поиск» шығармашылық зертханасы Андрей Макаренконың «Трибунал» трагикомедиясы бойынша спектакль қойды. Байқауда әсіресе Тәттімбет атындағы өнер колледжінің режиссура бөлімінің студенттері сахналаған Ұлы Отан соғысының шындығын суреттейтін спектакль ерекше есте қалды. Нағыз ұлтжанды азаматтар, жанқияр батырлар, сол қиын-қыстау заманның қарапайым адамдары туралы қойылым барлық көрерменнің көңілінен шықты.
Фестиваль өткен төрт күнде де залда ине шаншыр орын болмады. Айта кетерлігі барлық қойылымдарға кіру тегін болды. Облыстық орыс драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев қатысушыларға фестиваль лауреаттарының дипломдарын табыс етті. Сондай-ақ театр ұжымдарының жетекшілеріне ұйымдастырушылар атынан Алғыс хаттар табысталды. А.Тәжиев келесі жылы фестивальдің бес жылдығында ұйымдастырушылар байқауды конкурстық негізде өткізуді жоспарлап отырғанын айтып өтті.
Фестиваль барысында қатысушылар үшін бірнеше шеберлік сабақтары да өткізілді. Фестивальді ұйымдастыруға және өткізуге үлкен көмек көрсеткен Алматы қаласының №2 ЮНЕСКО өнер мектебінің «Алтын шашу» балалар театр ұжымының жетекшісі Дмитрий Тришин сахналық қозғалыс бойынша шеберлік сабағын өткізді. Ал Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, оқытушысы және актрисасы Ирина Арнаутова шеберлік сабағын сахнада сөйлеу тақырыбында өткізді.
Келесі мақала
Киберқылмыстың жолын қайтсек кесеміз?
Ұқсас жаңалықтар
Мәдениет
Ғасыр құрылысының басшысы Оразалы Қантаев туралы бір үзік сыр
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024