Су бар жерде – өмір бар
«Су – тіршілік көзі» дейді дана халқымыз. Сусыз жер бетінде өмір жоқ. Дүние жүзіндегі барлық жаратылыстың өніп-өсуіне алдымен су қажет. Біздің тұрмыс-тіршілігіміздің барлығы осыған тәуелді. Өңіріміздің жалпы шаруашылығы бұл тіршілік нәрінсіз дамымайды. «Бүгінде аграрлық саланың өркендеуіне кедергі келтіретіндей су тапшылығы туындап жатқан жоқ па?» деген сұрақпен облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандарымен тілдестік.
Олар «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің осы салаға тікелей жауапты екенін алға тартты.
Су тасқынының алдын алу, су қоймаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, суармалы егістік алқабын ұлғайту жөніндегі іс-шараларды іске асыру, вегетациялық кезеңінде ауылшаруашылығы дақылдарын уақытылы суаруды қамтамасыз ету, жыл сайын су қоймалары мен бөгеттерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу шаралары осы мекеменің тікелей жұмысы.
Қазір бұл мекемеде 53 қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде 9-ы аппарат маманы, 7-сі механизатор, 37-сі бөлімше қызметкері.
Бүгінгі таңға «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің теңгерімінде 113 су қоймасы мен бөгет тіркелген.
113 су қойманың 42-сі егіншаруашылығына пайдаланылса, 27-сі балық және егіншаруашылығына, 14-і балық шаруашылығына, бесеуі – егістік алқап пен балық шаруашылығына қолданбайтын су қоймалар, 24-і өзектерді сумен қамтамасыз етуге, біреуі экологиялық мақсатқа пайдаланылып келеді.
Қысқы-көктемгі су тасқынының алдын алу іс-шаралары тұрақты және сапалы түрде жүргізіледі. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жергілікті аудан әкімдіктерімен, төтенше жағдайлар қызметі мен басқа да құзырлы мекемелермен тығыз байланыста жұмыс атқарылған. Мекеме аудан әкімдіктерімен бірлесіп хабарласу сызбасын бекітіп, қауіп-қатер уақытында кезекшілік ұйымдастырып тұрады екен. Бүгінде барлық су қоймаларын күнделікті бақылау шаралары әдеттегідей жүргізіліп отыр.
– Атап айтқанда, Талас ауданының «Тамды» су қоймасының кіріс «Меркібай» каналы бекітіліп, судың арнасы Арбатас өзеніне бұрылды. «Майтөбе» су бөгетінің дамбасы нығайтылды. «Қызыләуіт» су қоймасының дамбасы 1980 текше метр инертті материалдармен нығайтылды. Тамды ауылдық округі әкімінің сұранысы бойынша Ақкөл-Қаратау тас жолына қауіп төндірмес үшін Көкиық каналының арнасы бекітілді. Меркі ауданында орналасқан «Кеңес» су қоймасының күншығыс беткейіндегі дамбасы 80 текше метр тау тастарымен қаланып, қауіпсіздігі нығайтылды. «Кеңес» су қоймасының 2 шлюзін және «Ақермен-1» су қоймасының 1 шлюзіне жөндеу жұмыстары жүргізілді, – дейді облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Серік Ағабек.
Былтыр апатты жағдайда тұрған 6 су қоймасына 50,9 миллион теңге қаражат бөлініп, мердігерлермен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген екен.
Мекеменің өз күшімен 11 су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Атап айтар болсақ, «Қазақбай», «Тамды», «Сеңгірбай», «Пионер», «Бөгет-7», «Райымбек», «Көктөбе-2», «Көктөбе-1», «Ақкүмбез», «Базарбай-1», «Келтеқара» су қоймалары қалыпқа келтірілген.
Жоғарыда аталған басқарманың бөлім басшысы Серік Ағабектің айтуынша, аталған жұмыстарға дизелді жанар-жағармай, іссапар шығыны, құрылысқа қажетті жабдықтарға жалпы 15,7 миллион теңге қаражат жұмсалған.
– Биыл 10 су қойманың ағымдағы жөндеу жұмыстарына 74,6 миллион теңге бөлінді.
Меркі ауданындағы «Бәйтелі», «Шаповаловское-1», «Аспара-2» «Ақермен-2» 3 су қоймаларына мекеменің өз күшімен жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Жамбыл су қоймалары» мекемесінің теңгеріміне қабылданған 8 су қойма қалыпты жағдайға келтірілді. Байзақ ауданындағы «Келтеқара», Жамбыл ауданындағы «Бөгет-7», Жуалы ауданындағы «Көктөбе-1», «Көктөбе-2» су қоймаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары мекеменің өз күшімен атқарылды. Қалған «Көкішкөл», «Қаратас»; «Әбдірәсіл», «Дулатбай» су қоймаларының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, 294,497 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Аталған су қоймалар қалпына келтірілген жағдайда 1730 гектар суармалы жерге тіршілік нәрі жеткізіледі.
Қосымша үнемделген 0,866 миллион теңге қаржыға 14 су қоймасына сметалық құжаттама дайындалды. Олар, «Аспара-3», «Аспара-2», «Маханды-2», «Көктал», «Рахат», «Бөгет-3», «Гранитогорск», «Шубай», «Қарақайнар», «Әлденбай», «Қошқарата», «Гаус» су қоймалары. Келесі жылға 9 су қоймасына жөндеу жұмыстары мекеменің күшімен жүргізілетін болады.
Сонымен қатар 10 су қоймасына көпфакторлы зерделеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Облыстық бюджеттен 59,5 миллион теңге бөлінді.
Қордай ауданы, Қызылсай ауылындағы «Қызылсай» су қоймасын салу үшін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, – дейді С.Ағабек.
Сондай-ақ оның айтуынша, «Жамбыл су қоймалары» мемлекеттік мекеме болғандықтан су сатуға құқығы жоқ екен. Әйтсе де мекемеге қарасты аудандық бөлімше қызметкерлері мекеме теңгеріміндегі су қоймаларына бекітілген суармалы егістік алқаптардың көлемін анықтау, вегетация кезеңінде берілген судың есебін жүргізу жұмыстарын атқарып отыр. С.Ағабек су қоймаларына құйылатын бұлақ көздеріне зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.
Су бар жерде – өмір бар. Осы тіршілік нәрінің көзін ашып, адамзат баласына берілген ең үлкен табиғат сыйын қадірлей білейік.
Келесі мақала