Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақтың намысын қайраған аспап

Қазақтың намысын қайраған аспап
ашық дереккөз
Қазақтың намысын қайраған аспап
Домбыра – қазақтың жаны. Ол халқымыздың бастан кешкен тарихы мен шежіресін бойына сіңіріп, ұлтымызбен бірге жасап келе жатқан бірден-бір аспабымыз. Оның шанағында теңіз толқып, аспан аунап жатқандай, екі ішегі екі дүниемізден хабар беретіндей сезілетіні содан. Ал аспаптың шығу тарихына келсек, ғалымдарымыз оны алты ғасырдан да ары асырып тастайтыны бар. Мейлі, қанша ғасырлық тарихы болсын-болмасын, әйтеуір, біздің ұлт ретінде қалыптасуымызға әсер еткен, Шыңғысханның тас жүрегін жібітіп, көзіне жас алдырған да, қазақтың дауысы болып жаңғырған да осы домбыра деуге болады. Сондықтан да шығар, қазақ баласы туғаннан өлгенге дейін осы бір қасиетті аспаптың қадірін біліп, құпиясын ашуға тырысады. Ал Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың 2018 жылы арнайы жарлық шығарып, шiлдeнiң aлғaшқы жeкceнбiсін Ұлттық дoмбыpa күні peтiндe бекітуі де тегіннен-тегін емес. Кейін, 2019 жылы Мемлекет басшысы Қacым-Жoмapт Тoқaeв та Ұлттық домбыра күніне арналған баяндамасында осы ұлттық аспабымыздың мектептерде пән ретінде енгізілуі туралы бастама көтеруі де бекер емес. Міне, бұдан біз ұлттық аспабымызға деген құрметтің мемлекет деңгейіне дейін көтерілгенін аңғарамыз. Әрине, бұл исі қазақ баласы үшін ең ұлық мерекелердің бірі. Өйткені біздің болмысымыз да, танымымыз да осы аспаптың бойында жатыр. Сондықтан да кешегі қазақ ақындары «Домбырам екі ішекті қолға алайын, қолға алып, біразырақ толғанайын» деп әуендетсе, кейінгі қазақ ақындары да домбыраға деген махаббатын өз әлінше жырмен өрнектеді. Мысалы, қазақтың аса адуынды ақындарының бірі Ілияс Жансүгіров: «Домбыра, сенде мін бар ма? Мінсіз болсаң – тіл бар ма? Тіл жоқ деуге бола ма, Тілден анық үн барда?» деп, қара домбыраның қасиетін айшықтаса, Мұқағали Мақатаев: «Дариға, домбырамды берші маған, Жаныма келші жарым, келші балам! Бейуақ, іңірдегі көңіліме, Күй болып, күңіреніп енші, далам», деп толғанып, еміренді. Ал Қадір Мырза Әлі: «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – Домбыра!» деп бірақ қайырды. Міне, осыдан артық домбыра туралы не деп айтуға болады. Қарап тұрсаңыз, біздің арғы-бергі тарихымызда домбырасыз өткен күніміз жоқ сияқты. Әрбір күй тарихына үңілсеңіз де бәрінен қазақтың өткені көз алдыңызға келеді. Домбыра біздің ұлы даламызға Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Дәулеткерей, Тәттімбет сияқты күйшілерді тудырса, олар қазақтың мәңгілік рухани азығына айналған күй тудыра білді. Әне, сол күйдің құдіретімен жетім ботаны басқа бір аруанаға теліп жұбатқан да, жетім баланың зарына зар қосқан да осы – домбыра. Тіпті ол қыз бен жігіттің арасындағы махаббаттың тілі де, айырылмас жібі де бола білді. Ал қаныпезердің сүйегін сырқыратып, ханның өзін жылататын құдірет күйде ғана болды. Сондықтан да шығар, қазір шетелден келгендерге күллі қазақ даласы күй шалып тұрғандай сезілетіні. Өйткені біздің далалық өркениетте домбыраның қалыптастырған мектептері бар. Әрі домбыраны қалыптастырған атаулар мен құрылымдар болады. Мысалы, домбыраның екі ішегі, бір тиегі, екі құлағы, бір қақпағы, бір қарыны, бір сабы болады десек, оның сабына тағылған пернелердің де өзінің атауы бар. Мәселен, оның пернелері оғыз перне, бас перне, тылсым перне, еңірелі, жуас перне, жетім перне, мұңлық перне, даңғыл перне, емірелі деген сияқты бірнеше атауға бөлінсе, оның әрбірінің дыбыс шығарғандағы ерекшеліктеріне қарай бұдан басқа да атаулармен аталып кете береді. Ал шертілуіне қарай төкпе күй, шертпе күй болып бөлінсе, жасалуына қарай, үлкен жағынан Абай домбырасы, Жамбыл домбырасы болып бөлінеді. Ал оны ғалымдарымыз ежелгі атауы Алтай домбырасы, Қыпшақ домбырасы деп те жүр. Мейлі, қалай атасақ та бәрібір домбыраның қазақ тарихында алар орны ерекше. Домбыра – біздің қалғымаған рухымыз. Ұлтымыздың аузынан жыр ағылған ақындығы да, арыстанның аузынан асын алған батырлығы да осы домбыраның әуеніне байланған. Оның ежелгі аспап екеніне де күмән келтіре алмаймыз. Өйткені Сақтар дәуіріне шолу жасаған атақты ғалым, грек тарихшысы Геродот өзінің бір жазбасында: «Сақтар хаома атты сусынын ішіп, отты айнала отырып, екі ішекті аспаптарында ойнап ән салады», деп қалдырған. Осыдан-ақ біздің арғы бабаларымыздан жалғасқан үрдістің жарқын үлгісі домбыра екеніне көз жеткізуге болатындай. Біздің бабаларымыз мұңайғанда домбырасын қолына алып, мұңын нотаға айналдырды. Тіпті қазақ қазаның өзін домбырамның ішегі үзілді деген сияқты сөздермен жеткізген. Міне, бұдан осы бір құдіретті аспаптың ел тағдырымен тығыз байланыста жатқанын аңғаруға болатындай. Қазақ қуанса да бірінші болып домбыра әуенімен тербетілді. Сондықтан да шығар, қазақ күйшілері өз алдына бір мектеп болып кетті. Оған Шығыс Қазақстандағы Aлтaй күйшiлiк мектебі, орталықтағы Apқa күйшiлiк мектебі, Жетісу өңіріндегі Жeтicу күйшiлiк мектебі, Сырдария, Арал өңіріндегі Жидeлi Бaйcын күйшiлiк мектебі, өзіміздің аймақтың Қapaтaу күйшiлiк мектебі, батыстағы Opдa күйшiлiк мектебі және Маңғыстау өңірінің күйшілері қалыптастырған Түбeк күйшiлiк мектебін жатқызуға болады. Осы күйшілік мектептерді қайта тірілту қашанда бүгінгі жастардың мойнындағы бір парыз болмақ. Ұлттық домбырамыз ұлықталатын күн – қазақтың әруағы қозатын күн. Ол күні күллі Алаш баласының жүрек қағысы әдеттегіден жылдам соғып, тамырының қаны тасиды. Өйткені бұл біздің рухымыз, ұлттық жігеріміз бен намысымыз. Шапағат ӘБДІР  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар