Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Адамның бір қызығы бала деген...

Адамның бір қызығы бала деген...
ашық дереккөз
Адамның бір қызығы бала деген...
Қазақта неше түрлі тілектер мен жағымды сөздер жетерлік. Соның бәріне біз толықтай мән бере бермейтініміз анық. «Бала-шағаңның қызығын көр» деген алғыс сөзді естігенде мерейіміз өсіп, марқайып қаламыз. Өйткені ұрпақ – ғұмыр жалғасы. Қай халық болмасын, ең алдымен, үмітін ұрпағымен байланыстырады. Бала – әрбір адамның өмірінің жалғасы, келешегі. Қазақ – өте балажан халық. Сол үшін де ұрпақ жалғастығына зор мән береді. Тіршіліктегі бар нәрсе бір-бірімен тығыз байланыста өзара сабақтас келетінін ескере бермейміз. Отбасында өскен ортадағы, бірге араласып жүрген айналадағы адамдардың да жарық дүниені енді танып келе жатқан бүлдіршін санасына, мінез-құлқына ықпалы зор екен. Көргенін айнытпай қайталайтын, әр нәрсеге еліктейтін, көруге, білуге құштар баланың нәзік жанын көбіне ескере береміз бе? Үй ішіндегі ерлі-зайыптылардың керісі, ене мен келіннің, туыстар арасындағы түсінбеушілік, екі кісінің басы қосылса арақ ішу, теледидардан, ұялы телефондардан сұрықсыз, әдепсіз көріністерді қызықтау, оңай жолмен олжа табу сияқты жағдайлардың бәрі көз алдында өтіп жатқан баланың бойында небір жолмен қасиеттердің қалыптасуына әсері тимей ме? Осының бәрін ой сарасынан өткізсек, баланың жақсы немесе жаман адам болып өсуі, ең алдымен, оны тәрбиелейтін ата-анасына, үйдегі басқа да ересек адамдардың іс-әрекетіне, өскен ортасына тікелей байланысты екеніне көзіміз жетеді. «Баланы бастан» демекші, ата-ана әуел баста бала тәрбиесіне өте ыждағаттықпен мән беріп, аса қырағы болмаса, үміті ақтала бермейтіні белгілі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық сөз тегін айтылмаған ғой. Өнегелі шаңырақтан жақсы тәрбие алып өскендер қатарынан жаман адам шықпауы да сондықтан болар. Кейде дұрыс адамдардың балаларынан да ішуге құмар, төбелескіш, ұрлық жасайтын, тағы да басқа жаман әдеттермен әшкереленіп, сотталып жататындары да кездеседі. Сонда «Ойпырмай, бұл қалай? Отбасында көрген өнегесі қайда кетті? Ешнәрседен кем де емес еді, мұндай қылыққа қалай барды?» деген толып жатқан сауалдар туады. Оған жауап іздеп көрсек, біріншіден, жақсы өнегені көре білу, үйрену үшін саналы ой, көреген көз керек. Осы қасиетті сол жақсы ата-ананың өзі кезінде баланың бойына сіңіруді ескермей қалады. Екіншіден, бала деген өте сезімтал халық. Олар ата-ананың әлдеқалай еренсіздігінен, байқаусызда мүлт жіберген, ескерусіз қалдырған сәттерін де пайдалана қояды. Сондай сәттер жиі қайталана берсе, оған еті үйреніп, өз пайдасына іске асыра береді. Сондықтан да баланың титтей де кемшілігін ескерусіз қалдырмай, сол сәтінде қателігін мойындатып, оны енді қайталанбайтындай түсіндіріп отырған жөн. Осы арада бір әріптесімнің басынан өткен жағдайды айтуды жөн санап отырмын. «Студент кезімізде ақша табу үшін біреулердің үйлерінде оқудан бос кезде жалданып жұмыс істейтінбіз. Содан бір күні бір үлкен зәулім үйге барып, тас көмірді қаптарға салатын болдық. Бес жігітпіз. Үй иесі қасымызда біздің жұмысымызды бақылап тұрған. Бір кезде үйінен біз қатарлы баласы шығып, «Әке, маған бес мың беріңізші, достарыммен қыдырып келейін» деген еді, әкесі тез арада сөзге келмей айтқан ақшасын берді. Біз сол ақшаның көлемінде жұмыс істеп жатқанбыз, аң-таңбыз... Содан оншақты жыл өткен, жедел жәрдем стансасында жұмыс атқарып жүргем. Бір күні бір науқас бойынша шақыру түсті, барсақ, сол өзіме таныс зәулім үйден екен. Бір жас жігітке алғашқы көмек көрсеттік. Нашақор болып кетіпті. Қасымыздағы бөлмеде маған таныс әкесі: «Қай жерде жібердім осы қателігімді» деп, басын төмен ұстап, қайғырып отыр екен. Қасына барып жұбатып, әңгімелесе келе, сонау жылдан таныс екенімізді, біз көмір қаптап жатқанда баласына қыдыруға ақша бергенін айтып, одан гөрі баласы біздің атқарған жұмысты істесе ғой, мынандай жағдайға душар болмайтынын айтқанымда әлгі кісі еңсесін әзер көтеріп, ауыр күрсінді...» деген әріптесімнің осы әңгімесінде көп ғибрат, бүгінгі әкелерге ой салатын нағыз мысал жатыр. Біз, сол 50-60-жылдары туғандар, ата-анамыздан, мектептегі ұстаздарымыздан зәре-құтымыз қаша қорқып, олар не айтса да орындаушы едік. Қазір енді ойлап қарасақ, соның бәрі сол кездегі әке-шешеміздің біздің тура жолда жүруіміз үшін қолға алған тәрбиелері екен. Ал қазіргі кезде мектеп мұғалімі балаға бір артық сөз айтып қойсыншы, ертеңіне сол оқушының ата-анасы мектепке келіп, біраз айқай-шу шығаратыны жасырын емес. Бір қариядан «Осы сіз неге немереңізді жаныңыздай жақсы көресіз?» деп сұраған екен. Сонда әлгі кісі «Мен дүниеден өткенде менің балама жақсы қарау үшін» депті. Не деген керемет сөз... «Атадан ұл туса игі, Ата жолын қуса игі. Балаңды жұрт мақтаса, Бәрінен де сол игі» демекші, баланың жақсы ержетіп, әке атына атақ қосқаны үлкен мақтаныш емес пе?.. Бақберді КЕЗЕМБАЕВ, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, ардагер-дәрігер
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар