Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ДӘСТҮРЛІ ДІНИ ТАНЫМ – экстремизмге қойылған қалқан

ДӘСТҮРЛІ ДІНИ ТАНЫМ – экстремизмге қойылған қалқан
ашық дереккөз
ДӘСТҮРЛІ ДІНИ ТАНЫМ – экстремизмге қойылған қалқан
Қазір біз жаңа әлемде өмір сүріп жатқан, Жаңа Қазақстан атымен әлемге танылған тәуелсіз мемлекетпіз. Мың екі жүз жылдан астам уақыттан бері ислам дінін ұстанып, дәстүрлі діни танымы қалыптасқан руханияты жоғары елге айналдық. Әлемде аты бар да заты жоқ, ұлттығы бар да Отаны жоқ адамдар қаншама? Кең-байтақ жерді аманат етіп қалдырған текті бабаларымыздың салған сара жолдары біз үшін үлкен мәртебе әрі абырой. Осы жолдан айнымай жүру болашағымыздың бағдары болып қалмақ. Яғни дәстүрлі діни таным – экстремизмге қалқан. Алла Тағала мейірімін төгіп, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) арқылы жеткізген ізгіліктеріне берік болған баһадүр бабаларымыздың көрегендіктерінің сыры неде? Осы жөнінде сөз қозғасақ. Қасиетті Құранның «Фуссилат» сүресінің 34-35-аяттарында: «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем іспен қайтар. Сонда араларыңда дұшпандық болған біреу ең жақын достай болар. Әрі бұл (игі қасиет) тек сабыр еткендерге ғана беріледі және бұл тек зор несібеге ие болғандарға ғана беріледі». Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы аятты қуаттап, өзінің хадисінде: «Адамдардың ең қайырлысы – адамдарға көбірек пайда әкелгені», деп айтқан. Жоғарыда айтылған аят пен хадиске сай, Түркі қағанатына жататын Орхон-Енисей ескерткіштерінде мынадай жолдар кездеседі: Кедейді бай қылдым, Азды көп қылдым, Тату елге жақсылық қылдым, – делінген. Ғалым Әбу Насыр әл-Фараби өзінің нақыл сөзінде: «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, ол мақсат кездейсоқтық рақат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуында, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруында», депті. Құран аяттары мен өнегелі хадистен сусынданған, түркі әлемінің тарихи тұлғасы Қожа Ахмет Ясауи бабамыз өзінің хикметтер жинағыңда: Құлды көрсем, қызмет қылып құл болсам, Топырақ сипап, жол үстінде жол болсам, Ғашықтардың күйіп, сөнген күлі болсам, Серік болып жер астына түстім міне. Өмір сүр – Мұстафа айтты бауырласып, Үмметтер бірге тұрыңдар қауымдасып. Жақсылар ертең ұшпақ тауын асып, Жамандар сазайын бір тартар достар. Сондай-ақ Жүсіп Баласағұнның атақты «Құтты білік» дастанын сол кездегі Қарахан мемлекетінің билеушісі Табғаш Арслан хан Боғратегіне тарту еткен. Осы дастанда мынадай өлең жолдары айтылған: Екі түрлі достықтың бар себебі, Сол үшін жұрт табысады, сенеді. Бір достық бар Тәңірді алған араға, Болмайды онда қалтарыс та, нала да. Тағы бірі тек пайда үшін достасар, Мұнда адамдық болмас, түбі қоштасар. Достассаңдар тәңірді алып ортаға, Жүгін бөліс, ашуланба, шаршама. Дініне берік болған 27 өлкенің билеушісі аты әлемге әйгілі Әмір Темір өзінің ұстанған қағидаларының бірінде: «Әділеттік және бейтараптық арқылы мұсылмандарға жақсылық таратушы болдым және олардың да жақсылықтарын көрдім. Әлсіздерді залымдардың қолынан құтқардым. Кедейлерді тойғыздым», деген екен. Қазақ хандығы тұсындағы кезеңде де дана халқымыз Алла Елшісінен: «Сіздердің ешбіріңіз өзі үшін қалаған нәрсесін дін бауыры үшін де қаламаса толық иман еткен болмайды», деген. Осы хадисті негізге ала отырып, ұрпақ санасына сіңірген мына ғибратты сөзде: Жан зікірін көп айтсаң ақ боларсың, Сабырлық ақырында шат боларсың, Өзің жетіп, өзгені ойға алмасаң, Қарындас пен қауымға жат боларсың, – деп ағытады. Текті бабаларымыздың бірі Махамбет Өтемісұлы өзінің қанатты сөздерінде: Жақсыменен дос болсаң, Айырылмас күні қос болсаң, Басыңа қиын іс түссе, Алдыңа шығар өбектеп, Жаныңа не керек деп, – деген. Патша үкіметінің қиын-қыстау кезеңінде Шортанбай Қанайұлы діни тәлім-тәрбиелік мәселелерді насихаттау барысында өзінің өлең жолдарында: Құдай деген мүһминнің, Аузынан кетпес тобасы. Иманы бардың белгісі – Тілінен тамар шырасы. Мағлұм-дүр Құдайға Пенденің қылған күнәсі, – дейді. XIX ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі атанған Сүйінбай Аронұлы «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» атты өлеңінде: Жақсы жігіт ел-жұрттың қаласындай, Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай. Жақсыға ешкімнің де шаттығы жоқ, Көреді бәрінде өз баласындай. Жаман парқы жақсымен бірдей емес, Жақсы жігіт елінің ағасындай. Жақсының сөзін әркім пайдаланар, Миуалы алма, өріктің ағашындай, – десе, ал жаман қасиеттер жайында: Жамандар – өтірікші, өсегі көп, Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай. Жалған сөзбен бықсытар ел арасын, Жанбай қалған ағаштың шаласындай. Майлықожа Сұлтанқожаұлы өзінің өлең жолдарында жастарды еңбекті сүюге, өнерлі болуға шақырады: Жігіттің көркі өнері, Жақсылардан шыққан сөз Парасатты ер жігіт Ақылмен іс біледі. Талап, білім, еңбексіз, Қалайша тірлік жеңбексіз?! Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» шумағында: Әуелі аят, хадис – сөздің басы, Қосарлы бәйіт, мысал келді арасы. Қисынмен қызықты болмаса сөз, Неге айтсын Пайғамбар мен оның Алласы, – деп, Жаратушы мен сүйікті Пайғамбарымыздың өсиетін басты негізге ала отырып, ата-бабаларымыз салиқалы нақылдарын халыққа жеткізіп, қисынмен жырлағанын байқаймыз. Жоғарыда айтылған Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінен нәр алған Шәкәрім Құдайбердіұлы да: Адамдық борышың, Халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, Ар сақта, оны біл. Талаптан, білім мен өнер үйрен: Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл, – деп жырлаған екен. Дана халқымыздың табиғаты жақсылыққа құштарлығы оның мақал-мәтелдерінде де көрініс тапқанын байқаймыз. «Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр»; келесі мәтелде: «Қайыр қылсаң, бүтін қыл», десе, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деп жақсы іске шақырып, өнеге еткен. Жоғарыда аталған ақындарымыз, ата-бабаларымыз елінің ертеңін ойлап, Алла Тағаланың аятына сай, сүйікті Хақ елшінің өсиеттерінен сусындап, дәстүрлі қазақ діни танымын қалыптастырып, ізгілікті насихаттап, халқына адал қызмет етуге бағыттап, парасаттылық танытқан. Сөз соңында егеменді еліміздің мың жылдан бері қалыптасқан рухани құндылықтарын дәріптеп, өткен тарихқа қарап болашақты құрып, тәуелсіз мемлекетіміздің дәстүрлі діни танымын жоғары деңгейде насихаттағанда ғана имани иммунитетіміз жаһанданған заманның жалған идеологиясына төтеп беретініне сенемін. Сержан ҚҰЛТАЕВ, дінтанушы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар