АУТИЗМ АУРУ МА, АУЫТҚУШЫЛЫҚ ПА?
Қазіргі таңда елімізде екінің бірінің аузынан еститін сөзіміз – аутизм дерті. Алайда ава терапистердің айтуы бойынша, бұл ешқандай да ауру емес, тек баланың ерекшелігі және даму процесінің бұзылуы. Жалпы бұл мәселені дүниежүзі бойынша ешкім толыққанды зерттеп біткен жоқ. Сол себепті аутизмнің қалай, не үшін, қандай жағдайда пайда болатынын ешкім білмейді. Бірақ бұл қазіргі смартфон мен теледидарға телмірудің әсерінен болатыны жайлы болжам да бар.
Өз өңірімізде де ерекше қажеттілігі бар балалар аз емес. Осы салада 6 жылдық тәжірибесі бар жауапты маман 800-ден аса баланың тілін шығарып, өз көмегін тигізген, «Логопед ана» курсының авторы Эльмира Шыраева аутизм дерті туралы бізбен ой бөліскен еді.
– Аутизм – қазіргі таңда балалар арасында күн санап белең алып бара жатқан өте ауқымды мінез-құлықтық ауытқу түрі. Аутизм – бұл дәрі-дәрмегін ішіп немесе бір арнайы терапия түрінен өтіп, жазылып кететін ауру емес! Аутизм – бұл баланың басқа адаммен өзара әлеуметтік әрекетке, қарым-қатынасқа түсуінің бұзылуы. Яғни адамның, баланың бойында туабітті өмір сүру ерекшелігінің арнайы түрі.
Аутизм бұрыннан ғылымда генетикалық, туабітті пайда болатын психикалық бұзылыс түрі болып саналады. Яғни оның тұқым қуалау арқылы берілетіндігі алға тартылатын. Бірақ қазіргі таңда бұл аталған бұзылыс түрі туғаннан кейін де бала бойында қалыптасып жатқан жағдайлар көбейіп бара жатыр. Одан сақтанудың, алдын алудың қадамдары әлі толық зерттеліп, нақтыланған жоқ. Дегенмен баланы жоспарлаған күннен бастап, жүктілік кезеңінде, босану және баланың алғашқы дамуы барысында ана өзінің және баланың денсаулығына, көңіл күйіне көп мән бергені дұрыс. Жоғарыда атап өткендей, аутизм – ғылымда тұқымқуалаушылықпен берілетін генетикалық бұзылыс екені ғылымда дәлелденген. Яғни пайда болуының нақты себептері жоқ, алайда ғалымдар оны тудыруы ықимал фактор ретінде сәбидің құрсақта жатқанда, босану кезінде түрлі аурулар мен қиындықтарға кезігуін алға тартады. Мысалы, анасының қатты инфекциялық, вирустық аурулармен ауыруы, гипоксия, токсикоз тағы басқа дертке шалдығуынан іштегі баланың жетілуінде ауытқушылық болады.
Бірақ соңғы жылдары аутизмнің көріністері, яғни спектрі жан-жақты болып түрленіп келеді. Тіпті туғаннан даму сатысы өте жақсы жүріп, уақытылы сөйлеп, қалыпты жағдайда дамып келе жатқан балалардың арасында кенеттен осы бұзылыс түріне еніп кетіп жатқан жағдайлар өте көп. Және оған балалардың түрлі гаджеттерге тәуелді болуы, адамдармен коммуникацияны үзіп, көп уақытын смартфон мен теледидар алдында өткізуі себеп болып отыр. Осыған байланысты қазіргі таңда медицина және арнайы педагогика саласында жаңадан «цифрлық аутизм» деген термин қолданысқа енді, – дейді Эльмира Жұбайқызы.
Аутизмнің басты синдромдары – онда коммуникацияның болмауы. Өзгелермен ым-жым, тілдесу арқылы мүлдем қарым-қатынасқа түспейді екен. Атын атаса елең етпеу, шақырса келмеу, эмоция білдірмеу, көзге қарамау, керек нәрсесін қолы жетіп тұрса да өзі алмауы аутизмнің басты белгілерінің бірі.
– Олар ересек адамның қол көмегін пайдалануға бейіл. Ортақ іске араласпайды, бірігіп жасайтын әрекеттерден қашады, сөйлемейді, сөйлеу қарым-қатынасын коммуникация ретінде қолданбайды. Тек өздігінен кейбір сөзді түсініксіз реттілікте қайталап айтып жүреді. Қайталанбалы іс-қимылдар жасап немесе дыбыстар шығарады. Әрдайым жеке қалғанды қалайды.
Сонымен қатар РАС, ЗПР, ЗПРР сияқты психикалық, мінез-құлықтық бұзылыстар да қазіргі таңда қатты белең алып бара жатыр. Оның себебін білу үшін ғалымдар жан-жақты зерттеу жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда экологияның нашарлауы, соған сай тұтынатын тағамдар мен тауардың сапасының төмендігі, жүкті ананың денсаулығының болмауы, мобильдік техникаларды кеңінен қолдану және физикалық тұрғыда ересек адамдарда да, балаларда да қозғалыстың аз болуы осы жайттың көбеюіне себеп болуы мүмкін деп тұжырымдалады, – дейді Э.Шыраева.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халық даналығы. Ең бастысы, отбасында әйелдің жүктілік кезеңінде оның жүйкесінің қалыпты жағдайда болуына, тұмау және басқа да ауруларға шалдықпауына мән бергеніміз жөн. Ал бала дүниеге келгеннен кейін оның телефонға телміріп немесе компьютерде күнұзаққа ойын ойнауына жол бермеуіміз керек. Бұл біздің ұлт ұрпағының саналы, денсаулығы мықты, мемлекеттің тірегі болып өсуі үшін қажет.
Әдемі ОРАЛБЕКОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті
Келесі мақала