Ол – əуесқой шахматшы. Т.Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының жас тұрғыны. Ауылындағы «Алтын сақа» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі. Ақбұлақ орта мектебіндегі әкесі Ниязбек жетекшілік ететін шахмат үйірмесінің қатысушысы. Айару тақта үстіндегі текетіресте республикалық, халықаралық жарыстарда аудан намысын қорғап қоржынға олжа салып жүр. Қаршадай қыз жас та болса ойлы ойын өрнегімен спортсүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленіп келеді. Бұл дарын Айаруға қанмен берілген қасиет десек, еш қателеспейміз. Әкесі Ниязбек бұл ойынды сүйіп ойнайтыны соншалық, Ақбұлақ орта мектебінде шахматтан тегін үйірме ашты. Әрі өзі сол мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі. Атасы Еділ де шахматтың нағыз шебері. Үлкен атасы Мырқажы да шахматты кәсіби ойыншылардан кем ойнамаған. Әрі Мырқажы атасы танымал тілші, аудандық «Құлан таңы» газетінің беделді журналисі болған. Алайда шындап қолға алмаған соң әкесі де, атасы да кәсіби шахматшы деңгейіне көтеріле алмады. Өздері жете алмаған биікті қыздары бағындырсын деген ниетпен Айаруға үлкен үміт артып, талабын шыңдап жүр. Кішкентай шахматшы да әкесі мен атасының сенімін ақтап, жарыстардан оза шауып жүр. Айарудың шахмат әлеміне келуінің өзі бір қызық әңгіме. Әкесі әрі қазіргі бапкері Ниязбек алғашында қызды нақты бір жарыстарға танымал ету мақсатында емес, осы бастан үйрене берсін деген ниетпен дайындайды. Бұл осы жылдың бас кезі болатын. Бір-екі ойыннан соң Айарудың ойынды жылдам үйреніп алғанын, ақылмен, әр жүрісін ойланып шешетінін байқайды. Ойынды тез үйреніп алғаны былай тұрсын, өзінің тәсілі пайда бола бастайды. Қызының қабілетін байқаған соң жерлесі, қазіргі сәтте Алматыда жүрген танымал шахматшы Шапағат Қонысбайды үйіне қонаққа шақырады. «Дайындалып жүргенімізге аз уақыт болды. Сонда да ойыны ерекше. Бір көріп берші» деп қолқа салады. Шапағат та бірауыз сөзге келместен кішкентай қызбен ойнай бастайды. Айарудың ойынын бақылаған шахматшы «Мына қыздан үлкен потенциал көріп тұрмын. Мықтап дайындаса мықты ойыншы шығады» деп жоғары бағасын береді. Тіпті жаттығу үшін Алматыға шақырады. Ойылайша әкесі мен қызы онлайн түрде Шапағат Қонысбайдың шахмат үйірмесінде бір ай жаттығады. Ниязбек сол уақыт аралығында балаларды жаттықтыратын ойын тәсілдерін жақсылап үйреніп, қойындәптеріне түртіп алады. Сол тәсіл бойынша қызы мен балаларын дайындай бастайды. Қаңтар айынан бастап небәрі бір жарым ай ғана жаттыққан Айару наурыз айында үлкен додаға қатысып, бақ сынайды. Наурызда Алматы қаласында шахматтан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті. Қазақстан чемпионаты болғандықтан ұлдар және қыздар арасында өтетіндігі және белгілі. Дәл осы біріншілікте 6, 8, 10, 12, 14, 16 және 18 жасқа дейін 1000-ға жуық қатысушы бақ сынаған екен. Осыдан-ақ бұл чемпионаттың қандай деңгейде өткендігін бағамдай беріңіз енді. Осы жарыста 6 жасқа дейінгі қыздар бәсекесінде Айару Каипова да бақ сынады. Жай бақ сынаған жоқ, әрине. Ол өзі қатысқан категория бойынша чемпион атанды. Бұл аудандық не болмаса облыстық жарыс емес. Білдей бір Қазақстан чемпионаты. Біріншілікте Айару Ниязбекқызы шахматтың рапид деп аталатын, қазақшаласақ, тез ойнау түрі бойынша алтын медаль жеңіп алды. Әкесінің айтуынша, жарысқа қатысушы балаларды бір жыл бұрын алдын ала оқудан, балабақшадан босатып, тек жарысқа дайындаған. Ал Айару бір жарым ай ғана жаттығып, бір жыл дайындалған қатысушыларды басып озды. Маусым айының соңғы күндерінде Айару әкесі Ниязбек Каипов екеуі Қырғыз Республикасына жол тартқан еді. Осы елдің Ыстықкөл қаласында 30 маусым мен 10 шілде күндері Батыс Азия чемпионаты өтті. Оған 10 мемлекеттен 285 шахматшы қатысты. Осы чемпионатта да Айару қыз жарыстың бірнеше түрінен чемпион атанды. Атап айтсақ, жекелей рапидтен I орын, жекелей классикадан I орынға ие болды. Осылайша айырқалпақты қырғыз ағайындардың жерінде еліміздің Әнұранын шырқатқан жас шахматшының туабітті болмысына қайран қалдық. Облыс әкімдігі спорт және денешынықтыру басқармасының парақшаларында жас чемпионды марапаттау сәтіндегі видеолар жарияланды. Айарудың Әнұранымызды шырқаған сәтін көрсеңіз, шіркін! Айтып өткендей, Азия чемпионаты болғандықтан бұл жарысқа қатысушылардың саны өте көп болды. Жерлесіміз алты жасқа дейінгі категорияда бақ сынап, өзінің шеберлігін паш етті. – Біздің көрші елге жарысқа баруымыздың өзі жыр болған. Барардың алдында қаражат таппай әбден сабылдық. Бірнеше мекемелерге бас сұқтық. Бірақ ақша мәселесі шешілмеді. Қатыстырмай-ақ қоюға қызымның талантына обал жасағым келмеді. Ақырында ақша таппай тауымыз шағылып, жарысқа бармаймыз деп отырғанда Алматыдан атасы, менің әкем Еділ хабарласып қалды. Бармаймыз дегенді естіп ол да уайымдады. Сонымен не керек, ертеңіне жолымызға қаражат тауып берді. Барамыз, бармаймыз деп екіойлы болып жүріп бір сәтте жолға шығып кеттік. Әрине, жарыс оңай болмады. Ойынға 15 минут уақыт берілетін рапид түрінің өзі 7 турдан тұрса, күрделі түрі классикада 9 тур болды. Бірақ шахматтың блиц түріне қатыса алмады. Алдағы уақытта дайындалып, блицтен бағымызды сынап көрерміз. Айарудың қарсыластарының өзі оңай шағылатын жаңғақ емес. Бір қарсыласы Қырғыз Республикасының белгілі шахматшысы, ФИДЕ-шебер Нұрлан Шергалиевтің қызы Әмина Шергалиева. Келесіде Ресейден келген мықты жас шахматшы Нина Нишеваға қарсы ойнады. Білесіздер, шахмат – күрделі ойын түрі. Дегенмен Қазақстанда шахматтың даму қарқыны жақсы көрсеткішке ие. Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева секілді мықты шахматшы аруларымыз бар. Өзім де бұл ойынды бала жасымнан ойнап келемін. Қазір мектепте шахмат үйірмесінен дәріс беремін. Қызымның қабілеті ерекше. Сәтін салса, әлі талай биіктен көрінер. Қазірдің өзінде Алматыдан, Қырғыз елінен алтын медаль жеңіп келген қызыммен мақтанамын, – дейді Ниязбек Қайыпов. Жақында ауданның 85 жылдығына орай Ниязбек Еділұлының бастамасымен Ақбұлақ орта мектебінде игі шара өтті. Бұл іс-шараға әйелдер арасындағы ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Орталық Азия елдерінің аймақтық турнирінің жеңімпазы, 2018 жылы әйелдер арасындағы ҚР кубогының жеңімпазы, 2012 жылы Стамбұлда өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қола жүлдегері, Халықаралық гроссмейстер Мадина Дәулетбаева арнайы қонақ ретінде шақырылып, ол өз кезегінде бір мезетте 35 жасөспірім шахматшымен ойын ойнады. Осы кездесуге қатысқан Айару Мадинаға қызыға қарап, әкесіне «Әлем чемпионы деген жақсы ма?» деп сұрайды. Әкесі де «Иә, әлем чемпионы Азия чемпонынан да жоғары» деп жауап береді. Сонда қаршадай қыз «Мен де әлем чемпионы боламын» деп сеніммен айтады. Айарудың өзін әңгімеге тартуға тырысқанымызбен мінезі тұйық, салмақты қызды көп сөйлете алмадық. Кішкентай чемпионның сөздің емес, істің адамы екенін көрдік. Алайда Айару естігіміз келген ең басты сөздерді айтты. «Мен Мадина секілді әлем чемпионы болғым келеді» деді қаршадай қыз. Бәлкім, бұл сөздерді періште аузына салып тұрған болар. Қазірдің өзінде 3-разрядқа ауысқан Айару спорт шеберіне кандидат атануы үшін небәрі 2 және 3-разрядтан өтуі тиіс екен. Одан жоғары атақтар – ФИДЕ-шебер және гроссмейстер. Қолдау мен қажырлы еңбек және жеңіске деген үлкен құлшыныс болса, спорттағы жолы енді, сондай-ақ бірден жеңістен басталған қаршадай чемпион қыз бұл атақтарға да қол жеткізері анық. Көп күттірмей Айару әлем чемпионы атанды деген қуанышты хабарды да сүйіншілейтін болармыз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ