Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АСЫРАУШЫ САЛАСЫ АЛШАҢ БАСҚАН АУДАН

АСЫРАУШЫ САЛАСЫ АЛШАҢ БАСҚАН АУДАН
ашық дереккөз
АСЫРАУШЫ САЛАСЫ АЛШАҢ БАСҚАН АУДАН
Қазақтың болмысы, өмір сүру салты мен әдеп-ғұрпына қатысты ел ішінде аңыз-әпсана жетерлік. Сондай аңыздың біріне сүйенсек, Асанқайғы бабамыз Әулиеата өңірін «Шөбің шүйгін, суың бал, топырағың май екен, қадіріңді егін еккен ел білер» деп жырға қосқан деседі. Расында, табиғаты ерекше, бір-бірімен иық түйістіре жайғасқан Алатау мен Қаратаудың етегінен орын тепкен Жуалы жерінің шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Жамбыл мен Түркістан облыстарының шекара тұсында орналасқан бұл ауданның ауа райы да айрықша бір құбылысқа ие. Қысы қатал, жазы қоңыр салқын, тауға қарай бет алып теріс аққан Теріс өзенінің тылсымы өз алдына бір бөлек әңгіме. Жүзін ел көрмеген хан қызының сұлулық келбетіне тән құпиясындай Жуалы жерінің көркі, Теріс өзенінің теріс аққан жұмбағын шешу талай тарихшылар мен ғалымдардың арманына айналғаны да шындық. Алайда Алланың жаратуына, шеберлігіне шек бар ма? Табиғатына тән Жуалы жерінің халқы да ерекше. Қазаққа болмысы бөлек батыр Бауыржан Момышұлы мен шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртазадай тұлғаларды берген өлкенің топырағы киелі. Сондықтан да былайғы жұрт Жуалыны «батырлар елі» атап кеткен. Табиғатының мінезі қандай болса, халқы да сондай, бейнеткеш әрі шаруашылыққа бейім. Мұндағы қылқұйрықтының қазысын жеп, қымызын ішкен қонақтың таңдайында оның бал татыған дәмі мәңгі қалатыны анық. Аталған ауданда өндірілген сүт және сүт өнімдері мен картобы бұрыннан бренд саналады. Сиыр сүтінен түрлі өнімдерді өндіруші кәсіпорындары бүгінде баршаға белгілі. Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның айтуынша, ауылшаруашылық саласы жылдан-жылға өркендеп келеді. Қай өнім түрі болмасын, түсім мол. Мәселен, егіншаруашылығы бойынша аудан былтыр айтарлықтай табысқа қол жеткізіпті. Биыл да жұртшылық егін егу, қысқы мал азығын дайындау ісіне ерте қамданған. Бұл бағытта тірлік қарқынды жүргізілген. Осы жылдың өнімі үшін жоспарға сәйкес егілетін ауылшаруашылық дақылдары ішінде арпаны 29 200 гектарға, майлы дақылдарды 22 180, көпжылдық шөпті 3 100, картопты 2 710, көкөністі 750, дәндік жүгеріні 350, бақша дақылын 12 және сүрлемдік жүгеріні 1000 гектарға егу көзделіпті. – Аймақта ауылшаруашылық дақылдарын егу жоспардан асыра орындалды. Мәселен, арпаның нақты себілгені 29 230 гектарды құрады. Мақсары 22 195 гектарға, картоп 2 710, дәндік жүгері 352, көкөніс 750, бақша дақылы 10 және көпжылдық шөптер 3 100 гектарға егілді. Мал азығын дайындау барысында да межелі көрсеткішке қол жеткізу ойда бар. 2023-2024 жылдардың мал қыстату науқанына дайындалатын мал азығы – пішен 190 000 тонна, пішендеме – 18 000, сабан – 37 000, сүрлем 20 000 тоннаны құрамақ. Биыл шабуға белгіленген алқаптар барлығы 34 190 гектар болса, оның ішінде көпжылдық шөп – 30 570, табиғи шөптер – 3 020, сүрлемдік жүгері – 600 гектар. Бүгінгі күнге 28 885 гектар шөп орылып, 118 452 тонна пішен және 12 350 тонна пішендеме дайындалды. Науқандық шөп ору жалпы барлық ауылдық округте басталып, жұмыс сәтімен жалғасып жатыр, – дейді Ж.Мұртаза. Жалпы ауылшаруашылық саласында атқарылар жұмыстар қол еңбегінен бөлек, техниканың да күшін қажет ететіні белгілі. Мәселен, егін егу, шөп ору, түсімді тасымалдау, қамбаға жинау секілді толып жатқан қым-қуыт тірлік техниканың күшімен еңсеріледі. Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, жалпы ауданға мал азығын дайындауға 634 шөп оратын трактор, 51 комбайн, 60 шөптайлағыш, 193 тасымалдаушы жүк көлігі және 192 әртүрлі тіркеме жұмылдырылған. Сонымен қатар сүр көтеру және өндеу жұмыстары бойынша 1 274 гектар және бірінші өндеу жұмыстары бойынша 274 гектар толығымен өңделіп, жұмыс жалғасып жатыр екен. Сондай-ақ көктемгі, күзгі дала жұмыстары үшін шаруалар техника күшіне тәуелді болса, ал техникаға жан бітіретін жанармай да тапшылық тудырмауы керек. Биыл бұл ауданға жоспар бойынша 3 055 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініп, оның 2 956 тоннасы жеткізіліп, шаруаларға толығымен таратылып беріліпті. Күзгі дала жұмыстарына, масақты, майлы дәнді дақылдарды ору және күзгі өнім жинау, сонымен қатар күздік бидай егу науқанына қажетті 2 806 тонна дизель отынына тапсырыс берілген екен. Жер-ана төсін еміп, диқаншылық еткен адам үшін ең қажеттісі – мол өнім. Алайда кез келген егіс үшін күтім, жердің құнарлылығы ауадай қажет. Аз шығынмен мол өнім алу үшін жердің де жағдайын жасау – басты парыз. Топырақты құнарландырып, өсімдікті жайқалтуда минералды тыңайтқыштар үлкен рөл атқарады. Бүгінде «ҚазАзот» және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен агроқұрылымдар арасында көктемгі дала жұмыстарына қажетті минералды тыңайтқыштың 3 601 тоннасына келісімшарт жасалыпты. Алынған аммиакты селитра 1320,85 тоннаны құраған. Одан бөлек аммофос – 924,45, тыңайтқыштың басқа түрлері 145 тонна болған. Барлығы 2 390,3 тоннаны құрапты. Сонымен қатар 13 000 тонна фосфогипс ұнтағын алу жоспарланған. Ал берілген өтінім – 17 510 тонна. – Биыл «КТ Жуалы» несие серіктестігі арқылы барлығы 37 шаруа қожалық 403,260 миллион теңгеге өтінім өндіріп, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 15 шаруашылық 140,3 миллион теңге несие алды. Ал былтыр «Кең дала» бағдарламасы бойынша 14 шаруа қожалық 80 350 000 теңгеге өтінім берген еді. Осы жылы 199 жаңа техника алу жоспарланып, оның 12 пайызы орындалды. Бүгінгі күнге 205,675 миллион теңгеге 41 жаңа техника сатып алынды. 12 доңғалақты трактор және 29 ауылшаруашылық техникасының тіркемесін қожалық иелері пайдалануда. Оның ішінде Жетітөбе ауылдық округінің «Құдайберген» шаруа қожалығы мен «Алтын дән» шаруа қожалығы екі-екіден, Боралдай ауылдық округіндегі «Әділет» шаруа қожалығы, Қызыларық ауылдық округіндегі «Надежда» шаруа қожалығы, Қарасаз ауылдық округіндегі «Бақнұр» шаруа қожалығы, Ақсай ауылдық округіндегі «Асылхан» шаруа қожалығы бір-бірден және Жетітөбе ауылдық округіндегі «Жетітөбе-2022» ауылшаруашылық кооперативі 4 доңғалақты трактор алды. Сонымен қатар аудандағы 17 шаруа қожалық жаңа техникалар алу үшін несие серіктестіктеріне құжаттарын тапсыруда, – дейді аудан әкімі. Ауыл халқының негізгі кәсібі егіншілік пен малшаруашылығы болғандықтан жалпы бұл салада атқарылатын жұмыстар қыруар. Шаруашылықтардың жай-күйін бақылап, осы саладағы тірлікті үйлестіретін мекеме – аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімі. Еңбектенуші елдің жоғын жоқтап, барына баға беретін аталған бөлім басшысы Ержан Серкебаевпен де тілдестік. Ол берген мәліметке сүйенсек, осы жылдың 1 мамырына дейінгі ауылшаруашылық өнімінің жалпы шығымы 8 миллиард 572,8 миллион теңгені құрапты. Ал нақты көлем индексі – 100,5 пайыз. Өткен жылмен салыстырғанда меже 101,7 пайызға орындалған. Қазақтың жанына жақын кәсіптің бірі – малшаруашылығы. Өйткені кез келген қазақ атакәсіпті дамытуға келгенде істі үйіріп әкететіні анық. Мал басы бойынша санды сөйлетер болсақ, ауданда 53 508 мүйізді ірі қара бар. Өткен жылмен салыстырғанда осы жылы ірі қара, ұсақ мал және құсқа дейін саны артқан. Қой-ешкі 268 312 басты құраса, жылқы малы 19 056 мыңға көбейген. Ал құстардың саны 115 049 мыңға жеткен. Жалпы ауылшаруашылықты алшаң бастыруда ағын судан проблема туындамауы керек. Ең алдымен, осы тіршілік көзімен қамтамасыз ету бірінші кезекте тұратын мәселе. Осы саланың қай бөлігі болсын су жүйесіне тәуелді. Бұл жөнінде бөлім басшысы атқарылған тірлікті егжей-тегжейлі айтып берді. – «Ақсай» өндірістік бөлімшесіндегі Ақсай суландыру жүйесімен науқандық суғару кезеңіне, барлығы 95 шаруа қожалық келісімшартқа отырған. Бүгінгі күнге «Ақсай» арнасы арқылы шаруа қожалықтарға секундына 800 литр су ағып жатыр. «Көксай» суландыру жүйесі бойынша 61 шаруа қожалық келісімшарт жасасты. Жалпы бұл канал арқылы секундына 1 200 литр су түсуде. «Тихий» каналының суландыратын алқабы – 639 гектар. Бүгінгі күнге 4 шаруа қожалық келісімшартқа отырып, секундына 100 литр су беріліп жатыр, – дейді Ержан Байұзақұлы. Жері жомарт Жуалы ауданындағы ауылшаруашылық саласының аяқ алысы осындай. Десе де қазақ «Балапанды күзде санайды» деп тегін айтпаған. Ендеше аталған тақырып бойынша қара күзде тағы бір қалам тербейтініміз анық.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар