ТАЛАЙДЫ ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРҒАН ТӘСІЛ
Жалпы табиғаты таңғажайып Жуалы ауданының ауылшаруашылық саласында атқарылған тірлік аз емес. Еңбексүйгіш халықтың маңдай терімен өндірілген өнімдері жоғары сапаға ие. Ал бұл өнімдердің басында, ең әуелі, диқандардың тынымсыз әрекеті жатыр. Бүгінге дейін осы шаруашылық саласына өз өмірін арнаған талай еңбек адамы туралы мақала басылым беттерінде жарық көрген болатын.
Бүгінде әлеуметтік желілерде атағы жер жарып жүрген жуалылық Сәулембек Көмекбаев туралы да кеңінен тоқталып өткенді жөн көрдік. Егінге тыңайтқыш себудің заманауи тәсілін ойлап тапқан бұл кісі осы тапқырлығымен талайдың таңдайын қақтырды. Дамыған технологияның мүмкіндігін пайдаланып, дронмен егінге тыңайтқыш себуде. Егін әрі тапталмайды, әрі уақытты үнемдейді, жұмсалатын шығын да аз. Бүгінде сан сала дамып, жұрт озық технологияның жемісін көріп келеді. Ұшқышсыз аппаратқа ел ішінде де сұраныс көп. Осы техниканың тілін меңгерген еңбек адамы халыққа тағы бір ерекше қырынан танылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен Үндеулерінде адал да таза еңбек етіп, өз мамандығының қыры мен сырын өте жоғары деңгейде меңгерген адам ғана еліміздің экономикасын дамытуға өз үлесін қоса алатынын үнемі айтып келеді. Президенттің «Еңбекқорлықты ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деген қанатты сөзі – біздің бұл айтқанымызға айқын дәлел. Қай салада жұмыс істеп, қызмет жасасаң да еңбегіңнің жемісті болуына өзің ғана жауапты болатының айдан анық.
Жуалы ауданының дамуы мен жергілікті тұрғындардың әлеуетін арттыру бағыты ауылшаруашылығымен тікелей байланысты екені белгілі. Ал бұл салада тұрақты еңбек етіп, шаруашылықты дамытумен бірге ауылдың өсіп-өркендеуіне және өңірдің дамуына атсалысып келе жатқан істің көзін таба білетін еңбекқор азаматтар арамызда аз емес.
Ауыл-аймаққа белгілі осындай азаматтың бірі – Сәулембек Көмекбаевты біз Күреңбел ауылына барғанда жолықтырдық. Өткен аптада Сәукеңнің отбасында болғанымызда іскер азаматпен жақынырақ танысудың сәті түсті.
Сәулембек Көмекбаев аталған ауылда туып-өсіп, әлі де осында ауылшаруашылық саласында жемісті еңбек етіп жүр. Әкеден ерте айырылып, қиындықты көп көрген бала Сәулембек есейе келе еті тірі, шаруаға пысық жігіт болып өсті. Ол отбасында ұлдан жалғыз. Әкесі Құрақбай дүниеден озғанда ол небәрі үш жастағы бала болатын. Ауыл еңбегіне қанығып өскен ол мектеп бітіргеннен кейін біршама жыл ауылдық мәдениет үйінде меңгеруші болып жұмыс істеген. Музыканы және жалпы өнерді қадірлейтін азамат 1998 жылға дейін мәдениет саласында еңбек етіп, кейіннен жаңа заманның ағымымен ауылшаруашылық саласына біржолата бет бұрады.
Алғашқыда осындағы «Чапаев» атындағы колхозда түрлі жұмыс істеп, кейіннен қырман меңгерушісі болып еңбек етті. Ауылшаруашылығынан аз ғана хабары болмаса, жалпы егіншаруашылығын жақсы білмейтін талапкер жас сол тұстағы колхоз бастығы, іскер ұйымдастырушы Қуат Асабаевтан бастап, ұжымшардағы басқа да тәжірибелі мамандардан көп нәрсе үйренді.
– Әлі есімде, біздің колхоз ол тұста аудандағы алдыңғы қатарлы ұжымшарлардың бірі саналатын. Колхозда 30 мыңнан аса қой бағылып, 3-4 мың гектарға дейін егістік егілетін. Ұжымшарда агротехникалық шаралардың сақталуына байланысты онда егістіктің әр гектарынан 36 центнерге дейін астық бастырылатын. Кейіннен колхоз тарап, әркім өз алдына жеке-жеке бөлініп кеткеннен кейін мұндай үрдістен мүлдем айырылып қалдық. Колхоз тарады. 2004 жылдары болу керек, мен де ұжымнан жерді бөліп алып, жеке тірлігімді жасауға көштім. Міне, содан бері осы ауылшаруашылық, оның ішінде егістікпен байланысты жұмысты сәтімен жүзеге асырып келемін, – дейді Сәулембек аға.
«Нұран» шаруа қожалығында алғаш құрылған жылдары 20 гектардай ғана егістік жер болатын. Алғашқыда қиын болғанымен кейін іскер азаматтың тірлігіне тәнті болған ауылдың бірқатар шаруасы Сәулембектің жанына топтаса бастады. Тірлік осылай жүріп жатты. Кейін ойлана келе, астық тұқымын тазалауға көңіл бөліп, қазіргі таңда кәсіптің осы түрін ағайындарымен және өзінің екі баласымен бірге жалғастырып келеді.
Ауылдағы ағайынның негізгі тірлігі мал және егіншаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан астық дәнін тазалайтын қондырғыларды шетінен өз қаражатына сатып ала бастады. Қазір сағатына 6-7 тоннаға дейін дән тазалауға мүмкіндігі бар екі қуатты қондырғы ауыл тұрғындарының астығын тазалау бағытында жұмыс істеп тұр. Қондырғылардың мүмкіндігі өте зор. Оның үстіне қондырғыны техникаға тіркеп алып, алыс ауылдарға да қатынап, арпа, бидай және мақсары дәнін тазалауға да болады. Одан бөлек шаруашылықта жоңышқа тұқымын жоғары сапада тазалайтын екі бірдей неміс қондырғысы тағы бар.
Шаруашылық басшысы өз сөзінде тұқым тазалау ісін атқаратын ең басты бағыттың бірі екенін айтады. Сондай-ақ ауыл тұрғындарынан нарықтық бағада астық қабылдайды. Оны тұқымға тазалап, зауыттарға өткерсе, енді бір бағыты – малға жем тарту. Ол үшін тұқым тазалайтын цехта арпа-бидай дәнін майдалайтын «КДУ» деп аталатын қуатты украин қондырғысы орнатылған. Бір сөзбен айтқанда, «Нұран» шаруа қожалығының негізгі бағыты – астық тұқымын тазалап, өңдеумен тікелей байланысты. Биыл 20 гектарға арпа, мақсары дақылын 20 гектарға еккен. Одан бөлек мал азығына деген 18 гектар жоңышқалық бітік шыққан.
Астық түсімін молайту ісінің кенжелеп қалғанын және дәннің сапасын арттыруды алға мақсат етіп қойған шаруашылық жақында егістікті минералды тыңайтқыш арқылы өңдейтін ауылшаруашылық дронын сатып алып, шаруаларға қызмет көрсетіп жүр. Ауылшаруашылығы, оның ішінде егіншаруашылығына ең қажетті бұл шетелдік дронның жалпы құны – 13 миллион теңгені құрайды. Оны шаруа азамат өзінің жеке қаражатына сатып алғанын айтады.
– Мұндай жаңа тәсілмен жұмыс істейтін заманауи дронның ауылшаруашылығына пайдасы туралы таныстарымнан естіп, кейіннен бұл туралы өзім де іздене бастадым. Мұндай қондырғы әзірге Қазақстанның өзінде санаулы ғана. Бұл дронның көмегімен шамамен бір сағат уақытта 20 гектар алқапқа дәрі шашуға болады. Қазір біз ауылдағы шаруалардың арпа, бидай және жоңышқа алқаптарын арнайы препараттармен өңдеп, көмек көрсетіп жатырмыз. Егістік дақылдарына себуге арналған «Биомелиорант» деп аталатын сұйық препарат бар. Ол өзіміздің облыста өндіріледі. Оның құрамында 12 түрлі пайдалы компонент бар. Дронның көмегімен биыл байқалып отырған қуаңшылық кезінде алқаптарды сақтап, сонымен қатар биотыңайтқыштар беру арқылы өнімділікті көбейтсек деген ойдамыз, – дейді С.Көмекбаев.
Фермердің ауылшаруашылық дронын сатып әкелгеніне көп уақыт бола қоймаса да С.Көмекбаев екі ұлының көмегімен аз уақыттың ішінде 500 гектардан астам егістік алқапты арнайы препараттармен өңдеп үлгеріпті. Көршілес ауылдық округтердегі шаруалардан егістіктерді дәрілеп беру жөнінде тапсырыстар көптеп түсіп жатқан сыңайлы. Мұның пайдасына тоқталатын болсақ, егістік алқапқа дәрі бүріккеннен кейін оған егілген қай дақыл болсын, біріншіден, оның сабағы биіктейді, одан кейін басына дән байлау процесі де анағұрлым жоғары болады. Мұның егістік жұмысына пайдасы өте көп деп айтсақ, еш қателеспейміз.
Істің көзін тауып, жаңа заманның тынысын дөп баса білетін еңбекқор азамат жайындағы мақаланың тақырыбын «Талайды таңдай қақтырған тәсіл» деп алып отырғанымыз да жайдан-жай емес. Себебі әкеден ерте қалып, өзін-өзі намыспен қайрап, еңбекпен жетілдірген азаматтың тірлікке келгенде табандылығын көрсеткіміз келді. Шаруашылық жұмысын қолға алу арқылы астықты, оның ішінде егістік егуде маңызды фактор саналатын тұқымды тазалау бағытында оның отбасымен тұрғындарға көрсетіп жатқан қызметі өте маңызды. Сәкеңнің шаруашылықпен қатар, ауылдың дамуына да қосып келе жатқан үлесі орасан зор.
Сәулембек Көмекбаев отбасында асыл жар, ардақты әке. Жұбайы Махаббат Мәлібекова екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, үлкен қыздарынан және үлкен ұлы Ердәулеттен екі немере сүйген. «Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деген сөз бар. Қазіргі таңда бұл үйде жасы сексеннен асқан ақ жаулықты әже бар. Бұл әулеттің үлкені Үрзия апа отбасының ғана емес, ауылдың қадірлісі. Үрзия апа ерінен жастайынан жесір қалғаннан кейін балаларын өзі жеткізіп, оларға өнегелі тәлім-тәрбие беріп қатарға қосты. Ауыл бұрын бір колхозға бірігіп тұрған жылдары қырманда, одан кейін сауыншы, тағы басқа жұмыстар атқарып, кейіннен техникалық қызметкер болып зейнетке шықты. Қазір ұлы мен немерелеріне ақыл-кеңесін беріп, ауыл-аймаққа өнегелі, ұлағатты әже атанып отыр.
Иә, кезінде ұлы ойшыл, хакім Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тағылымы қай заманда да өзінің өзектілігін жоймақ емес. Ал ел үшін, отбасың үшін, туған ауылыңның өсіп-өркендеуі үшін және елің үшін атқарған еңбегіңнің жемісін көру үлкен қуаныш болса керек. Адал еңбек қай қоғамда да өзінің жоғары бағасын алады.
Ал күреңбелдік шаруа азамат Сәулембек Көмекбаевтың салған сара жолы басқалардан ерекшеленіп тұратыны анық. Отбасы мүшелері алдағы уақытта тұқым тазалау ісін одан әрі кеңейтіп, қырман салуды жан-жақты ойластырып жүр.
Келесі мақала
АСЫРАУШЫ САЛАСЫ АЛШАҢ БАСҚАН АУДАН
Ұқсас жаңалықтар
Ауыл шаруашылығы
Қазақстан дәнді дақылдардың экспорттық нарықтарын кеңейтуде
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024
Ауыл шаруашылығы
Рекордтық 580 млрд теңге егіншілерді қолдауға бағытталды
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024