Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

НӘСІБІН КІЛЕМ ТОҚЫП ТАПҚАН КӘСІПКЕР

НӘСІБІН КІЛЕМ ТОҚЫП ТАПҚАН КӘСІПКЕР
ашық дереккөз
НӘСІБІН КІЛЕМ ТОҚЫП ТАПҚАН КӘСІПКЕР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдарда жасаған Жолдауларында шағын және орта бизнес дамымай, ел экономикасын өркендету мүмкін еместігін үнемі айтып келеді. Президент тапсырмасы шеңберінде облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылып, кәсіпкерлік саласы қанатын кеңге жаюда. Мемлекеттік бағдарламалар жамбылдықтардың кәсіп бастап, табыс тайқазанын тасытуына үлкен мүмкіндіктер беруде. Осыдан бірнеше жыл бұрын басталған, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы да шын мәнісінде облыс тұрғындарының табысын арттырып, тұрмысын жақсарта алды. Аз жылда жүздеген, мыңдаған тұрғын жобаның игілігін көріп, іс бастады. Жуалы ауданы, Ақсай ауылдық округінің тұрғыны Диас Рахманқұлов та жарқын жоба арқылы шағын бизнесін дөңгелетіп, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. – Анамыз келін болып түскеннен кейін 1980 жылдардың аяғында тоқыма фабрикасында қарапайым жұмысшы болып істейді. Тоқырау жылдарында фабрика жұмысын тоқтатады. Сөйтіп тоқсаныншы жылдардың басынан бастап қолымызда бар материалдармен үйімізде-ақ кілем тоқи бастадық. 2017 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге грант алып, Түркиядан жіп тоқитын заманауи техникалар, басқа да керек-жарақтарды сатып алдық. Ал өткен жылы «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасымен 2,8 миллион теңге несие алып, Моңғолия мемлекетінен бір тонна жіп алдық. Бір тонна жіп 5-6 жылға дейін жетеді. Қазіргі таңда республика және ТМД елдері бойынша тапсырыстар қабылдап жатырмыз. Кілем тоқудың қыр-сырын әбден меңгерген 6 азаматты жұмыспен қамтыған. Ал бағасына келер болсақ, кілемнің көлеміне қарай есептеп береміз. Бір адамдық, екі адамдық және топтық портретпен жеке-жеке есепке алынады, – дейді кәсіпкер Диас Рахманқұлов. Бүгінге дейін кәсіпкер Дінмұхамед Қонаевтың портретінен бастап, қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының және облыс әкімдері мен түрлі лауазымды тұлғалардың портреттерін салыпты. Айтуынша, бір кілемді тоқып шығару үшін кемінде бес күн уақыт кетеді екен. Негізі сырмақ тоқып, киіз басу өнері атадан балаға мұра болып келе жатқан халқымыздың атакәсібі. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның төрінде тұрған кілемінен, көгінде тұрған Туына дейін бабаларымыздың асыл өнерінің айшықтары сіңген. Кеше қолымен ақ киіз бен сырмақтың түр-түрін басып, тоқыған қазақтың бүгінгі ұрпақтары да баба жолын жалғастырып, ұлттық өнерімізді ұлықтап жүргені көңіл қуантады.

Шапағат ӘБДІР, Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар