Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЕЖЕЛГІ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕ ТАРАЗ ЖАЙЛЫ СЫР КӨП

ЕЖЕЛГІ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕ ТАРАЗ ЖАЙЛЫ СЫР КӨП
ашық дереккөз
ЕЖЕЛГІ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕ ТАРАЗ ЖАЙЛЫ СЫР КӨП
Ортағасырларда Орталық Азияда жүріп өткен саяхатшы, тарихшылар Ұлы Жібек Жолы торабында орналасқан айрықша қалалардың бірі – Тараз қаласына үнемі сипаттама беріп отырған. Тараз тарихы туралы деректер, біздің өткеніміз, шежіре – өскелең ұрпақтың, көпшіліктің танымын кеңейту үшін жасалатын ізденіс екені анық. Әсіресе IX-XII ғасырлардағы араб саяхатшылары қалдырған жазбалардан көп деректер алуға болады. Ал негізінде араб саяхатшыларының жазбалары туралы қазақстандық археологтар А.Н.Бернштам, В.Бартольд зерттеп, баламасын түсіндіріп кеткен болатын. Сонымен қатар К.Байпақов та Бартольдтің еңбектеріне сүйене отырып, қазақ тілінде түсіндірме береді. Жуырда Түркияның Стамбул қаласында қолжазбалар мен сирек кездесетін тарихи кітап қоры жөнінен әлемдегі үш кітапханалардың бірі саналатын, үлкен кешеннің құрамына кіретін атақты Сүлеймен сұлтан мешітінің жанында орналасқан, VIII ғасырдан бері қызмет етіп келе жатқан ежелгі Сүлеймания кітапханасында болдым. VII-XIX ғасырлар аралығында 73000-нан аса қолжазба, 50000-нан аса кітап жинақталған кітапхананы аралап, өзіме қажет дүниелерді іздестірумен айналыстым. Мені кітапханада қызмет сапасының жоғары деңгейде жүйеленгені таңдандырды. Бүкіл материалдардың электронды көшірмелері жасақталған. Қажет деректермен танысып, көне қолжазбаларды алу үшін Түркия білім министрлігіне өтініш бердік. Министрлік күніне жүздеген студент, ғалым, ізденушілердің өтініштерін қарап, бірер күннің ішінде рұқсат береді екен. Біздің де өтінішімізді жылдам қанағаттандырған министрлікке өте риза болдым. Рұқсат алған соң, кітапханада іздестіру жұмысын жүргізіп, біраз қолжазбалардың түрік тіліне аударылған 21 еңбектің көшірмесін жинақтап алдым. Мені қызықтырғаны өңірімізге қатысты тарихи деректер болды. түрік тіліне аударылған нұсқаларында ортағасыр кезінде қазақ жеріндегі елді мекендер мен қалалар туралы дерек көп. Әсіресе ортағасырлық керуен жолдарының бойында, оларға жақын жерде, Ұлы Жібек жолының бойында қарқынды дамып жатқан елді мекендер айтылады. Х ғасырда араб географтарының классикалық мектебі қалыптасып, «Жолдар мен елдер кітабы» («Китаб әл-Массалик уә-л-Мамалик») атты еңбек жарық көрді. Академик В.Бартольд Х ғасырды «Араб географиялық әдебиетінің шарықтаған шағы» деп атады. Қазақстан территориясын зерттеуде араб географтары – Ибн Хордадбех, Макдиси, Ибн Хаукаль, Ибн Рустен, әл-Истахри, әл-Масуди, әл-Идрисидің және басқа да ғұламалардың еңбектерінің маңызы айрықша зор болғандығы айтылады. Ибн Хордадбех жазып-баяндау түріндегі тұңғыш жалпы географиялық шығармалардың авторы болып саналады. Оның еңбегі «Китаб әл-Массалик уә-л-Мамалик» («Жолдар мен елдер») деп аталған. Автор Бағдад шаһарынан солтүстікке қарай Орта Азияға дейінгі және оңтүстікке қарай Үндістанға дейінгі жүрген жолдары жайлы егжей-тегжейлі баяндап жазған екен. Ибн Хордадбех қазақтың географиялық атауларына қарлұқтар мекендейтін жер ретінде Фараб (Отырар) шаһарын әңгіме етеді. Талас алқабын көшіп-қонуға қолайлы, жылы аймақ ретінде атап көрсетеді. Испиджаб (Сайрам) қаласынан Тараз (Талас) қаласына дейінгі жолды егжей-тегжейлі суреттейді. Ибн Хордадбек осы екі шаһардың аралығындағы кейбір қалалар мен елді мекендерді – Шарабты, Будахкетті, Тамтаджды, Арабтаджды, Джувикатты атайды. Талас өзені – Қырғызстан мен Қазақстан жеріндегі өзен, ұзындығы 661 шақырым, су жиналатын алабы 52700 шаршы шақырым. Қазақстандағы бөлігі 453 шақырым. Негізінен Жамбыл облысының Байзақ, Талас, Сарысу аудандары жерімен ағады. Қырғыз Алатауы мен Талас Алатауы мұздықтарынан шығатын Қарақол және Үшқоша өзендері қосылған жерден басталып, Мойынқұмдағы Айдын көліне жетпей құмға сіңіп, тартылып қалады. Ал Талас өзенінің алқабындағы қалалардың аттарын әлдеқайда толығырақ қамтып, олар жөнінде баяндаған Мукаддаси. Мысал ретінде оның Тараз қаласын қалай бейнелеп жазғанын келтірейік: «Тараз – бау-бақшасы көп, даңқы шыққан, бекінісі күшті шаһар. Оның үйлері бірыңғай тәртіппен тығыз салынған, төрт қақпасы бар, жағалай ор қазылған, шаһар маңында халқы көп елді мекен қоныс тепкен, шаһар қақпасының түбінен үлкен өзен ағып жатыр, шаһардың бір бөлігі өзеннің арғы бетінде орналасқан, өзен үстінен жол өтеді, мешіт қан базардың ортасына салынған». Ал осы Тараз қаласын бойлай солтүстік беткейде ағып жатқан Талас өзенінің ортаңғы жағалауында орналасқан көптеген қалашықтар туралы деректер де араб саяхатшыларының қолжазбаларында кездеседі. Бұл қалалардың баламалануы жазба деректер бойынша ежелгі Тараз қаласының төңірегінде Балу, Шігіл (Жікіл), Барсхан (Төменгі Барсхан), Отлұқ (Атлах), Жамукет қалалары деп аталады. Балу. Қамалы бұзылған кішігірім қала. Мешіті және базары бар. А.Н.Бернштам Балуды Бесағаш қаласымен баламалаған болатын, ал К.М.Байпақов болса, жазба деректердегі Балу мен Бесағаш қаласының өмір сүрген уақыты ІХ-ХІІ ғасырларға сәйкес келетінін ескерткен. Жазба деректердің көрсетуіне қарағанда Балу Шігілден сол жақта жарты фарсахта (3 шақырым) жерде орналасқан. Берукет. Әл-Мукаддаси бұл қала туралы былай деп жазған: «Барукет» – үлкен қала. Барукет пен Баладж түркімендерге қарсы шекаралық бекіністер. К.М.Байпақов Барукетті Тамды өзені жағасындағы Тамды қаласымен баламалайды, бұл қала VІ-ХІІ ғасырлар кезінде өмір сүрген. Барух және Иеканкет. Жазба деректе бұл қалалар былайша суреттелген: «Барух» – ескі және үлкен қала. Мешіті және базары ішінде. Иеканкет – үлкен, жемісті және көкөнісі мол қала екендігі айтылады. Бұл екі кала Тараздан шығып солтүстік-батысқа қарай жүрген керуен жолының бойында тұрған ірі қалалар болған. Азахкес пен дех Нуджикес – қамалы үлкен болған бір қала. Қала сыртында базарлары бар. Көктем айларында үш ай бойы ашық тұратын базарлары бар. Л.И.Ремпель Кавакеттің Тараздан солтүстікте орналасқанын ескере отырып, Талас өзенінің төменгі ағысындағы (Тараздан солтүстікте) Шаруашылық (VІ-ХІІІ ғасырлар) және Ынтымақ (Тай төбе) қалаларын Дех Нуджикес пен Адахкет (Адахкес) қалаларымен баламалаған. К.М.Байпақов алғашында Оққұм мен Түймекент қалалары тұрған жерді Кавакет деп есептеп, Оққұм мен Түймекентті Дех Нуджикес пен Адахкет қалаларымен баламалаған, кейінгі зерттеушілердің пікірінше Тараздан солтүстік-батыста 30 шақырым жердегі, Аса өзені өңіріндегі Қаракемер қалалары орналасқан жерді Кавакет деп, осы жердегі ұзын қорғанды Қаракемер-1 және Қаракемер-2 қалаларын Дех Нуджикес пен Адахкет қалаларымен баламалаған. Кейінгі зерттеулерде бұл пікір: біріншіден, Оқкұм мен Түймекент қалалары бір-бірінен 40 шақырым жерде, Талас өзенінің екі жағасында орналасқан қалалар және олардың ортасында (арасында) ондаған ортағасырлық қалалар мен елді мекендер болғандығы, сонымен қатар Қаракемер қалалары Тараздан солтүстік-батыста орналасқан. Деректер бойынша Кавакет Тараздан солтүстікте болуы керек. Жазба деректердегі Кавакет деген жерді Тараздан солтүстіктегі (28-30 шақырым) Қарабақып және Құмбел ескі өзектері аралығындағы алқаппен баламалай отырылып, осы алқаптағы бір-бірімен іргелес жатқан ұзын қорғанды Қара төрткүл (VІІ-ХІҮ ғғ.) және Қоңырбайтөбе (VІII-ХІІІ ғғ) қалаларын Дех Нуджикес пен Адахкет қалаларымен байланыстырады. Шамасы, Тараздан солтүстікке қарай жүрген керуен жолы осы екі қала арқылы өтуі мүмкін. Шігіл (Жікіл) –Жалпактөбе. Әл-Муккаддаси Шігіл туралы былай дейді: «Шігіл Тараздан бір тас лақтырым жердегі шағын қала. Бір қорғаны және үш қамалы бар. Мешіті және базары ішінде орналасқан». Ал Махмұт Қашқари болса Шігіл туралы: «Чиғил түріктердің үш тобының аты» деген. Бұлардың бірі Қуяста тұрған көшпенді бір тобы. Қуяс Барсханнан кейінгі кішігірім аймақ. Екіншісі, «Тараз-Талас» қаласының жанындағы Р қалашықта тұратындар да «Шігіл деп аталады» деп көрсетеді. Яғни ол Тараз маңындағы Чиғил дейтін елді мекен. Бұл топ сол аймақ атымен аталады. Оғыздардың өлкесі де осы жермен бітісіп кеткен. Яғни көрші тұрып кейінгі кезеңдері чиғилдармен қақтығыстар болып тұрған. Осы себепті арасында дұшпандық жалғасып келген. Оғыздар Джейхуннан Қытайға қарай жайылған жерде өмір сүрген. Ол жерде түріктерді чиғил деп айту қате дейді. Үшіншісі – Қашқарда өмір сүрген кейбір ауылдарға да чиғил деген. Барсхан (Төменгі Барсхан) – Төрткүлтөбе. Әл-Мукаддаси Барсхан туралы былай дейді: «Барсхан (Тараздан) шығыста екі адамның дауысы жетер жерде, оны қоршаған қамал бұзылған. Мешіті базардың ортасында орналасқан. Тараздан Төменгі Барсханға дейін 3 фарсах. Төменгі Барсханды Т.Н.Сенигова Тараздан солтүстік-шығыстағы Талас стансасының жанындағы Төрткүлтөбемен баламалаған. Төрткүлтөбе VІІ-ХІІ ғасырлар кезінде өмір сүрген қала екендігін айтады. Жамукат – Қостөбе. Жамукат жайлы жазба деректерде былай делінген: «Жамукет» – үлкен (қала). Оны қамал қоршаған. Мешіті соның (қамалдың) ішінде, ал базарлары қала сыртында. К.Байпақов Жамукет (Хамукат) қаласын Тараздан солтүстік-шығыста, Сарыкемер ауылының жанындағы Талас өзенінің оң жағасында тұрған Қостөбе қаласымен баламалайды. Қостөбе VІ-ХІІ ғасырлар кезінде өмір сүрген қала. Нершахидің айтуына қарағанда Жамукатты VІ ғасырда бұхарлықтар салған, қаланың аты бұхарлықтардың көсемі Жамұқтың атымен аталған деген деректерде көрсетіледі. Утлұқ (Атлах) – Жуантөбе. Утлұқ қаласын әл-Мукаддаси былайша суреттейді: «Утлұқ – үлкен қала, көлемі жағынан бас қалаға (Тараз) жақын орналасқан. Бау-бақша оның үлкен бөлігін алып жатыр. Утлұқты зерттеушілер Жуантөбе қаласымен баламалап жүр. Жуантөбе Талас өңірлеріндегі ең үлкен ұзын қорғанды қалалардың бірі, ол VІ-ХІІ ғасырлар кезінде өмір сүрген. Осы қаладан табылған түрік руникасымен жазылған «Атлах» деген жазуы бар диірмен тастың сынығы зерттеушілердің болжамын растайды. Әл-Мукаддаси жазбасында Шелжі, Күл, Сус, Текабкес, Құлан, Мирки, Урдуфа, Харран, Баласағұн, Бинкес, Устуркес, Бинакес сияқты көптеген қалалар көрсетілген. Зерттеушілер осы тізбедегі Шелжіні – Садырқорғанмен, Күлді – Орловка ауылы жанындағы Ақтөбемен, Сусты – Шалдавар қаласымен, ал Такабкетті Талас қаласы жанындағы Ақтөбе қалаларымен баламалап жүр. Бұл қалалардың бәрі Талас өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан. Қарлығ-Оққұм. Махмуд Қашқари: «Қарлығ – Таразға жақын жердегі қамалдың аты. Оның аты Қарғалықтан шығады». Біз Қарлығты Тараздан солтүстікте 60 шақырым жерде, Талас өзенінің сол жағасында (1 шақырым), Таласқа Қарабақыр өзенінің құяр жеріне жақын орналасқан Оққұм қаласымен баламалаймыз. Оққұм тарихи-топографиялық құрылымы бойынша мықты қамал, ол соңғы зерттеулерге қарағанда XIII-ХІV ғасырларға дейін өмір сүрген қала. Оққұмды зерттеушілер Дех Нуджикеспен баламалайды. Дегенмен Оққұм қаласының төңірегінде Карабақыр (өзен), Қарақұм, Қарғалы сияқты жер-су аттарының сақталуына қарағанда бұл қаланы Махмұт Қашқари суреттеген Карлығ қаласымен баламалайды. 1255 жылы Талас өңірі арқылы жүрген Гетум Кутукчин (Хутухчин), Беркент (Перканд), Сукулкент (Сулхан-Сугулхан), Урусокан, Қойқанд (Кайкан), Кузак (Хузак не Комец), Кендакур (Хендакур), және Сегнак (Сугнах) қалаларын атап өткен. Біз осы аттары аталған қалалардың: Кутукчиннің Майтөбемен, Беркенттің (Перканд) Тамдымен, Сукулкенттің (Сулхан-Сугулган) Саудакентпен, Қойқандтың (Кайкан) Құмкентпен, Урусоканның Шолаққорғанмен, Кузактың (Хузак не Комец) Созақпен және Кендакурдың (Хендахор) Ақсүмбе қалаларымен баламалануы дұрыс, орынды жасалған балама деп есептейміз. Жазба деректерде Талас өңіріндегі Жаңа (Янги) атты төрт қала аталады: «Жаңа бұл төрт қала. Олардың арасы бір фарсах, әр қаланың өз аты бар. Бірі Жаңа, басқасы Жаңа балық, үшіншісі Кенжек, соңғысы Тараз». Зерттеушілер соңғы қаланы (Таласты) Таразбен, Кенжекті Шаруашылықпен, Жаңаны (Жаңа Таласты) Талас қаласы жанындағы Ақтөбемен, ал Жаңа балықты Садырқорған қалаларымен баламалап жүр. Біз Шаруашылықтан Таразға дейін 90 шақырым, Тараздан Садырқорғанға 38-40 шақырым, ал Садырқорғаннан Талас қаласы жанындағы ортағасырлық Ақтөбеге дейін 50 шақырым екенін ескере отырып, Жаңа Талас және Жаңабалық қалаларының Талас өңірінің жоғарғы ағысындағы Садырқорған және таластық Ақтөбе қалаларымен баламаланғанына шек келтіреміз. Шамасы Жаңа Балық пен Жаңа Талас қалаларын Талас өзенінің орта ағысындағы ортағасырлық қалалардың қатарынан іздеген дұрыс болар. Міне, ортағасыр саяхатшыларының қолжазбаларындағы елді мекендердің орналасу ретіне қарай Тараз, Талас аймақтары жайында жазылған сипаттамаларынан көптеген елді мекендер тіршілік етіп, өз кезеңіндегі дамыған аймақтар болғандығын байқауға болады. Келесі жол түскен орын ISAM орталығының үлкен кітапханасы болды. Аты орталық болғанмен, үлкен институттардан кем емес. Кітапхана қорына бір ғана Түркия емес, әлем елдерінде басылып шыққан зерттеу кітаптарын алдырып тұрады екен. Мұнда да қолжазбалар каталогы компьютерге түсірілген, көшірмелерін дайындап бере алады. Сапар барысында еңбекқор, ержүрек, түбі бір бауырлас халықтың жеткен жетістіктерімен біршама танысып, алдағы уақытта да ынтымақ-бірлігіміз арта берсе, сауда-саттық, білім-ғылым және мәдени салаларда тереңірек байланыста болуға, зерттелуді қажет ететін тарихи деректерге қол жеткізуге мол мүмкіндік ала аламыз.

Сәния НАҒАШБЕКОВА, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының ғылыми қызметкері, Тараз – Стамбул – Тараз

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар