ЖАБЫҚҚАНДАРДЫҢ ЖАНЫНА ЖАЛАУ, РУХЫНА АЛАУ БОЛҒАН ОРТАЛЫҚ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау керектігін баса айтты.
«Келесі маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын», дейді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдар онсыз да белгілі нәрсені дәлелдеу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін дереу өзгерту қажет.
Бүгінгі таңда облысымызда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде саладағы талай жылдан бергі қордаланған мәселелерді шешетін нақты жұмыстар атқарылуда. Бір ғана мысал, кейінгі бірнеше жылда Тараз қаласында ғана емес, аудан орталықтарында оңалту және бейімдеу орталықтары ашылып, ерекше жағдайдағы азаматтар мен балаларға барынша қолайлы жағдай жасалуда. 2023 жылдың соңына дейін Тараз қаласында 150 орынға арналған тағы бір мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осылайша 2008 жылы ашылған облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығы жаңа ғимаратқа қоныс аудармақ.
Жуырда Медицина қызметкерлері күні қарсаңында ерекше қамқорлыққа зәру жандардың жанына жылулық, санасына серпіліс сыйлап жүрген орталыққа арнайы барып, мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының директоры Қарлығаш Бибазарованың айтуынша, мекемеде 18 жастан асқан бірінші және екінші топ мүгедектігі бар адамдарға 8 бағытта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
– Мемлекет тарапынан мүгедектерді оңалтуға ерекше көңіл бөлініп, Президенттің тапсырмалары шеңберінде атқарылып жатқан игі істер өте көп. Нәтижесінде саланың кем-кетігі бүтінделіп, жоқ-жітігі түгенделіп, өзекті мәселелері шешімін табуда. Мәселен, қазіргі облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығы 70 орынға арналған. Жылына орталықта 450-500 адамға қызмет көрсетіледі. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ауру түрлері жасарып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 40 мыңнан аса адам инсульттен зардап шегеді. Инсульт сырқатына шалдыққандардың арасында жастар да аз емес. Сондай-ақ жол апатына түсіп немесе басқа да түрлі оқыс жағдайларға ұшырап, мүгедектер арбасына таңылып жатқандар да көп. Яғни оңалту және бейімдеу орталығының қызметін алушылар саны жыл санап өсіп келеді. Сондықтан 70 орын аздық еткендіктен 14-ықшамаудан аумағынан жаңа мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысан 2023 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, –
деген Қарлығаш Жалғасқызы бүгінгі таңда орталықта білімді, тәжірибесі толысқан, қызметіне қалтқысыз берілген 69 маман жұмыс істейтінін жеткізді.
Ал орталықтың аға медбикесі Роза Сабырқұлова бізді күнделікті жұмыс барысымен таныстырды.
– Орталықта емделушілерге барлық жағдай жасалған. Дүйсенбі күні әрқайсысын инватаксимен алып келіп, жұма күні қайтадан үйлеріне жеткізіп саламыз. Күніне төрт мезгіл ыстық тамақ беріледі. Күнделікті жасалатын ем-домнан бөлек мұнда емделушілердің бос уақыттарын тиімді өткізуге де мол мүмкіндік қарастырылған. Атап өтер болсақ, спортзалда денешынықтыру жаттығуларын жасайды. Сондай-ақ шеберханаларда емделушілер қолөнермен де айналысып, аяқкиім жөндеуді, кесте тігуді, бисермен жұмыс істеуді, сурет салуды және тағы да басқа сәндік қолданбалы өнер түрлерін үйреніп шығады. Емделушілердің арасында орталықта қолөнердің қыр-сырын меңгеріп, бүгінгі таңда кәсібін дөңгелетіп отырғандар да көп. Мерекелерге орай мәдени іс-шаралар да тұрақты өткізіліп тұрады.
Жалпы орталықта әрбір емделушіге жеке-жеке көңіл бөліп, ұмытып қалған дағдыларын оятамыз. Мәселен, мүгедек жан үйде жалғыз қалғанда көптеген қиындықтарға тап болады. Сондықтан есік құлыптау, теледидар қосу, киім үтіктеу, телефон қоңырауына жауап беру, компьютерді қолдану, тамақ дайындау, бір сөзбен айтқанда, күнделікті өмірде әрбіріміз істейтін ұсақ-түйек дүниелерге дейін үйретеміз. Мүгедектігі бар адамдарға мемлекет тарапынан берілетін игіліктерді дұрыс игеру, яғни ақпараттық қолдау және тиісті құжаттарды тиімді рәсімдеуге де кеңестер беріледі.
Бір әттеген-айы, облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығын білмейтіндер көп. Бірінші рет келіп тұрғандар «мұндай орталықтың барын бұрын-соңды білмеппіз» деп таңғалып жатады, – деген аға медбике мекемені аралатып, тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Орталықтың іші, бөлмелері мұнтаздай тап-таза, құстың ұясындай жып-жылы екен. Жатын бөлмелерінде де, асханасында да көлденең жатқан бір қыл жоқ. Қай тараптан да ұқыпты қолдың табы анық байқалады.
Екінші қабаттағы шеберханаға бас сұғып едік, бірнеше емделуші шебер Ахмет Алиұлының маңына топтасып, қолөнермен айналысып отыр екен. Он саусағынан өнер тамған Ахмет Алиұлының айтуынша, инсульт алған адамдарға қолөнермен айналысу өте пайдалы көрінеді.
– Шеберханада емделушілерге аяқкиім тігуді, күйдіру техникасын үйретеміз. Орталықта өткен жылдың қазан айынан бері жұмыс істеп келемін. Осы уақытқа дейін көптеген емделушімен жұмыс істеп, алғысын арқаладым десем де болады. Себебі аяқкиім тігуді меңгеріп шығып немесе күйдіру техникасы арқылы сурет салуды үйреніп, табыс тауып жүргендері де баршылық.
Инсульт алған емделушілердің қолы алғашында икемсіз болады. Инені, бізді дұрыс ұстай алмайды. Бірақ уақыт өте келе қолөнермен айналысқанның пайдасын көре бастайды, – дейді Ахмет Амоев.
Ахмет Алиұлымен жылы қоштасып, шеберханадан шыға бергеніміз сол еді, кең дәлізде теледидар көріп отырған әжелерді көзіміз шалып қалды. Қастарына жақындап, сөзге тарттық.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын инсульт алған болатынмын. Содан бері оңалту және бейімдеу орталығының тұрақты емделушісімін. Жыл сайын келемін. Шынымды айтсам, өз үйімізде жүргендей боламыз. Тіпті орталыққа асығып тұрамыз. Жанымызға керектің бәрі бар. Шүкір, тамағымыз тоқ, бөлмеміз таза. Қажетті ем-домымызды үзбей алып тұрамыз. Бос уақытымызды тиімді өткізу мақсатында түрлі үйірмелер де ашылған. Емделушілер қызығушылығына қарай кез келген үйірмеге қатысса болады. Қолөнермен айналысып, ән айтып, спортпен шұғылданып, күніміздің қалай өткенін байқамай қаламыз. Қызметкерлер де әке-шешесіндей мәпелеп, асты-үстімізге түсіп бәйек болады. Сондықтан алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Медицина қызметкерлері күніне орай алғыс арқалаған облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығының қызметкерлерінің жұмысына табыс, дендеріне саулық тілеймін. Біздерге жасаған жақсылықтары еселеніп қайтсын, – дейді емделуші Әтіркүл Шорманова.
Жамал Омарова есімді емделуші де орталық қызметкерлеріне алғысын жаудырып, ризашылығын білдірумен болды.
Шынында да емделушілердің мақтауын келістіріп, алғыс жаудыратындай-ақ бар. Себебі өмірдің түрлі сынағына тап болған жандардың жанына жалау, рухына алау болып жүрген орталық қызметкерлерінің табанды еңбегі мақтауға тұрарлықтай.
Осылайша бірнеше сағат уақытымызды орталықта өткізіп, оңды істерді көзбен көріп, «мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау керек» деген Президент тапсырмасының облысымызда тиянақты орындалып жатқанына тағы бір мәрте қанығып қайттық.
[gallery columns="1" size="full" ids="13599,13600"]