Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАНЫ НӘЗІК,ЖАНЫ НӘЗІК, РУХЫ БИІК ЭЛЬМИРА

ЖАНЫ НӘЗІК,ЖАНЫ НӘЗІК,  РУХЫ БИІК ЭЛЬМИРА
ашық дереккөз
ЖАНЫ НӘЗІК,ЖАНЫ НӘЗІК, РУХЫ БИІК ЭЛЬМИРА
Қазіргі таңда қос иығына погон тағып, ерлермен бірдей ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген нәзікжандылар баршылық. Нардың жүгін арқалап жүрген қыз-келіншектер отбасында үй шаруасымен, жұмыста жауынгерлік міндетін абыроймен атқару арқылы көпке үлгі болып келеді. Солардың бірі – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы штабының офицері, подполковник Эльмира Жұмашова. Жиырма жыл әскери қызметте қалтқысыз қызмет етіп жүрген ол таңдауына еш уақытта өкінген емес. Эльмира Оразбекқызының әскери жолы университетті бітіргеннен кейін бірден басталды. Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі Эльмира тұрмысқа шығып, күйеуі запастағы офицер ретінде әскерге шақырылғанда Шымкент қаласында екі жасар қызы Гүлназбен бірге әскердегі жолдасының жолын күтіп, үйде отырудан үзілді-кесілді бас тартты. Оның сенімі бойынша, ерлі-зайыптылар қандай жағдайда да бірге болуы керек. Жас жұбайлар 1997 жылы Гвардейский гарнизонына жұмысқа тұрды. Күйеуі зениттік дивизияда взвод командирі лауазымына қабылданса, Эльмира еңбек жолын әскери бөлімде қарапайым жұмысшы болып бастады. Тапсырылған жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарайтын жас келіншек осы артықшылығының арқасында көп ұзамай-ақ әскери қызметке шақырылады. Кейіпкерімізге сол кезде құпия бөлімше қызметкері болу міндеті жүктелген екен. – Қазір компьютерлендіру дәуірінде мұндай лауазым жоқ, –деп өткен күндерін күліп еске алады Эльмира. – Бірақ ол кезде мен үшін бұл өте жауапты жұмыс болды, сондықтан өз міндетіме асқан жауапкершілікпен қарап, тапсырманы тиянақты орындауға тырыстым... Әскери бөлім басшылығы жас іс жүргізушінің еңбекқорлығы мен жанкештілігін ескеріп, жарты жылдан кейін Эльмира Жұмашованы жауапты орындаушы қызметіне тағайындады. Бұл оның қызметте өсуінің алғашқы кезеңі еді. Ұзақ уақыт өтпей әскери қызметте жүрген Эльмира Оразбекқызының өмірінде және қызметінде екі бірдей маңызды оқиға орын алады. Олар – офицерлік лейтенант шенінің берілуі және екінші қызы Әйгерімнің дүниеге келуі. Үнемі қызу жұмыстың ортасында жүргенді ұнататын Эльмира үйде бос қарап отыра алмады. Бала күтіміне байланысты демалыстан кейін, яғни 2001 жылы сол кезде жаңадан құрылған Оңтүстік әскери округінің құпия бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Осылайша ол еліміздің берік қалқаны саналатын әскери саладағы қауырт шаруаның бел ортасында жүріп, Тараздағы төрт жылдық қызметтің қалай зымырап өте шыққанын да аңғармай қалды. Әулиеата өңіріндегі қызмет мерзімі аяқталған соң туған өңірі Шымкентке қайта оралды. Туған жерін сағынған отбасы елге деген сағынышын арқалап бара жатқанымен, бір жағынан өздері әбден үйреніп қалған жұмыс орны мен талай қызықты әрі қиын күндерді бірге өткізген достарына деген қимастық сезімі жан дүниесінде арпалысып жатты. Алайда әскери отбасы сол уақытта қызметтік өмір жолы Жамбыл жерінде басталған осы өңірге 13 жылдан кейін қайтып келетінін білді ме екен? Бірнеше жыл сыртта жүрген ұл-қыздарын шымкенттіктер жылы лебізбен қарсы алды. Туған өңіріне қайта келген Эльмира тыңнан құрылған механикаландырылған бригадаға бекітілді. Кейіпкеріміздің өзі бұл уақыттарды қызметіндегі ең жемісті кезеңдердің бірі деп санайды. Осы жылдары әскери бөлімдерде екі тілді бірыңғай игеру саясаты жүргізілді, соған қатысты офицерлер мен келісімшарттағы әскери қызметшілерге мемлекеттік тілді меңгеруге көмектесетін еді. Осынау ұзақ жылдардағы қызмет жолыңда төл әскеріміздегі мемлекеттік тілдің өркендеуіне күш салып, сол арқылы жеке құрамның басты құндылықтарының бірі – тіл мәртебесі мен маңызын терең ұғынып, құрметпен қарауына, кең насихаттауына мол үлесін қосқан тіл жанашыры. Әсіресе құжаттар аудармасымен тығыз айналысып, көптеген қызметтерге көмегі тиген сәттері аз емес. 2007 жылы Шымкентте тұрғанда ерлі-зайыптылардың үшінші баласы – Әлихан дүниеге келді. Эльмира бұл жолы да бала күтіміне байланысты демалыста ұзақ отыра алмай, офицерлік мансабында оны өте маңызды кезең күтіп тұрғанын білгендей-ақ ертерек жұмысына қайта кірісті. Әскери қызметте әбден ысылған, тәжірибе жинақтаған Эльмира қызметтік жолы басталған Таразға қайта келіп, мансабын жемісті жалғастырды. Өзінің іскерлігі, тапқырлығы, қызметін адал атқаруының арқасында командирлердің көзіне түсіп, 2014 жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалады. Бұл лауазымды қызметке уақытының басым бөлігін арнауды, оқу полигондарына баруды, барлық жиналыстарға қатысуды, әскери бөлімге бағыныштылардан бұрын келуді және жұмыс уақытынан соңғы болып кетуді талап етеді. Байқағаныңыздай жүктеме әйелдерге мүлдем сай емес. Қатаң талаптарға қарамастан ол әскери қызметте еркектерден еш кем түспейтінін өмірде дәлелдеді. Ал қарамағындағыларға үлгі болу үшін ол жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығы бойынша, басқа әскери оқу пәндері бойынша өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы қызметте жүргеніне 20 жылға жуықтаған тұста Эльмира Оразбекқызы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы басқармасының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімінің аға офицері атанды. Сонымен қатар майор Жұмашоваға подполковник атағы берілді. Қызмет бабында өзін сауатты офицер, тәжірибелі тәлімгер, білікті ұйымдастырушы, өз ісінің майталманы ретінде танытқан Эльмира Жұмашова ұжымға сыйлы жандардың бірі. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген әдемі мақал осы кейіпкерімізге қарап айтылғандай. Себебі қызметіне шын берілген ол отбасындағы аналық, әйелдік рөлін ешқашан естен шығарған емес. Эльмираның екі қызы да жоғары оқу орындарын қызыл дипломмен бітірген. Эльмира Оразбекқызының бойжеткенге ұқсаған ажарын көріп оның әже атанғанына сенгің келмейді. Үлкен қызынан балдай тәтті екі немере сүйген бақытты отанасы. Кенже қызы да теңін тауып, жақында офицер азаматқа тұрмысқа шықты. Иә, әскери қызмет батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты талап ететін ауыр сала. Дегенмен осы қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада қызмет пен отбасын қатар алып жүрген Эльмира секілді погон таққан бұрымдыларға сүйсіне қарайтынымыз рас.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар