Нәзік иықтағы АУЫР ЖҮК
Жамбыл педагогикалық институтының соңғы курсында оқып жүрген кезім еді. Сол тұста институттың сырттай оқыту факультеті жаңадан ашылған болатын. Біздер, жоғары курс студенттері сырттай оқытатын факультетке оқуға құжат тапсырған талапкерлерді көріп, олардың ішінен өз ауданымыздан келген таныстар болса, қол ұшын беріп көмектесуді өзімізге міндет санайтынбыз. Бірақ көбінесе жерлестерімізді көп кездестіре бермейтінбіз. Жазғы семестр аяқталып қалған уақыт. Сырттай оқытатын факультеттегі курстас таныс студенттерге соға кетейін деп төменгі қабаттағы қабылдау бөлмесіне кірген бетім еді.
Ондағы курстас қыздар: «Сенің ауданыңнан бір ересек қыз келіп, сырттай оқытатын бөлімге құжат тапсырып кетті. Көремін десең, танитын болсаң сыртқа шық, есік алдында тұр. Ұзын бойлы, аққұба сұлу қыз» деп бәрі бірауыздан шу ете қалды. Мен олардың айтқаны рас па екен деп сыртқа шықсам, расында да тіп-тік, үстіне киген киімі, жүріс-тұрысы ерекше, өзіне жарасымды, қызметке ерте араласқан кейіптегі бір жас арудың институттың ауласынан ұзап бара жатқанын көрдім. Біздің институттағы қыздарға көзіміз үйреніп кеткендіктен бе, олар жайлап, мамырлап жүретіндей көрінетін. Ал бұл қыздың жүріс-тұрысы бізге ерекше өмір көріп ысылған, тәжирибелі жастың болмысын елестеткендей еді. Сонымен, жерлес арумен тіл қатыса алмай, артынан қарап қала берген жайымыз бар-ды. Көкейімде «Бұл қыз кім болды екен?» деген сұрақ көлбеңдеп тұрып алды. Кейіннен Сарысу ауданы жастарының жетекшісі Күләш Әбдікешова екенін білдім.
Өмір шіркін қызық қой. Қазіргі Саудакент ауылына көшіп келіп, аудандық Совет атқару комитетіне нұсқаушы болып жұмысқа орналастым. Сонда Күләш Әмедияқызымен жұмыс бабында жиі кездесіп жүрдім. Ол кісінің кабинетіне кірген сайын сол институттың соңғы курсында оқып жүргенде көрген сұлу бейнемен бетпе-бет келудің бір ғанибет екенін сезінесің. Тіпті алдына ренжіп келген адамдардың жігерленіп шығып жатқанын байқап жүрдік. Өзіміз де талай рет сондай күйді бастан кештік. Жұмыс болса жиі барып, тапсырма алуға асығатынбыз. Күлекеңнің ерекше бір қасиеті – қарамағындағы қызметкерге қатты дауыс көтеріп, бейберекет тапсырмалар бермейтін. Қандай қиын шаруа болса да сабырлылық танытып, ақылмен шешетін.
Аудандық Совет атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов өте іскер, принципшіл, аузына келген сөзді іркіп қалмайтын, сөзді, сынды өте дәл, негізді айтатын, даусы зор, айбарлы жан еді. Кейде аппарат жиналысында орынбасарларынан бастап, қатардағы қызметкерлерге дейін кемшіліктерге жол берсе аямайтын. Кейбір кездерде жұмыс болған соң Күләш Әмедияқызының қыз бала екеніне қарамай қатты-қатты сөздер айтып қалатын кездері де болатын. Біздер, ер жігіттер сынды Күлекең қалай қабылдады екен деп кабинетіне кіргенде ол кісінің ештеңе болмағандай жайбарақат отырысына қарап қайран қалатынбыз. Шыны керек, біздер бастықтан бір қатты сөз естісек, жұмыстан босап кетуге арыз жазсақ деп ойлап жүретінбіз. Ал Күлекең болса, ол сыннан ширап, қайта жігерлене түскендей. Жұмысын жаңа деңгейге көтеруге ұмтылғаны байқалып тұратын. Жұмыс бабында қандай да бір пікір қайшылығына бармай, қайта істі үйлесімді, ашық, жатық, түсінікті етіп шешуге тырысатын. Әйел адам бола тұра жұмыс үшін бала-шағасының жағдайын да кейде екінші орынға қойғанын көріп жүрдік. Сонау Сарыарқадағы жаздағы малшылар слетіне барып, қатысып жүретін. Бұл дегеніңіз бір апта уақытты алатын шаруа. Ауданнан шалғай орналасқан төменгі Шу бойындағы «Шығанақ», «Қамқалы», «Сарысу» кеңшарларына тоқсан сайын аудан активін бастап барып, әр түрлі тақырыпта селолық жиындар, семинар-кеңестер өткізіп жүрді. Бұл жұмыстар өз нәтижесін берді. Шаруашылықтарда қылмыс саны азайып, халыққа қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы өзекті тақырыптарды насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізілетін. Күләш Әбдікешова өз қамынан қоғамның, мемлекеттің мүддесін жоғары қоя білген басшы болды. Сол үшін Сарысу елі өз қызын құрметтеді, қадір құтты. Оның ер адамдардың қолынан келе бермейтін ағайындық, туыстық қатынастардағы істерін жұрт жыр қылып айтады.
Күләш Әмедияқызы еңбек жолын 1965 жылы Жамбыл медициналық училищесін бітіргеннен кейін туған жері Байқадамда фельдшерлік-акушерлік пункттің меңгерушісі болудан бастады. Өз қызметімен қатар, жастар арасында белсенді жұмыс атқарып көзге түскен ол 1969 жылы «Байқадам» кеңшарында еңбек ететін жастар комсомол комитетінің хатшысы болып бірауыздан сайланды. Сол жылдары Мәскеуде өткен Бүкілодақтық комсомол съезіне делегат болып қатысады. Көп ұзамай, яғни 1970 жылы Сарысу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Күлекең комсомол жұмысында басшылық қызметте жүргенде қарапайым мінезімен көпшілікке өнеге көрсете білді. Ол жастарға сенім артты. Аудан жастарының мәдениетін көтеруге көңіл бөлді. Жастарды жігерлі болуға тәрбиелеп, адалдық пен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екендігіне баса назар аударып отырды. Осындай ауқымды еңбектерінің нәтижесінде аудандық комсомол ұйымы облыс көлемінде алдыңғы қатардан көріне білді. Аудан, облысқа белгілі азамат, «Қарахан» журналының директоры Сатыбалды Досымбеков Күлекеңнің аудан жастарының жетекшісі болып жүргендегі көп еңбегінің бір қырын былай деп еске алады: «Оқуды бітіріп елге келісімен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Күләш Әмедияқызы аудан орталығында жаңадан құрылып жатқан «Сарыарқа» ансамбліне қатынасуыма ұсыныс жасады. Осы ұсынысты қабыл алып, аудандық мәдениет үйіне келдім. Ол кезде аудандық мәдениет үйі әлі салынбаған, ескі клубтың ғимаратында еді. Ансамбльдің басында жүрген негізгі ұйымдастырушылары: аудандық партия комитетінің хатшысы Жібек Мұстафина, кейін Шабан Базилов, аудандық комсомол комитетінің хатшылары Күлаш Әбдікешова, Рсан Есенбеков, аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Дариябек Оңғарбаев, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Мейрамбек Күздеубаев және осы ансамбльдің тікелей көркемдік жетекшісі әрі режиссері Әлжаппар Әбдіхалықов, сценарисі Дулат Шалқарбаев, дирижері Садыхан Әубәкіров, концертмейстері Бадт Роман, концерт жүргізушісі Жеңісбай Аманбаев, дыбыс операторы Дүкенбай Сәтмаханов, балетмейстері Жар Капесов. Ансамбльдің негізгі құрамын 1971 жылы Шымкенттің мәдени ағарту пединститутын бітіріп, Сәбит Нұркеев ашқан Ықылас Дүкенов атындағы музыка мектебіне мұғалім болып келген өнерпаз жастар құрады. Атап айтқанда: Аманбай Бекназаров (марқұм), Әлсейіт Әлменов (марқұм), Сұлтанбек Жолдасовтар еді, Жамбыл мәдениет ағарту училищесін бітіріп келген түлектер оркестрдің негізгі құрамын құрады. Ансамбльдің жеке орындаушы солистері: Досмахан Ақмолдаев, осы жолдың авторы Сатыбалды Досымбеков, Рая Боранбаева, Әжікен Жаппарова, Пернебай Маңбаев, Серік Жәкішов, Әжікен Нұрова, Айткүл Әпетова, Жандәулет Зетов, Қозы Ерғараев, Жеңіс Тоқталиевтер және басқа да өнерлі көптеген жас ансамбльге өз еңбектерін сіңірді. 8 қыздан құралған бишілер тобы өнер көрсетті. Әлі күнге есімде, бар-жоғы бір айдың ішінде ансамбльді құрып, оның киімдерін, аспаптарын, қажетті жабдықтарын алып, алғаш бірінші концертін 1971 жылдың 4 қыркүйегінде Байқадамдағы жазғы клубта қойдық. Аудан халқы тұңғыш рет вокалды-инструменталдық ансамбльді: электро-соло гитарада Манарбек Ажақаевты, трубада Рашид Қойшыбаевты, контрабаста Рәтбек Сүлейменовты, дауылпазда Аманбай Бекназаровты дуылдата қол соғып қарсы алды. Аз уақыттың ішінде осындай үлкен өнер ұжымын қалыптастырып, оның мазмұнды бағдарламасын дайындау жоғарыда аттары аталған басшылардың еңбегінің арқасы еді. Ансамбльдің тұңғыш концертінің соңында ауданның сол жылы келген басшысы Асан Нұркенов шын жүректен құттықтап, алдағы уақыттарда республика астанасы Алматыға, одан ары Мәскеуде өтетін Бүкілодақтық халықтар жетістігі көрмесіне барып, өнер көрсететінімізді хабарлады. Ол айтқан сөзінде тұрды, ансамбль республика телевизиясынан да, Одақтың телевизиясынан да өнер көрсетіп, лауреат атағын алды».
Күләш Әмедияқызы оқудан, білімін шыңдап отырудан жалықпайтын жан. Ол Жамбыл педагогикалық институтын, Алматы жоғарғы партия мектебін аудан шаруашылығынан қол үзбей жүріп сырттай бітірді. Ізденгіштік, халықпен жұмыс істеу қабілетін көрген аудан басшылығы оны 1973 жылы Халық депутаттары Сарысу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатты. Одан кейінгі жылдары да парасаты толыққан К.Әбдікешова қызметте өсу үстінде болды. Қандай істі де ақыл-оймен, білім-білігімен шешетін, алға қойған мақсатына жетпейінше тыным таппайтын жан 1983- 1991 жылдары аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, екінші хатшысы болып тағы да бір басшылықтың тізгінін ұстады. Осы кезең ішінде өзіне де, өзгелерге де талап қоя білетін басшы ретінде көптеген білікті мамандарды даярлауға зор үлес қосты. Сәуле Балахметова, Тоғай Тұңғатов, Серік Уәлиев, Ильяс Баймағанбетов, тағы да басқа кадрларды тәрбиелеуге зор үлес қосты. Олардың көпшілігі қазір зейнеткерлік жаста.
Күләш Әмедияқызының өмір жолы ауылда басталып, аудан, облыс көлеміне танылғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. 1991-1993 жылдары Сарысу аудандық кеңесінің төрайымы, 1993-1995 жылдары Жамбыл облыстық тіл басқармасының бастығы болып абыроймен қызмет атқарды. Кейіпкеріміздің ғұмыр жолына көз жүгіртсек, қай кезде де еңбек етуден жалықпағанын, өзін үнемі жетілдіру үстінде болғанын аңғарамыз. Осы бір асыл қасиеттерін 1995-2007 жылдары Қазақстан халқы Жамбыл облыстық кіші Ассамблея атқарушы хатшылығының меңгерушісі болғанда да іс жүзінде жалғастыра білді. Ол осы жылдар ішінде облысымыздағы этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді баянды етуге аямай тер төкті. Осы орайда Тараз қаласы және Сарысу ауданының Құрметті ардагері Алдаберді Мақашев 2022 жылғы 12 мамырда облыстық «Ақ жол» газетіне жазған «Өмірі өнеге, еңбегі үлгі» деген мақаласында орамды ой қозғапты. «Кісілік келбеті асқақ асыл қызымыздың ел арасындағы беделі өте жоғары болды. Өткірлігі мен терең білімінің арқасында өмірлік ұстанымына берік, адамдық болмысына адал бола білген Күләш Әмедияқызы 2014-2021 жылдары Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін зор абыроймен атқарды. Міне, қажымас қайрат, ерен еңбектің нәтижесінде 2021 жылы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып бірауыздан сайланды. Күлекеңнің кеңес жұмысын ұйымдастырудағы, басшылық жасаудағы еңбегі ұшан-теңіз. Ардагерлермен жұмыс пен Күлекең егіз сияқты. Олай дейтініміз, Күлекең бүгінде қарттардың-ардагерлердің қамқоршы анасындай», деп жазады автор өз мақаласында.
Ол Тараз қалалық ардагерлер ұйымына төрайым болып сайланғалы жұмысқа жаңа леп әкелгенін баспасөз беттерінен көріп келеміз. Қазіргі таңда қалада 47 мың 500 зейнеткер есепте тұр. Олар 319 бастауыш ұйымға топтастырылған. 11 Ұлы Отан соғысының майдангері мен 1344 тыл еңбеккері бар. Ардагерлер кеңесінің төралқа отырыстары мен пленум мәжілістерінде және бастауыш ұйымдардың жиналыстарында өзекті мәселелер қозғалып, оларда қабылданған шешімдердің орындалуы қатаң бақылауға алынған. Өткен жылы ардагерлер кеңесінде Ардагерлер ұйымының Жарғысына сәйкес 2 рет пленум төралқа отырысы өткен. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған ардагерлер ұйымы түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттауды басты назарда ұстанып келеді. Бұл тұрғыда Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста болып, халықтың бірлігін нығайтып, жастарды достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелеу бағытында түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Этнос өкілдері ардагерлер кеңесі жанындағы тұрақты комиссия мүшелері ретінде белсенділік танытып, ардагерлерден құралған «Әулиеата әуендері» ансамблі құрамында да көпшілікке өз өнерлерін көрсетіп, ілтипатқа бөленуде. Қалада ардагерлерді Жеңіс күні, Қарттар күні, басқа да мерекелерде облыс, қала әкімдері, олардың орынбасарлары, кәсіпорын басшылары тарапынан құттықтау үрдісі қалыптасқан. Өткен жылы тікелей қалалық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен 100 жасқа толған 5 соғыс ардагерінің мерейтойлары атап өтілген. Сонымен қатар мекемелер, кәсіпорындардың, түрлі қайырымдылық қорларының, жеке кәсіпкерлердің демеуімен 5 мыңға жуық қарияға азық-түлік қоржындары, бағалы сыйлықтар табысталған. Ардагерлерді қолдауда қалалық ардагерлердің ұсынысымен денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелерінде жаңаша жұмыс атқару стилі қалыптасқан. Қалалық ардагерлер кеңесінің ұйғаруымен, жергілікті спорт бөлімінің қолдауымен жыл сайын ардагерлер арасында спорттың бірнеше түрінен дәстүрлі спартакиада ұйымдастырылып жүр.
Қазыналы қариялар қашанда қоғамдық ойға қозғау салып, игілікті істердің басы-қасынан табылады. Ардагерлердің ақыл-кеңесінен түзелмейтін кемшілік те некен-саяқ. Осы орайда құрамында 7 ардагері бар билер алқасының да (төрағасы С.Досымбеков) жемісті жұмысы атап өтуге тұрарлық. 2021-2022 жылдар аралығында билер алқасының араласуымен 190, биылғы жылдың 3 айында 87 отбасын татуластыру жөнінде іс қаралып, жанұяларды толық сақтап қалған. Бұдан басқа да қала өмірінің сан салалы әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне де қалалық ардагерлер ұйымы өз үлесін қосып келеді. Күләш Әмедияқызының бастамасымен ардагерлер кеңесінің мүшелері шаһар тұрғындарына үндеу жариялап, онда көпшілікті жасампаз қаламызды абаттандырып, көріктендіруге шақырумен қатар, ардагерлердің өздері де сенбілікке шығып, жұртшылыққа үлгі бола білуде. Қалалық ардагерлер кеңесінде ардагерлердің түрлі киелі орындарға саяхаттауына жағдай жасалынып, оны ұйымдастырып отыру қалыптасқан дәстүрге айналған. Ардагерлер арасынан құрылған «Асыл аналар», «Марычка», «Әулиеата» ансамбльдері өз өнерлерін көрермендердің алдында тұрақты көрсетіп отырады. Айта беретін болсақ, мұндай игілікті істер баршылық.
Іскер ұйымдастырушы, білікті басшы Күләш Әмедияқызы ат жалын тартып мінген күннен бастап өзінің саналы ғұмырын еңбек етуге, абыройлы, табысты жұмыс атқаруға жұмсады. Ел үшін атқарған ерен еңбектің ескерусіз қалуы мүмкін емес. Ол бірнеше рет Сарысу аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. ВЛКСМ-ның XVI съезіне делегат болып, қатысып қайтты. ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, Республика Президентінің Құрмет грамотасымен және көптеген мемлекеттік медальдармен марапатталған. Сарысу ауданының Құрметті азаматы. Бір сөзбен айтқанда, кейіпкеріміз – еңбегі жанған, бақ қонып, қыдыр дарыған қазақтың бақытты қыздарының бірі. Жүрген жері абырой, жеңіске, мәуелі жеміске толы жанның басқалардан өзгешелеп тұратын қасиетінің бірі – кісіні сыйлай да, сыйлата да білетіндігі. Осы жасына дейін қандай қызметтің тізгінін ұстасын, бәрінде тек абыроймен шығуы оның өмірдің, биліктің үлкен мектебінен өткендігі, оны өте шебер, емін-еркін меңгергендігі және қоғамға адал қызмет атқарғандығының арқасы деп білеміз.
Адамды бай қылатын дүние –мүлкі мен ақшасы емес, аппақ пейілі мен адал көңілі, үлгілі еңбегі мен иманды ісі. Осы бағытта ақылды да арлы, қамқор да салиқалы, еңбекқор да қайраткер, қазіргі қоғамның биік шыңына көтерілген Күләш Әмедияқызы өнегелі өмірімен, тұғырлы тұлғасымен, болмыс-бітімімен, ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесімен ардагерлер арасында құрметке бөленген жан. Қарапайымдылығы, көпшілдігі, көңілге түйген асылдығы мен таза ниеті елдің ризашылығына бөлеуде. Әкесінің қанымен, анасының сүтімен келген қасиетіне сай, ол атақ үшін емес, халқы үшін еңбек етіп келеді.
Жуырда көрмегеніме біраз уақыт болған Күлаш Әмедияқызына жүздесіп, сәлемдесейін деп жұмыс орнына бардым. Бөлмесіне кірер алдында баяғы жас кезіндегі жалын атып, жан-жағына шуағын шашып, нұрланып отыратын Күләш Әмедияқызының бейнесі көз алдыма келе қалған-ды. Сол сезімде кабинетке кірдім. Салқынқанды жұмыс істеп отырған ол жылы амандасып, жағдайымды сұрап жатыр. Мен де жүдеулеу жүзіне қарап: «Күлеке, сырқаттанып жүрсіз бе?» деп сұрадым. Нәзік иықтағы көтерер жүк ауыр. «Ер адамдар, сендер үйдің ішкі тірлігіне көп араласа бермейсіңдер ғой. Үй тірлігі өзінше бір әлем. Оның жүгі, жұмыстағы жауапкершілік мынау жасқа келгенде өз іздерін салады ғой» дегендей үндемей қалды. «Шіркін, өмір не деген күрделі, қиын едің. Өз дегеніңді істейді екенсің ғой» деген менің жүрегімде сұрақ тұрды. Иә, Күләш Әмедияқызы қашанда қоғам үшін өзінің білімін, күш-жігерін аянып қалған емес. Осы уақытқа дейін аудан, қала, облыс көлемінде бар жан-тәнімен тыным таппай еңбек етіп келеді. Ол кісінің өнегелі отбасынан өрбіген ұл-қыздары да ел қатарлы өмір сүріп, бақытты ғұмыр кешуде. Міне, ғұмыры ғибратқа толы Күлаш Әмедияқызы Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағына лайық жан деп есептеймін. Менің бұл ұсынысымды халық қалаулылары мен ел ағалары ескерер деген ойдамын.
Майлыбай СМАҒҰЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Келесі мақала