Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балалар демалысты қалай өткізуде?

Балалар демалысты қалай өткізуде?
ашық дереккөз
Балалар демалысты қалай өткізуде?
Жайдары жазға да жеттік. Бұл мезгілді әсіресе жас жеткіншектер асыға күтеді. Кезекті оқу жылы аяқталып, күзге дейін тынығатын балалардың қуанышында шек жоқ. Өткенге көз жүгіртсек, бұрынғы балалардың көбі ауылдағы ата-апаларына баруға құлшынып тұратын. Ала жаздай суға шомылып, үй шаруасына қолғабыс етуді қалап тұратын. Оны өзіміздің ата-аналарымыздың, аға-әпкелеріміздің естеліктерінен де жақсы білеміз. Тіпті «Жазда атамның ауылына, Барып едім қыдырып. Бір қошақан алдымнан, Шықты ойнап, жүгіріп» деп басталатын ән де сол уақыттың қызықты сәттерінің бірін еске түсіргендей. Ал қазіргі қарадомалақтар демалысты қалай өткізіп жүр? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Әйтсе де қазіргі балалардың көбінің үйден шықпайтынын байқап жүрміз. Оған не себеп? Психолог мамандар бәріміздің қолымыздан түспейтін ұялы телефонның балалардың таным-түйсігіне, сана-сезіміне, айналаға деген көзқарасына кері әсерін тигізіп жатқанын айтады. Балалар далада ойнағаннан гөрі, ұялы телефонға жүктелетін мобильді ойындарға көп қызығушылық білдіретіні бәрімізге аян. Сол смартфонның ішіндегі әлемге еніп, онлайн түрде бір-бірімен жарысып, төбелеседі. Бұл да бір қазіргі заманның цифрлық қажеттілігі шығар. Десек те баланың күні бойы телефонға үңілуі оған зияннан басқа пайда әкелмесі анық. Сәбилер жасанды әлеммен әлек болғаннан гөрі, өзі өсіп-өнген ортаны кеңірек танығаны жақсы емес пе? Өзіміз студенттік демалысқа шықсақ, ауылға қайтуға асығамыз. Ауылға барып, мауқымыз басылған соң нағашыларымызға қыдырғымыз келеді. Өсіп-өнген орта деген осы. Әрине , кейде «заман дамып келе жатыр, бірақ заманмен қоса адамдар да өзгеру үстінде» деп өз-өзімізді алдаймыз. Смартфоны жоқ кездерде оқушылар демалыс бастала сала ауылға қарай аңсары ауып, құстай ұшушы еді. Үш ай бойы ата- әжесіне көмектесіп, онда өзі қатарлы ауыл балаларымен неше түрлі ойындар ойнайтын. Кейбірі лагерьге баратын. Қазір сол ата-әженің ауылы мен мектептің лагері балаларды қаншалықты қызықтыра алады? Бұл жөнінде облыс әкімдігі білім басқармасының баспасөз хатшысы Ару Датаевамен тілдестік. – Лагерь-оқушылар үшін керемет демалыс орны. Онда демалушылар жасына қарай бірнеше топқа бөлініп, әр топтың жетекшісі сайланады. Жетекші балалар сол топқа жауапты. Балаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қадағалайды. Таң атысымен барлық демалушыларды оятып, оларға жаттығу жасатады. Әр отрядтың аты, ұраны болады. Күніне 5 рет тамақтандырады. Ойын-сауық та жетерлік, топтар өз арасында жарысады. «Әзіл күні», «Лагерь ханшайымы», «Лагерь ханзадасы», «Спорт күні» деген секілді қызықты байқаулар, тартысты ойындар ұйымдастырылады. Ата- аналардың арасында лагерьдің актуальді болуының тағы бір себебі сауықтандыру орны қаланың сыртындағы таулы аймақтарда орналасқандықтан шығар. Бүгінгі күні облыс бойынша 11 лагерь бар. Биылғы жазғы демалыстың ерекшелігі сол, «Қазақстан халқы» қорының демеушілігімен жоспардан тыс облыстың 1 400 оқу үздігі, түрлі жарыстардың жеңімпаздары қала сыртындағы лагерьлерде сауықтырылатын болады. Сондай-ақ «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Жұлдыз» лагерінде осы мекеменің кәсіподақ есебінен былтыр 7 683 бала демалса, биыл жалпы қала сыртындағы лагерьлерде 1 945 бала тынығуда. Сонымен қатар шілде айында Астана қаласы әкімдігінің ұсынысы бойынша, ата-аналардың қолдауымен 10-14 жас аралығындағы 50 бала бас қалаға 3 күндік саяхатқа шығуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы білім бөлімдеріне бөлініс кестесімен хат жолданды. Облысымыздағы «Көне-Тараз» этномәдени кешені, Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі кесенелері, «Ақыртас» тарихи орны, «Төрткүл» керуен сарайы, «Меркі», «Аспара» қалашықтары секілді тағы басқа тарихи-мәдени орындарды 10 000-нан аса бала аралап көруде,– дейді А.Датаева. Жалпы жазғы сауықтыру лагерьлеріндегі демалыс балаларға қандай әсер сыйлайды? Демалудан бөлек, бала бұл жерде нендей пайдалы іспен айналысады? Осы жөнінде Мұқағали Мақатаев атындағы №14 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәулен Жаппасбаевпен сөйлестік. Мәулен Мұхитұлының айтуынша, оқушылар жазғы уақытта мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерълерде демалады. – Мектеп жанындағы лагерьлер де бастауыш сыныптардың оқушылары мектепішілік үйірмелерге қатысады. Орта буын оқушылар көгеріштендіру жұмыстарына атсалысып, саяхат сабақтарына барады. 10-сынып оқушылары еңбек лагерімен айналысады. Ал қала сыртындағы лагерьге көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан білім алушылар, үздік оқыған, жетістіктері бар оқушылар жіберілді, – дейді М.Жаппасбаев. Балалардың жазғы демалысы биыл осылай өтуде. Байқауымызша, мемлекет тарапынан оқушылардың тынығуы үшін лайықты жағдай жасалған. Ең бастысы жаз мезгілінің қауіпсіз өтіп, жас жеткіншектердің тың серпіліспен мектепке оралуына тілектеспіз. Асыл Бекбергенова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар